Қоржынымызда үш медаль

5

Серік Елеусіз басшылық ететін Асадағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары тәрбиелейтін өрендеріміз бәсі биік бәсекелерде атой салып, аудан атын асқақтатып жүр.
«Түркістан облысы Келес ауданына қарасты Қаратөбе ауылында балалар мен жасөспірімдер арасында бокстан өткен І республикалық біріншілікте жаттықтырушы Сәкен Дайрабаевтың шәкірттері үш медаль иеленіп, мерейімізді өсірді» деп бізге қуанышты хабарды жеткізген мектептің әдіскері Марат Исақовтың сөзінен кейін біз қоржынымыздағы алтын медальдың иегері, 26 келі салмақта жұдырықтасқан Жақсыбек Мырзахметовке, 40 келіде сынға түсіп күміс медаль тағынған гагариндік оқушы Нұрби Тәжібайға, қола медаль алған 42 келі салмақтағы бауыржандық Мирас Құдабайға жолыққанша асыққанбыз.
Көрдік оларды. Сөйлестік. Әсіресе шынашақтай Жақсыбектің жарқын жеңісіне риза болдық. Жаттықтырушының айтуынша, Жақсыбектің боксқа ден қойғанына бір жыл да толмаған. Әйтсе де мектепішілік, аудандық, облыстық жарыстарда жақсы қырынан көрінген ол республикалық додада да алдына жан салмапты. Шәкіртінің болашағынан көп үміт күтетінін де жасырмады.
Жаттықтырушының сөзінен тағы бір түсінгеніміз, чемпионның әкесі Ербол темір жол бойында ауыр рельстерді көтеріп машықтанған қауқарлы жігіт болса, анасы Айсара оқушы кезінде жеңіл атлетика үйірмесіне қатысқан көрінеді.
Мүмкін осы қасиет чемпион Жақсыбек Мырзахметовке әке-шешесінен жұғысты болса керек. Әрине, жаттықтырушы Сәкен Дайрабаевтың еңбегін де ұмытпаған жөн.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
журналист.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.