- Advertisement -

Ақындар шықты айтысқа

72

- Advertisement -

Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ерте көктемде басталған «Ұлы Даланың ән мен жыры, айтыскерлердің жеті қыры» атты ұлттық жоба көпшілікті елең еткізгені белгілі. Ақпараттық қолдаушысы – «Qazaqstan» ұлттық арнасы. Бұл жоба елімізге кеңінен танымал айтыскерлер Балғынбек Имашев пен Айнұр Тұрсынбаеваның айтыс сахнасында жүргеніне 25 жыл толуына орай ұйымдастырылған. Балғынбектің шәкірті, «Алтын домбыраның» иегері Жандарбек Бұлғақов та, Айнұрдың ізбасары Сара Тоқтамысова да осы жобаға қатысып жүр. Қазіргі кезге дейін ұлттық арна екі үлкен түсірілім жасады. Осы мақсатта аталған айтыскерлер еліміздің бірнеше облысын аралап келіп, Таразға да табан тіреді.«Баласағұн» концерт залы бұл күні көрерменге лық толды. Мұны айтыс өнеріне деген құрмет деп түсінген абзал. Кеш Айнұр Тұрсынбаеваның әсерлі арнау жырымен ашылды. 

«Сыпатай, Көшек батырлар жорықта жауын өңгерген,
Соғыста кеше ел қорғап, оралды ерлер орденмен,
Чемпиондар бар Жамбылда, рухына елдің дем берген,
Шерханның асыл мұрасы, алады орын төрлерден,
Осында өсіп жетілдім,
Өлең жыр туып кеудемнен,
Жамбыл жұрты армысың, айналайын сендерден», деп өскен өлкесіне деген сағынышын селдетіп, жанындағы айтыскерлердің де ізгі қасиеттеріне тоқталып өтті. Мұнан соң сахнаға көтерілген «Құрмет» орденінің иегері, «Алтын домбыра» айтысының бас жүлдегері, Алматы облысының Құрметті азаматы Балғынбек Имашевты жұрт ұзақ қол соғып, үлкен ықыласпен қарсы алды. «Жалғасы болған тектінің, әр қазақ – менің көк туым», деп тебіренген Балғынбектің де елге деген құрметі ерекше еді. Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Жандарбек Бұлғақов пен белгілі айтыскер Сара Тоқтамысова да жамбылдық көрерменнің ықылас-құрметіне бөленді. Балғынбектің бірнеше ойнақы әндерге салып айтқан әзіл жырлары да халықтың езуін жиғызбай, күлкіге көміп тастады. Оның қасиетті Рамазан айын қадірлеу, ізгі амалдарға ұмтылу, ата-ананы ардақтау тұрғысындағы тәмсілдерін көрермен ұйып тыңдады.
Мұнан соң Айнұр Тұрсынбаева өзінің сөзіне жазылған «Қыз ұзату» әнін сіңлісі Сара Тоқтамысовамен бірге орындап берді. Сараның орындауындағы «Әже» әні де ақ жаулықты аналардың жүрегін толқытты. Балғынбек пен Жандарбек оқыған имандылық жырларын жиналғандар жылы қабылдады. Ж.Бұлғақовтың қызына арнаған өсиет өлеңі барша арулардың тағдырына алаңдаған жанашырлық секілді әсер қалдырды. Жандарбектің «Ұлтаралық татулықты сақтаймыз деп, ұлтарақ болмау керек намысымыз» деген шумағы рухы биік жұрттың көңілінен шықты.
Бұл күні тараздық көрермен жобада жүрген белгілі айтыскерлерден бөлек, жамбылдық жерлестерінің айтысын тамашалауға мүмкіндік алды. Сахнаға көтерілген таластық Есет Досалы мен байзақтық Әсет Дүйсебаевтың арасындағы сөз сайысын жұрт үлкен ықыласпен тыңдады. Республикалық ән байқауларының лауреаты, түбі жамбылдық Дәулет Болатұлының әндері көпшілікті тәнті етті.
Шара соңында Айнұр Тұрсынбаева бала күнінде өзіне шалқар шабыт сыйлаған жамбылдық көрермендерге шексіз алғысын айта келіп, жанашыр болған ағаларына ізет көрсетіп, айтыстағы ұстазы Айтмұханбет Исақовқа ат мінгізді. Сондай-ақ айтыстардың ұйымдастырушысы Тамара Керімбайқызына сый-сияпат жасады. Кештің соңында көрермен ұзақ қол соғып, өздерінің көзайымына айналған сүйікті айтыскерлеріне деген құрметтерін көрсетті. Өнер кешінен кейін Балғынбек Имашевты аз-кем сөзге тартқан едік.
– Бұл жобаға дайындық ақпан айының аяғынан басталған. Содан бері осы мақсаттың айналасында жүрміз. Бұл төрт айтыскердің Жүрсін Ерман бастаған өзге айтыс жүйріктерінен бөлінуі емес. Керісінше, айтыскерлердің мүмкіндігін кеңінен көрсетіп, халыққа шынайы өнер сыйлау деп түсінсеңіздер болады. Сондай-ақ Рамазан айында жағдайы төмен отбасына қайырымдылық көрсетуді де естен шығарған жоқпыз. Өскемен мен Талдықорған қаласында жағдайы төмен отбасыларға пәтер сыйладық. Өзге өңірлерде мәдениет пен өнерге еңбегі сіңген кісілерге, көмекке мұқтаж жандарға ақшалай қолдау көрсеттік. Енді Сыр елі, жыр елі Қызылордада өнер көрсетеміз. Қай өңірге барсақ та елдің шексіз құрметін көрдік. Бұл қазақтың ғажайып айтыс өнерінің мәңгілік жасай беретінін байқатады, – деді Балғынбек Имашев.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support