2019 жылғы I тоқсанның қорытындысы бойынша аймақтағы қаржы нарығының жағдайы туралы
2019 жылғы I тоқсанның қорытындысы бойынша аймақтағы қаржы нарығының жағдайы туралы
Депозит нарығы. 2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Жамбыл облысындағы екінші деңгейдегі банктердің филиалдарындағы (бұдан әрі – Банктер) депозиттердің көлемі 142 608,2 млн. теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,2% немесе 15 216,4 млн. теңгеге көп. Оның ішінде 107 073,4 млн. теңге немесе 75,1% ұлттық валютадағы депозиттер және 35 534,8 млн. теңге немесе 24,9% шетел валютасындағы депозиттер. Депозиттердің салымшылар бойынша құрылымы жеке тұлғалардың депозиттерінің басымдылығымен сипатталады. 2019 жылғы 1 сәуірге жеке тұлғалардың салымдары 130 567,9 млн. теңгені немесе облыстағы жалпы депозиттердің 91,6%-ын құрады. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,5%-ға артқан. Заңды тұлғалардың депозиттері жыл ішінде 29,7%-ға артып, 2019 жылдың I тоқсанының аяғында 12 040,3 млн. теңгені құрады. Республика бойынша жалпы депозиттердің көлемінде облыс депозиттерінің үлесі 1,4% құрады. Ағымдағы жылдың I тоқсанында банктермен жалпы сомасы 210 816,5 млн. теңгеге депозиттер тартылған, бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 98,4% немесе 104 552,9 млн. теңгеге көп. Есепті кезеңде ұлттық валютадағы тартылған депозиттердің көлемі жалпы тартылған депозиттердің үлкен бөлігін құрады – 93,7%, ал шетел валютасында тартылған депозиттердің үлесі 6,3% құрады. 2019 жылғы 1 сәуірге депозиттердің жалпы көлеміндегі ұзақ мерзімді салымдардың үлесі 40,0%-ды (немесе 56 988,0 млн. теңгені) және қысқа мерзімділер – 59,4%-ды (84 702,4 млн. теңгені) құраса, ал қалған 0,6%-ын (917,8 млн. теңге) шартты және талап етілген депозиттер құрайды. Мерзімі 1 жылдан 5 жылға дейінгі ұзақ мерзімді депозиттердің көлемі 2019 жылғы 1 сәуірге 43 792,1 млн. теңгені құрады, бұл ұзақ мерзімді салымдардың 76,8%-ын құрайды, мерзімі 5 жылдан жоғары салымдардың көрсеткіштері – 13 195,9 млн. теңге немесе 23,2%-ды құрайды. Қысқа мерзімді салымдардың құрылымында мерзімі 3 айдан 1 жылға дейінгі депозиттер айтарлықтай үлесті құрайды. Мұндай салымдарға қысқа мерзімді депозиттердің 94,8%-ы (80 274,6 млн. теңге) тиесілі. Мерзімі 1 айға дейін және 1 айдан 3 айға дейінгі депозиттердің үлесі қысқа мерзімді депозиттердің жалпы көлемінің сәйкесінше 4,7%-ын (3 993,7 млн. теңге) және 0,5%-ын (434,0 млн. теңге) құрайды. Несие нарығы. 2019 жылдың I тоқсанында банктермен берілген несиелердің көлемі 50 642,4 млн. теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,3%-ға жоғары (2018 жылдың I тоқсанында 37 428,0 млн. теңге сомасында несиелер берілген). Берілген несиелердің жалпы сомасының басым бөлігі ұлттық валютада берілген несиелер болып табылады – 50 633,6 млн. теңге. Шетел валютасында берілген несиелердің сомасы теңгедегі баламасында 8,8 млн. теңгені құрады. Ұзақ мерзімді несиелердің көлемі 35 007,6 млн. теңге немесе 69,1% құрады, сәйкесінше қысқа мерзімді несиелер 15 634,8 млн. теңгені (30,9%) құрады. Банктер несиелердің негізгі бөлігін жеке тұлғаларға берген. Олардың үлесі 34 816,2 млн. теңгені немесе жалпы берілген несиелердің сомасынан 68,7% құрады. Заңды тұлғаларға берілген несиелердің сомасы 15 826,2 млн. теңгені немесе