- Advertisement -

Тараз қаласының жолдары талапқа сай болады

72

- Advertisement -

биыл облыс орталығындағы 75 шақырымды құрайтын 148 көшенің жолы орташа жөндеуден өткізіледі

«Айта айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, жолдың жайы талай айтылып, талай жазылды. Бірақ оның нәтижесі мардымсыз. Ал осы салаға жауапты мамандардан жөн сұрай қалсаңыз, мәселенің барлығын қаржыға әкеліп тіреп қояры анық. Қаржы бөлінбей жатқан жоқ, бөлінуде. Бірақ жауапсыз мердігерлер жұмысына бақылау өз деңгейінде жүргізілмей отырған сыңайлы. Соның салдарынан олардың «жамап-жасқаған» шұқанақтарының асфальт жабыны жылға жетпей ойылып, қар
суымен бірге шайылып кетіп жатыр. Өкінішті-ақ.

Бүгінгі таңда өңір жолдарының жағдайы күрт нашарлап кеткені белгілі.Соның ішінде облыс орталығындағы қала көшелерінің жолдары да сын көтермейтіндей жағдайға жетті. Әрине, бәрі емес. Көбінесе шаһардың шеткі аумақтарында орналасқан көшелерді шұқанақ басып кеткен. «Ауыл-Береке» базарына апарар жолдың жөндеу көрмей келе жатқанына талай жыл болды. Ол көшемен адам түгілі көліктің жүруінің өзі қиямет-қайым. Өткенде арнайы жұмыс тобы мүшелерімен бірге автобусқа мініп, қала жолдарын аралап шыққан Қайрат Досаев та жолаушылардың наразылығын тудырып отырған осынау көше жолына айрықша назар аударған-ды. Малогвардейская көшесінің бойындағы жылу құбырын ауыстырып жатқан мердігерлік ұйым «Құрылыс ТЭД» ЖШС-ның басшысына әбден тозығы жеткен жолды тегістеп беруді табыстаған болатын. Ондағы жылу жүйесі ауыстырылғаннан кейін базарға апарар жолға биыл асфальт төселеді деген үміттеміз. Сондай-ақ Сәтбаев көшесіндегі жолдың да бүгінгі жайы алаңдатарлықтай. Бұл салаға жылда қанша қаржы бөлініп жатса да, жол мәселесі түбегейлі шешімін таппай келеді. Ал шаһардағы көше жолдарына соңғы екі жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмепті. Осы уақыт аралығында қала билігі ағымдық жөндеумен ғана шектеліп, шұқанақтарды бітеуден әрі аса алмаған.
Сондай-ақ жолдардың бүлінуіне монополист компаниялардың да тигізіп отырған әсері жоқ емес. Өйткені олар көбінесе жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істей бермейді. Кейде кеше ғана жөндеу көрген көше бойын тіліп, жолдың қалаған тұсын кесіп өтіп, жол жабындысын қолдан бұзып жатады. Мәселен, өткен жылы қаланың бірқатар көшелеріндегі газ құбыры мен электр желілері жер астымен жүргізілді. Осының салдарынан Байжанов, Казаков, Таивань және Химиктер қалашығы шағын аудандарында асфальт жиектері мүжіліп, жол қиылыстары бүлінді. Ол көшелер әлі күнге қалпына келтірілген жоқ. Ал биыл шағын аудандардағы көше жарығының бағандары ауыстырылып, электр желісі жер астымен жүргізілген тұста, тағы да біраз жол бүлінген болатын. Көктем мезгіліне тұспа-тұс келген осы жұмыстар кезінде қазылған орлар суға толып, жол қозғалысына біраз қиындық келтіргені де есімізде. Қазіргі таңда электр желісі тартылған көше қиылыстарындағы шұқанақтарға асфальт төселіп, жол қозғалысы қалпына келтірілді. Ал бүгінде Д.Қонаев, Әйтеке би көшелерінің оң жақ шетін ала жолдың ені бір метрге жуық асфальт жабыны көше бойлай қиылып алынып тасталыпты. Қазір оның біраз тұсы жабылса, Әйтеке би көшесіндегі қиылған жолдың көк тасы көрініп жатыр.
Жалпы монополиялық компаниялар жұмысын бітірген соң шұқанақтың орнын топырақпен көміп кете беретін «дәстүр» қалыптасқан. Жолды бүлдіргенімен қоймай, оны қайта қалпына келтіру ойларына да кіріп шықпайды-ау. Айтар уәждері біреу ғана – бұл мақсатқа қаржы қаралмаған. Ал жуырда облыстық әкімдікте құқық бұзушылықтардың алдын алу мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті штаб отырысында полиция қызметкерлері жол мәселесін қайта-қайта көтерген-ді. Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков жолдарды қайта-қайта жөндемес үшін алдымен газ бен көше жарықтарының электр желілерін жер астымен тартып алып, бір-ақ жөндеу жүргізу көзделіп отырғандығын жеткізген болатын.
