Ақтөбе қаласында отбасы бірлігін сақтайтын орталық ашылды
Ақтөбе қаласында отбасы бірлігін сақтайтын орталық ашылды
Осы жобаны жүзеге асыру аясында Ақтөбе қаласы әкімдігінің қолдауымен және қалалық соттың бастамасымен «Отбасын сақтау орталығы» ашылды. “Анаға тағзым» ғимаратындағы жаңа нысан ерлі-зайыптылар арасындағы дауларды реттеуге, отбасылық қатынастарды сауықтыруға, кәмелетке толмаған балалардың мүдделерін қорғауға ықпал етеді. «Бұл орталық мемлекеттік отбасы саясатын дамытуды, қазақ шаңырағындағы құндылықтарды насихаттауды және жараса алмай жүрген ерлі-зайыптыларға психологиялық көмек көрсетуді мақсат етеді. Рухани-адамгершілік тәрбиені түсіндіру де бір міндетіміз. Жаңа мекеме отбасын сақтауға, ең бастысы кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғауға және ата-анасының қасында болуға мүмкіндік туғызады деген ойдамыз», дейді жергілікті әкімдіктің өкілдері. Айта кетейік, былтырғы 4 айда некені бұзу туралы 1 002 талап арыз түсіп, оның 4420-сіне шешім шығарылса, 254 іс татуласуға байланысты тоқтатылған. Ал биылғы осы кезеңде 1 264 талап арыз түсіп, 403-не шешім шығарылыпты. Ал 518 іс ерлі-зайыптылардың тіл табысуымен аяқталған. Бұл деректер отбасын сақтау орталығының жұмысын жандандыру қажеттігін аңғартады.