Әлеумет

Өмірге құштар жан еді

Өмірге құштар жан еді

Айтары жоқ, шыр етіп дүние есігін ашқан тірі жанның о баста Жаратқан ием өлшеп-пішіп берген өмірі бар. Ұзақ па, қысқа ма, бір Аллаға аян. Міне, танымал журналист, жақсы жора-жолдас, сырлас та сыйлас Еділбек Әлиевтің жамбасы жерге тигеніне де жыл толып отыр. Былтыр ем-домын ешбір елдің білгірлері әлі күнге дейін таба алмай келген атың өшкір аурудан көз жұмғанда, өзекті өртеген өкінішті қағазға түсіріп, қайғыға ортақтасқан едік. Марқұммен жиырма жылға жуық тонның ішкі бауындай сырлас-мұңдас, қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінде бірге қызметтес болдық.

Көне шаһарға қоныс аударғанға дейін аты-жөнін арагідік мерзімді баспасөзден білетін онымен жүзбе-жүз танысқаннан кейін жолдастық һәм әріптестік қарым-қатынасымыз тереңдеп, егіз қозыдай жұбымыз жазылмайтындай күйге жеткенімізді де білмей қалыппыз. Бір нәрсе анық – әйтеуір бір-бірімізді іздеп тұратынбыз. Алғаш кеселге ұшырап, облыстық теледидардағы қызметін тастап, жеңілдеу жұмысқа тұрғанын да жақсы білемін. Науқастан айығып, беті бері қарағанда өзінің жан қалауы – газетке қайта оралды. Әттең, он жылға жуық тың жүрген оны ауру тағы айналдырды. Өткен ғасырдың сонау жетпісінші жылдары журналистикаға біржолата бет бұрған Еділбек Әлиев қайсыбір қаламгерлердей жер таңдап, күй кешкен жоқ. Ұлан-байтақ еліміздің тілшілер тапшы-ау деген өңіріне ойланбастан тартып кететін ол тіптен қысы қытымыр Павлодар облысының ең шеткі ауданындағы газетте де біраз жыл жұмыс істеп қайтқаны бар. Салтбас жігіттің журналистикаға деген құлшынысы ерекше екендігі, әсіресе, өз облысымыздың Мойынқұм аудандық газетінде ерекше танылған. Әлемге әйгілі сол кездегі қаракөл қойын өсіретін шаруашылықтардың жетістігі мен кемістігін жан-жақты ашып, жеріне жеткізе жазатын қаламы қарымды Е. Әлиев шопандардың атасы атанған мал өсірудің маманы Жазылбек Қуанышбаев, Шоман Шәріпбаев сынды атақ-даңқы жер жарарлық тұлғалардың озық іс-тәжірибесін газеті арқылы насихаттап, оң баға алғанын өзі айтпаса да әріптесі марқұм Рахан Мөмей жырдай ғып айтып отыратын. Сол аудандық газетте қарапайым әдеби қызметкерден жауапты хатшылыққа дейін көтерілген ізденімпаз жанның Мойынқұм өңірін жатқа білуі, адамдарын түстеп тануы бертінде облыстық радио мен теледидарда, өмірінің соңғы жылдарында шығармашылық қуат-жігермен тер төккен «Ақ жол» газетінде жүргенде мықтап кәдеге асқаны әуе толқынындағы хабар-ошарлары мен теледидар түсірілімдерінде һәм «Ақ жол» газетіндегі терең талдамалы мақалаларынан-ақ айқын аңғарылып тұратын. Облыс орталығы түгілі аталған ауданның қызметкерлері іссапарға аттанудан қашқақтайтын Мыңаралды апта бойы аралап, Ақбақайға ат басын бұрып, проблемалық мақалалар жинаймын деп жүргенде, әлдебір мекенге трактор тіркемесімен әрең жетіп, суықтап қайтқанын жақындары жақсы біледі. Жалпы, журналистиканың қайсыбіреулер ойлағандай, жеңіл-желпі мамандық еместігін, оған екінің бірі төзе бермейтінін осы саладағылардың іші сезеді. Міне, газет тілшілерінің бойынан табылуға тиісті төзімділік пен шығармашылықтың ерен үлгісін Еділбек Әлиев ерекше танытты деуіміздің тағы бір дәлелі – денсаулығы сыр бере бастаған кездің өзінде Талас және Сарысу аудандарына меншікті тілші болып барғаны. Дәл сол жылы Қаратау өңірінде дүлей дауыл тұрып, шатырлардың ұшқаны, ыстық су мен жылу беретін қазандықтардың істен шыққаны жұрт жадында шығар. Апаттың зардабын жою шаралары кезінде Еділбек Әлиев айға жуық сонда жата-жастана жүріп, атқарылған іс-шаралар хақында дер кезінде хабарлар ұйымдастырып, оны электрондық пошта арқылы «Ақ жол» газетіне жолдап тұрды. Ара-арасында Жаңатас қаласына жол тартып, кеншілердің қам-қаракет тірліктері мен проблемалары жөнінде жазуды да естен шығармады ол. Әлбетте, шағын ғана еске алуда Едекеңнің барлық жақсы істерін жіпке тізгендей жеткізу әсте мүмкін емес. Ол – журналистиканың қаранары еді.

Жамбылбек Шоқыбас, журналист.