Бүгінде қаланың жылу құбыр желілерін қайта жаңғырту жобалары жүзеге асырылу үстінде. Осы жұмыстардың аясында бірқатар көшелердегі жол қозғалысына шектеу қойылып, жолдың орта тұсы қазылып тасталды. Соның салдарынан Төңкеріс, Телеорталық, Гамалея, Сәтпаев, Асқаров, Қойбақов, Сүлейменов, Ниетқалиев, Қойгелді көшелеріндегі – барлығы 136 көп қабатты тұрғын үй ыстық судан ажыратылды. Ал екінші магистраль бойынша Қойгелді, Абай, Көшеней, Сыпатай батыр, Ниетқалиев көшелері мен Жамбыл даңғылы, төртінші магистраль бойынша Сыпатай батыр, Төле би, Мирзоян, Қазыбек би, Аққошқар әулие, Дулати, Комратов, Д.Қонаев көшелері бойында тұратын тұрғындар да ыстық судан қағылып отыр. «Таразэнергорталық» акционерлік қоғамы тараздықтардың 0,8 пайызы ыстық судан ажыратылғанын айтуда. Ал рамазан айына байланысты 714 көп қабатты тұрғын үй ыстық сумен қамтылған. Дегенмен алдағы уақытта құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтарда ыстық су уақытша өшірілетін болады. Сондай-ақ тапсырыс беруші серіктестік өкілдері қала ішіндегі жылу құбырларын ауыстыру жұмыстарының 1 сәуірден басталып кеткенін, қазіргі таңда мердігерлердің кестеге сәйкес жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеді. Мердігерлер құрылыс жұмыстарын 31 тамызда аяқтауды жоспарлауда. Бұл мақсатқа «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тиісінше қаражат бөлініп, оған 9,3 шақырым жылу желілерін ауыстыру межеленіп отыр екен. Бірінші кезекте бұл тұтынушыларды қысқы кезеңде жылумен үзіліссіз қамтамасыз етуге де септеспек.
Қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосыновтың айтуынша, ендігі жерде көше жолдарын реттеу қолға алынғалы отыр. Соған сәйкес көше жолдарының техникалық жағдайына зерделеу жүргізілген. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сәйкес шаһарда коммуналдық меншікте тіркелген ұзындығы 996 шақырымды құрайтын 576 көше бар болса, жолдардың техникалық түгендеуінен кейін жалпы ұзындығы 1531,09 шақырымды құрайтын 1330 көше анықталып, қалалық «Жол» бағдарламасы бойынша жөндеу кезегіне қойылыпты.
Биыл қаланың 75 шақырымдық 148 көше жолы орташа жөндеумен қамтылмақ. Олардың жобалық-сметалық құжаттары да дайын. Бұл жұмыстарды атқаруға 1,5 миллиард теңге бөлінген. Бұдан басқа да шағын аудандардың шұғыл түрде жөндеуді қажет ететін кіре берістері ретке келтірілмек. Сондай-ақ көше жолдарын ағымдағы жөндеуден өткізу үшін жергілікті бюджеттен 100,0 миллион теңге бөлініп, жалпы 22 000 шаршыметр жол жөндеу жоспарлануда. Бұл іс бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталып, мердігерлермен келісімшарт жасалыпты. Қазіргі таңда мердігерлік ұйымдар ағымдық жөндеу жұмыстарын бастап та кеткен. Бүгінгі күнге дейін 8600 шаршы метрді құрайтын 86 көше жолын ағымдық жөндеуден өткізу көзделсе, оның 36-сында жұмыстар аяқталып отыр екен.
Сонымен қатар қала көшелерінің жол жабындарының техникалық жағдайын анықтау мақсатында түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде шағын аудандардың жолдары да бар. Зерделеу жұмыстарының қорытындысы бойынша жалпықалалық «Жол» бағдарламасы қабылданып, жолдарды жөндеу кезегімен жүргізіле бастайтын болады. Бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар нысандар (мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау) орналасқан және қоғамдық көлік өтетін көшелер тәртіпке келтірілмек. Бюджеттік қаржыландыру мүмкіндігіне байланысты қажетті жұмыстарды алдағы 3-5 жыл көлемінде атқару белгіленген.
Б.Жанбосынов сондай-ақ аталған бағдарлама аясында әлеуметтік маңызы бар нысандарға барар жолдарға қосымша сыртқы жарықтандыру желілерін жүргізу және жаяу жүргіншілер жолдарын салу жоспарланып отырғанын да жеткізді.

Тараз қаласы.

Марат Құлибаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support