Жалақы төлеудің жаңа жүйесі
Жалақы төлеудің жаңа жүйесі
Факторлық-балдық шкала еңбек өнімділігін арттырады
Бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 6-қадамында мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақыны нәтиже бойынша төлеуге көшу көзделгені белгілі. Былтыр жалақы берудің жаңа жүйесі алғаш бірқатар өңірлер мен ірі қалаларда пилоттық режімде жүргізілген болатын. Ол «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу қағидаларын басшылыққа ала отырып жүзеге асырылды. Оның ерекшелігі – факторлы балдық шкала бойынша еңбекақы белгілі бір қызметкер емес, мемлекеттік органның мақсаты мен міндетіне қол жеткізу бойынша лауазымның пайдалылығының ескерілуінде. Ол үшін мемлекеттік органдарда бағалау жөнінде комиссиялар құрылып, мемлекеттік қызметшілердің тиімділігін бағалайды. Жалпы жаңа жүйе бойынша жалақы алудың басты талабы мынадай, біріншіден мемлекеттік қызметкерлер жеке жылдық жоспарларды орындауға міндетті. Ескерілетіні – атқарылған жұмыстың нәтижелілігі. Ал мемлекеттік органдарда стратегиялық жоспарлардың қалай орындалғаны, министрлер және әкімдерде мемлекеттік қызмет сапасының арнаулы индикаторларына қалай қол жеткізгені, халықтың өмір сапасы, инвестиция тарту мүмкіндіктері – басты назарда. Үкімет мүшелері үшін интегралдық макроэкономикалық индикаторлар негізгі көрсеткіш саналады. Жаңа жүйеде жалақы төлеу тәртібі Үкіметтің «Мемлекеттiк әкімшілік қызметшiлерге пилоттық режімде еңбекақы төлеудің кейбір мәселелері туралы» 2017 жылғы 29 желтоқсандағы №939 қаулысына сәйкес «Бонустардың мөлшерін есептеу әдістемесі» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 15 наурыздағы №108 бұйрығының негізінде бекітілді. Соған сәйкес, мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша белгіленетін ақшалай төлем – бонус белгіленген. Сөйтіп былтыр Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен оның аумақтық департаменттерінің әкімшілік мемлекеттік қызметкерлерінің жыл бойғы қызметтерін бағалау қорытындысы бойынша бонустар төленді. Бұл туралы аталған агенттіктің аппарат басшысы С.Ахметжанов өңірлермен өткен бейнеконференцияда түсіндіріп берді. С.Ахметжановтың сөзіне сүйенсек, әкімшілік қызметкерге бонус мөлшерін анықтау үшін алдымен мемлекеттік органның бонустық қорын анықтау қажет екен. Оның қаржысы тиісті ереже бойынша сол мемлекеттік органның бірінші басшысы қол қойған мемарандумның қалай орындалғанына қарай бөлінеді. Мәселен, меморандум бойынша көрсеткіштер 80 пайызға орындалған болса, мемлекеттік органға бөлінген қаражаттың 20 пайызы мемлекеттік бюджетке қайтарылады және ол әрбір қызметкерге тиесілі бонус сомасы шегеріледі. Ал құрылымдық бөлімшелерде бонус қоры басшының жеке жұмыс жоспарының орындалуын бағалауға байланысты есептеледі дейді мамандар. Агенттіктің бөлімшелері және оның аумақтық департаменттері құрылымдық бөлімшелері саналады. Сондықтан жұмыс нәтижесі 80 пайызға бағаланса, сол бөлімшенің 20 пайыз бонус қоры ережедегі формулаларға сәйкес басқа бөлімшелерге таратылады екен. Ал егер міндеттемелер 100 пайыз толығымен орындалса, бөлімшеде бонус қоры өз қызметкерлеріне таратылады. Мемлекеттік қызметкердің бонусын арнайы құрылған комиссия оның жеке жұмыс жоспарының орындалуына бағалау арқылы анықтайды. Ал бағаланған пайыз қызметкердің нақты атқарған жұмыс күндерінің санына көбейтіледі. «Егер «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісі есепті кезеңнің бір бөлігінде пилоттық органның бір лауазымында, ал кейін мемлекеттік органның басқа лауазымында жұмыс істесе, онда бонус мөлшері осы лауазымда нақты еңбегі сіңген уақыты ескеріледі. Сонымен қатар пилоттық органның әрбір лауазымында есептелген бонустарының сомасы да анықталып төленетін болады», – дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы. Агенттікте жалпы орта есеппен алғанда әкімшілік қызметкерлерге сомасы 1 және 1,5 миллион теңге мөлшерінде бонус төленді. Ол өз кезегінде, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарта отырып, қызметкерлердің өз жұмысында міндетін адал атқаруға ықпал етері анық.
Ардақ ҮСЕЙІНОВА