берілген несиелердің жалпы сомасынан 31,3% құрады. Жамбыл облысындағы несиелер бойынша қарыздардың қалдығы сәйкес мерзімге 200 379,9 млн. теңгені құрады. Бұл 2018 жылғы 1 сәуірмен салыстырғанда 19 054,9 млн. теңгеге немесе 10,5%-ға жоғары. Қарыздардың құрылымында теңгедегі несиелердің үлес салмағы 99,4% немесе 199 159,5 млн. теңгені құраса, қалған 0,6% - шетел валютасында ұсынылған несиелердің (1 220,4 млн. теңге) үлес салмағын құрады. Жеке тұлғалардың несиелік қарыздары 169 304,2 млн. теңгені немесе жалпы несиелік қарыздар көлемінің 84,5%-ын құрады, ал заңды тұлғалардың қарыздарының үлесі 31 075,7 млн. теңгені немесе 15,5%-ды құрады. Несиелердің мерзімдік құрылымында айтарлықтай өзгерістер байқалмайды. Бұрынғысынша ұзақ мерзімді несиелер берешек сомасының айтарлықтай үлесін құрайды. 2019 жылғы 1 сәуірге олардың көлемі 184 537,7 млн. теңгені немесе несиелердің жалпы көлемінің 92,1%-ын құрады. Қысқа мерзімді несиелердің көлемі 15 842,2 млн. теңгені (7,9%) құрады. Жалпы облыс несиелерінің барлық түрлері бойынша орташа мөлшерленген сыйақы ставкасы 2019 жылғы наурыз айының соңында 15,2% болды (былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде 15,8%-ды құрады). Ұлттық валютадағы несиелер 0,5%-ға төмендеп, 15,3%-ды, ал шетел валютасындағы несиелер 7,4%-ға төмендеп, 3,5%-ды құрады. Заңды тұлғалардың несиелері бойынша орташа мөлшерленген сыйақы ставкасы 11,6%-ды (01.04.2018 жылы – 12,6%), ал жеке тұлғалардың заемдары бойынша орташа мөлшерленген сыйақы ставкасы 15,9%-ды құрады (01.04.2018 жылы – 16,6%). 2019 жылдың I тоқсанында шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілген несиелердің көлемі 13 849,5 млн. теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 87,5%-ға жоғары (2018 жылдың 1 тоқсанында 7 384,7 млн. теңге сомасында несиелер берілген). Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілген несиелердің жалпы сомасының барлық үлесі ұлттық валютада берілген несиелер болып табылады. Ұзақ мерзімді несиелердің көлемі 2 881,8 млн. теңге немесе 20,8%-ды құрайды, сәйкесінше қысқа мерзімді несиелер 10 967,7 млн. теңгені (79,2%) құрады. Заемдардың мақсатты бағытталуы бойынша халықтың тұтынушылық мақсатына берілген несиелер негізгі бөлікке ие. Олар 113 450,5 млн. теңгені немесе облыс бойынша барлық несиелер сомасының 56,6%-ын құрайды. Азаматтардың тұрғын үй салуына және сатып алуына берілген несиелердің сомасы 29 613,4 млн. теңгені немесе 14,8%-ды құрады. Облыстың несие нарығына талдау жасай отырып, заемдар бойынша мерзімі өткен берешектердің кемігендігін айтып өткен жөн. 2018 жылдың 1 сәуіріне банк несиелерінің жалпы сомасының 8,5%-ы немесе 15 414,4 млн. теңге мерзімі өткен берешектер болса, ағымдағы жылдың 1 сәуіріне бұл көрсеткіштер сәйкесінше 13 948,2 млн. теңгені (7,0%) құрап отыр. Мерзімі өткен берешектердің жалпы көлемінен азаматтардың тұтынушылық мақсаттарына берілген несиелер 49,3%-ды, азаматтардың тұрғын үй салу және сатып алуына берілген несиелер 9,6%-ды құрап отыр. Шағын кәсіпкерлік бойынша мерзімі өткен берешектер 2019 жылғы I-ші тоқсанның соңына 4 353,2 млн. теңгені немесе шағын кәсіпкерлікке берілген несиелердің жалпы көлемінің 10,9%-ын құрады.
Қуаныш Оразғалиев, ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының бас маман-бақылаушысы.