Әлеумет

Бейбітшілік бәрінен қымбат

Бейбітшілік бәрінен қымбат

Адамдар арасындағы ынтымақтастық – қоғамды тек игілікті бастамаларға жетелейтінін уақыт дәлелдеген. Талай тарих керуенін басынан өткерген қазақ халқы үшін бейбітшіліктің бағасына құн жоқ. Еуразияның кіндігінен ойып орын алған Қазақстан тыныштықтың символы ретінде кез-келген мемлекетке үлгі бола алады. Қазақтың дархандығы іспеттес кең-жазиралы жерінде қоныс тепкен кез-келген адам жұмақ мекенді еш жатсынбай өмір сүруде. Киелі шаңырақтың астына біріккен 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері этносы мен діни сеніміне қарамастан достық ұғымын берік ұстанымына айналдырған. Бүгінде облыста барлық этностарға тілін, салт-дәстүрін дамытуға, мәдениеті мен дінін ұстануға барынша жағдай жасалып отыр. Бұл фактордың өзі әрбір өзге ұлттың өкіліне Қазақстанды туған Отанындай сезінуге мүмкіндік берері анық. Облыс аумағындағы аудандардың арасында көп ұлттылығымен ерекшеленетін Шу өңірінде патриоттық рух тұрғысынан келсек, кез-келген ұлттың жүрегі қазақ халқымен бірге соғады. Олардың арасында немістер үшін бұл өлке туған жермен тең және тамырын тереңге жайған неміс әулеттерінің әрқайсысы осы аймақпен мәңгіге біте қайнасып кеткен. Ұлттық құндылықтарға, мәдениет пен салт-дәстүрге деген қалыптасқан өзара мығым сыйластық достықты нығайта түсуде. Бүгінде ауданда жұмыс істеп тұрған алты этномәдени орталықтың барлығы бейбітшілікті насихаттау бағытында күш жұмылдыруда. Әр орталықтың құрылу тарихынан бастап қалыптасу жолына дейінгі уақытта атқарған шаруалары сан алуан. Мәселен, облыстық «Wiedergeburt» неміс қоғамдық бірлестігінің негізінде 1989 жылы құрылған неміс этномәдени орталығы күні бүгінге дейін белсенді жетекшілердің басшылығымен үздіксіз жұмыс атқарып келді. Қазіргі кезде Шу қаласында Н.М.Томкивтың жетекшілігімен неміс тілін оқыту курстары жүргізілуде. Неміс жастары өз ана тілімен қоса, мемлекеттік тілді де жетік меңгеруде. Елдегі еркіндік пен тұрақтылық туралы сөз еткенде, ең алдымен осы сындарлы саясатты жүзеге асырушы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еңбегіне тоқталмау мүмкін емес. Қашанда таразы басын тең ұстап, әрбір ұлт пен ұлыстың мәртебесін тең дәрежеде қалыптастырып келе жатқан көреген басшының татулықты ең биік құндылықтар қатарына қосуы – тыныштықтың тұғырын бекем етуге негіз болып отыр. Бейбіт өмірге, келісімге деген үздіксіз ұмтылыс жаратылыстан әрбір адамның түйсігіне бекіген түсінік. Сондықтан, өз санасына қарсы әрекеттенген адам түбінде тығырыққа тірелері анық. Ал, баянды болашақты, ұрпақтар сабақтастығын қалайтындар үшін бірлік пен татулықтан артық ешнәрсе жоқ.

Галина Сауэрминх, Шу аудандық неміс этномәдени орталығының төрайымы.