Жанқош жекпе-жегін Нұр-Сұлтан қаласында өткізетін болды
Жанқош жекпе-жегін Нұр-Сұлтан қаласында өткізетін болды
Жамбылдық кәсіпқой бокстың жанкүйерлері жерлесіміз Жанқош Тұраровты шаршы алаңнан жоғалтып алғаны баршамызға аян. Кәсіби мансабында шаршы алаңда жасындай жарқыраған Жанқоштың енді қайта оралатынына күмәнмен қарағандар да аз болған жоқ. Дегенмен боксшымыз сан тараптан ескен сыбыстарды жоққа шығарып, кәсіби мансабын жалғастыру туралы шешім қабылдағаны мәлім. Жартылай орта салмақ дәрежесінде сынға түсіп келген кәсіпқой бокс шебері, жерлесіміз Жанқош Тұраровтың жоғарыда айтқанымыздай шаршы алаңға оралатын күні алыс емес. «MTK Global» промоутерлік ұйымымен келісімшарт жасасқан қазақстандық кәсіпқой боксшы біраз уақыт шаршы алаңнан алыстап қалды демесек, әлі де спорттық бабында жүргені анық. Жанкүйерлер боксшының кәсіби мансабынан күдер үзе бастаған кезде де ол еш жабыққан жоқ. Қалай болған күнде де түрлі қиындықтарды басынан өткерген Жанқош Тұраров жаңа белестерді бағындыруды көздейді. Ол осы күнге дейін өткізген 22 кездесудің барлығында жеңіске жеткен. Сол жеңісті жорықты болашақта да сәтімен жалғастыру – сайыпқыранымыздың басты мақсаты. Сонымен қазақстандық боксшы келесі жекпе-жегін қай елде өткізеді? Алдымен осы сауалға жауап іздестіріп көрсек. Боксшының менеджері Асқар Салықбаев бұған дейін Жанқоштың 1 маусымда шаршы алаңға оралатынын мәлімдеген еді. Ол шайқас Уэльс елінің астанасы Кардифф шаһарында өтетінін де тіліне тиек еткен-ді. Отандасымыздың кімге қарсы шаршы алаңға көтерілетіні алдағы күндері анықталатын болады. Дегенмен ұзақ уақыт бойы шаршы алаңда бой көрсетпеген Жанқош рейтингілік кездесуде мықты боксшымен қолғап түйістіре қоюы екіталай деп пайымдаймыз. Себебі боксшымыз бәрін сабырмен, есеппен ойлайтыны ақиқат. Сондықтан да ортаңқол қарсыласпен қолғап түйістіреді деген сенімдеміз. Алайда бұл Жанқош болашақта да қатардағы «жауынгерлермен» кездеседі деген сөз емес. Жанқоштың Уэльс елінен кейінгі сапары, дұрысы кездесуі қайда өтуі мүмкін? Осы сұрақ та көпшіліктің көкейінде жүргені ақиқат. Әрине, боксшы үшін түрлі нұсқалар болатыны талас тудырмайды. Бірнеше ұсыныстардың да түсетіні айқын. Әйтсе де Жанқош одан кейінгі шайқасын Нұр-Сұлтан қаласында өткізуі әбден мүмкін. Түрлі деректер бұл ақпарды растап та отыр. «6 шілдедегі жекпе-жек туралы айтар болсақ, ол туралы толыққанды мәліметті 20 мамыр күні біле аласыздар. Ол бокс кешінде Жанқош Тұраров қана емес, өзге де қазақстандық кәсіпқой бокс шеберлері шаршы алаңға көтеріледі деп күтілуде. Өйткені «MTK Global» промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырған былғары қолғап шеберлерінің ішінде Сұлтан Зауырбек (6-0, 4КО), Әбілқайыр Шегалиев (5-0, 4КО), Виктор Коточигов (9-0, 4КО), Нұртас Әжбенов (5-0, 1КО) пен Әли Балоев (8-0, 7КО) секілді қазақстандық боксшылар бар», – делінген Вконтакте желісіндегі «Қазақстан кәсіпқой боксы» парақшасында. Өзге де ақпарат көздері таратқан мәліметтерге сенсек, Жанқош Нұр-Сұлтан қаласында өтетін кездесуде белбеулердің біріне таласатын көрінеді. Әйткенмен шаршы алаңға жаңадан оралған боксшының әлем чемпионы атағына таласпайтыны бесенеден белгілі. Соған қарағанда Тұраров құрлықтық деңгейдегі белбеулердің бірі үшін шаршы алаңда тер төгеді деген ойдамыз. Қалай болған күнде де жерлесімізге тек қана жеңіс тілейміз!
Табиғат АБАИЛДАЕВ.