Қоғам

Акция азамат тардың құқықтарын қорғайды

Акция азамат тардың құқықтарын қорғайды

Азаматтарға жақын болу, мәселелерді жедел және сапалы шешу – бұл тәртіп сақшыларының басты ұстанымдарының бірі. Жамбылдық полицейлермен өткізілген «Жолда қабылдау» акциясы дәл осындай мақсатты көздеді, азаматтарға туындаған мәселелерді тездетіп, барынша жылдам және кедергісіз шешуге көмектесті. Бұл күні бұған бірқатар азаматтармен қатар, Тараз қаласының 73 жастағы тұрғыны, зейнеткер көз жеткізді. Ол алты жыл бұрын автокөлігін сенімхат бойынша сатқан. Алайда жол қозғалысы ережелерін бұзғанына қатысты айыппұлдары мен көліктің салықтары әлі күнге дейін қарияның атына келетіні белгілі болды. Өйткені көлік құралының жаңа иесі әлі күнге дейін оны қайта ресімдемеген. Автокөлікті сатып алушыны ақсақал бірнеше мәрте өз бетінше табуға тырысқанымен, сәтсіз аяқталыпты. Облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері акция өткізіліп жатқан орында база арқылы автокөліктің кімге тиесілі екендігін, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдардың бар-жоғын тексеріп, көлік құралының жаңа иесі облыс орталығының 29 жасар тұрғынын анықтады. Аталған азаматты шұғыл түрде тапқан полицейлер онымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ол өзінің барлық айыппұлдарын, алты жыл ішінде төлемеген салықтарын төлеп, автокөлікті өз атына қайта ресімдеді. Қарыздың ауыртпалығынан құтылған зейнеткер өңірде бұдан былай ай сайын өткізілетін осындай акциялардың қажеттілігі мен маңыздылығын айтып, ризашылығын білдірді. Алдыңғы іс-шара сәуір айының ортасында өткен болатын. Ал бұл жолғы науқан 2 күнге созылды. Аймақта 22 орында өткізілген шараға қандай да бір себептермен келе алмаған тұрғындар әлеуметтік желі арқылы қажетті ақпаратты да ала алды. «Жолда қабылдау» акциясы жұмысының бірінші күнінде Тараз қаласының тұрғындарынан 200-ден аса өтініш келіп түсті. Халықты көбінде әкімшілік айыппұлдарды төлеу, жол белгілерін жаңарту, қосымша белгілерді орнату, көлікті тіркеу, ҚР азаматтығын алу, сондай-ақ кәмелетке толмағандармен жұмыс және олардың құжат алу мәселелері толғандыратыны белгілі болды.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.