Әлеумет

Аянның арманы – ауылды көркейту

Аянның арманы – ауылды көркейту

Бүгінде жоғары оқу орындарын бітірген студенттердің басым көпшілігі қалада қалуды қалайды. Мамандығына сай жұмыс таппаса да. Әйтеуір, қызық қуып, күн өткізгеніне мәз. Мемлекет тарапынан «Дипломмен ауылға» бағдарламасы қабылданғанын, ауылға жұмыс істеуге барған жастарға қамқорлық қарастырылғанын олар білмейді емес, біледі. Тек барғысы келмейді. Ал Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының биылғы түлегі Аян Игенов мұндайлардың қатарынан емес екен. Онымен кездейсоқ танысып қалдық. – Бала күнімнен үлкен кісілердің ақыл-кеңесіне, өсиет-әңгімелеріне құлақ түріп өстім. Сонда ойға түйгенім – еңбек жолын ауылдан, елдің ортасынан бастау керек. Ауыл – алтын бесік, тәрбиенің мөлдір бастауы. Қазақы қалпымыздың қайнар бұлағы, – дейді Аян. Талапты өрен 1991 жылдың 20 желтоқсанында дүние есігін ашыпты. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас. Сарысу ауданының Саудакент ауылында туып өскен ол Жаңатас қаласында білім алған. 4-сыныпта оқып жүргенінде математика пәнінен өткен олимпиадада бас жүлдені иеленген. Кейіннен ата-анасы Тараз қаласына көшіп келіп, ол оқуын Ә. Молдағұлова атындағы №28 орта мектепте жалғастырады. Үлгілі тәртібі, үздік үлгерімімен көзге түсіп, мектепті «Алтын белгіге» бітіреді. «Болар бала жасынан» деген осы. Ол жоғары оқу орнын да «қызыл» дипломға тәмамдап отыр. Кейін білгеніміздей, Аянның атасы Иген Нұрмаханов ауылшаруашылығы саласының білгір маманы болыпты. Ұзақ жылдар бойы Сарысу ауданындағы «Коммунар» кеңшарының директоры қызметін абыроймен атқарған. Өңірдің өсіп өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі ескеріліп, «Сарысу ауданының Құрметті азаматы» атанған. Аянның тегі немерелер арасында алғаш болып атасының есімімен жазылыпты. – «Баласағұн» орталық концерт залында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Күлімхан Тоғызбаеваның қолынан салтанатты түрде диплом алдық. Бұл қуанышты күн ұмытылмайды әрине. Ендігі ойым – атамның жолын қуып, Саудакент ауылындағы мектептердің бірінде еңбек жолымды бастасам деймін. «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласпақ ойым бар. Ең бастысы білімім мен біліктілігімді ауылды көркейтуге бағыттағым келеді, – дейді Аян Игенов.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».