- Advertisement -

Марселино Тораль «Астана» футболшыларынан қаймығады

103

- Advertisement -

Биылғы еуромаусым қазақ клубтары үшін сәтімен жалғасып жатқаны анық. Алматылық «Қайрат» қана еуропа лигасының екінші електік кезеңінде атынан ауып түсіп, үшінші електік кезеңде «Шахтер» жеңісті уысынан сусытып алды демесеңіз, «Ақтөбе» мен «Астана» еуропа лигасының плей-офф кезеңінде бақ сынайды. Қайсыбірі қарсыласынан қара үзіп шықса, топтық турнирге жолдама алады. Әлбетте, үміт артқан қос командамыздың да қарсыластары қатардағы командалар емес. «Астана» лигада кейде каталониялық «Барселона» мен мадридтік «Реалдың» өзіне сес көрсетіп қоятын испандық «Вильярреалмен» жолдаманы сарапқа салатын болса, бізге етене таныс шотландиялық «Селтикті» екі ойында тас-талқан етіп ұтып, тек команда бапкерлерінің қателігінен чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінен қағылған польшалық «Легия» «Ақтөбеден» сынақ қабылдайды.
Құрылғанына бар болғаны бес жыл болған «Астана» командасының жетістігіне таңқалған «Вильярреал» бапкері Гарсия Тораль: «Біз үшін бұрын-соңды болмаған елге сапарға шығуға тура келеді. Шынтуайтында біз фаворит екеніміз рас. Бірақ, «Астана» оңай шағылатын жаңғаққа ұқсамайды. Команда жас болғанымен, биыл Еуропаны дүр сілкіндірді. Сол себепті бұл ұжымнан қаймығу керек. Біз де, жанкүйерлеріміз де топтық кезеңде ойнағанды қалаймыз. Дегенмен, бізді күні бұрын топтық кезеңге шығаруға болмайды. Өйткені қарсыластарымыз адуынды. Алайда, қалай болған күнде де қос матчтың нәтижесінде жеңіске жетеміз» депті испан басылымдарына берген сұхбатында.
Бұған дейінгі қарсыластарын қоғадай жапырып келген «Астана» футбол клубы «Вильярреалды» айналып өтетін болса, кәрі құрлық шулай жөнелетіні анық. Ал, біз өз командамыздың топтық турнирде ойнағанын қалаймыз. Әлбетте, қағаз жүзінде аутсайдер саналған «Астанадан» тағы да ерлік күтеміз. «Астана» мен «Ақтөбенің» бірі топтық кезеңге өтсе, былтырғы «Шахтердің» жетістігін қайталайды. Әрі рейтингтегі жағдайды түзей түсуге де мүмкіндік туындамақ.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА,

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support