Сақар қайнатып, сабын өндірген кәсіпкер
Сақар қайнатып, сабын өндірген кәсіпкер
Қара сабын – бағзы кездердегі қазақтың патенттелмеген өнертабыстарының бірі. Еуропалықтарға моншаға түсуді, шалбар киюді үйреткен де біздің арғы ата-бабаларымыз деген сөз бар. Ол негізсіз емес. Ұлтымыз тәннің де, жанның да сау-саламаттығы үшін тазалыққа ерекше мән берген. Жаз – жайлау, қыс – қыстауға көшіп-қонып жүретін жұрттың кір-қоңын, киім-кешегін, көрпе-жастығын мұнтаздай таза ұстағанына мысалдар көп. Бұл да бүгінгі күні ұмытылуға айналған, әжелеріміз өз қолдарымен қазанға бұлғап, қатырып алатын қара сабынның арқасы ғой!Алайда қазір кірді кетіруімен, емдік қасиетімен, үнемділігімен ерекшеленген қара сабынды емге таппасың анық. Сол сабынның кесірінен бетіміз бөртіп кетті, шашымыз түсіп қалды дегенді де естіген емеспіз. Керісінше қазіргі сабындардың сапасыздығы жөнінде жиі айтылады. – Қырық түрлі дертке шипа қара сабынды дайындаудың түк те қиындығы жоқ. Оның негізгі құрамы – алабота, түйеқарын, ермен, сексеуіл сынды өсімдіктердің күлі мен кәдімгі малдың майы. Әжемнің осы аталған өсімдіктерді күзде жапырағы сарғайған кезінде қиып, не орып әкеліп, кептіріп, өртеп, күлге айналдыратыны бар-ды. Күлді қазан толы суға қайнатып, құрамындағы сақарды тұндырып алады. Сақар мен май араласып, иленген қамыр түріне келгенде оның көлеміне қарай қойдың не түйенің жүнін қосатын. Сосын оны қашан қоюланғанша тоқтамай ертеден кешке дейін араластырып, бейнеттенгенде, әжем жарықтықтың алатыны – қол басындай ғана сабын болатын, – дейді кәсіпкер Ерлан Ормантаев. Оның айтуынша, бала кезінде көрген-білгендері бертінде осы өнім түрін шығару ісімен түбегейлі айналысуына түрткі болған. Отбасылық «Джупбаева Г.Д» жеке кәсіпкерлігін ашуы да содан. Қазір оның облыс орталығында арнайы өндірістік цехы мен екі дүкені жұмыс істеп тұр. Цехта кір сабын, сұйық сабынмен қоса түрлі жуу ұнтақтары шығарылып, тұтынушыларына жөнелтілуде. Оларды түп көтере сатып алуға да болады. Өнімдер негізінен жоғарыда айтылған екі дүкен арқылы сатылымға шығарылады. Сондай-ақ базарларға, шағын дүкендерге, супермаркеттерге, химия кәсіпорындарына, Алматы мен Талдықорған қалаларына жөнелтілуде екен. Кәсіпкер азамат сабын шығаратын қондырғылар мен құрал-жабдықтарды Өзбекстаннан жеке өз қаражатына сатып алып келіп орнатыпты. Мемлекет тарапынан 7 миллион теңге көлеміндегі субсидияға қол жеткізетіні беріде. «Оны айналым қаражаты түрінде пайдаландық» дейді ол. Кәсіпорынның іске қосылғанына биыл үш жыл толып отыр. Сабын өнімдері үшін қажет негізгі шикізат – мал сүйегінің, пісте мен шитті мақтаның қалдық майлары мұнда Шымкент қаласындағы зауыттардан жеткізілуде. Оларға цехта алабота шөбінен сақар қайнатылып қосылады екен. Шағын кәсіпорын күніне 1-1,5 тонна кір сабын мен жуу ұнтақтарын шығару әлеуетіне ие. «Джупбаева Г.Д» жеке кәсіпкерлігі бүгінде 5 азаматты тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр. Олар 60-100 мың теңге аралығында айлық жалақы да алады. Қазірдің өзінде Бақытжан Көккөзов, Ермек Таубай сынды жұмысшылар қазақтың қара сабынын жасау ісінің қыр-сырын меңгеру арқылы өңірімізде «қарапайым заттар экономикасы» дамытылуына қомақты үлестерін қосуда. Өткен тарихымызға шолу жасасақ, бұдан басқа да патенттелмеген ұлттық өнертабыстарымыз жетіп-артылатынына көз жеткізу қиын емес. Міне, солардың барлығын зерттеп, зерделеп, заман талабына сай қайта жаңғыртып, қоғамның игілігіне айналдырсақ, өндіріске енгізсек, сөз жоқ, жоғары сұранысқа ие болары еш күмән туғызбайды. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмысты жандандырып, қара сабынды неге қазақтың брендіне айналдырмасқа?! Осы тұрғыдан келгенде, тараздық кәсіпкер Ерлан Сайлаубекұлының қолға алған ісі әбден қолдауға тұрарлықтай. Ол алдағы уақытта шағын цехын үлкен зауытқа айналдыруды да ойластыруда.
Тараз қаласы.
Баймаханбет Ахмет