- Advertisement -

Тәуелсіз елдің спорт сүйген ұстаздары

43

- Advertisement -

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан–2050» Стратегиялық бағдарламасының саламатты өмір салтын қалыптастыру мен насихаттау бөлігіндегі басымдықтарын жүзеге асыру мақсатында VIІІ облыстық спартакиада өтті.
Орталық стадионда ұйымдастырылған «Тәуелсіз елдің спортсүйер ұстаздары» атты спорт мерекесі Жастар жылы мен облысымыздың құрылуының 80 жылдық мерейтойына арналды. Облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова мен облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков шәкірт тәрбиелеуден бөлек, спортты өміріне серік еткен ұстаздарға спорттық рух беріп, спартакиаданың сәтті өтуіне тілектестік білдірді.
Жарыста облыстық білім басқармасына қарасты білім мекемелері ұстаздары және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті мен Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің профессор-оқытушылар құрамалары ережеге сай 9 спорт түрі бойынша бәсекеге түсті. Атап айтқанда, облысымыздағы білім және ғылым саласының 800-ге жуық кәсіподақ мүшесі армрестлинг, гір тасын көтеру, жеңіл атлетика, үстел теннисі, кіші футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, бильярд және асық атудан өзара мықтыны анықтады. Осындағы асық ату түрі биылғы спартакиада бағдарламасына алғаш рет еніп отыр. Ерлер асық атса, әйелдер ежелгі ұлттық ойынымыз шекемтас бойынша сүйек иіріп, ептілік пен шапшаңдықтың үлгісін көрсетті.
Облыстық кезеңге барлық аудандар мен Тараз қаласындағы іріктеуден өткен үздіктер қатысты. Құрамаларға өңірімізге танымал спорт шеберлерінен құралған қазылар алқасы төрелік етті. Ойындарда бас төрешілік облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық спорттық шаралар өткізу орталығының директоры Ғани Қарқымбаевқа жүктелді.
– Бұл спартакиада кәсіподақ ұйымдары мүшелерінің денсаулығын жақсартуға, саламатты өмір салтын насихаттауға қомақты үлес қоса отырып, Елбасы Н.Назарбаевтың бұқаралық спортпен шұғылданатын азаматтардың санын 30 пайызға жеткізу керек деген тапсырмасын орындаудың бір ғана көрінісі. Спартакиаданы ұйымдастыру және оны дәстүрлі түрде өткізу еліміздің, қоғамымыздың алға жылжып, әл-ауқаттың жақсарғандығының және бір белгісі болуда, – дейді облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков.
Көпшіліктің қызығып ойнайтын спорт түрі шағын футболдан финалдық кездесуде тараздық аяқдопшылар мен байзақтықтар өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде Талғат Оразбаев баптаған тараздық ұстаздар чемпион атанды. Тараздық ұстаздар сондай-ақ әйелдер арасында жеңіл атлетикадан (Анастасия Мейркулова), ерлер арасында үстел теннисінен (Нұрғиса Сатаев), волейболдан, армрестлингтен алдарына жан салмады. Нәтижесінде тараздықтар жеңімпаз атанды.
Ал меркілік желаяқ ұстаздар 100 метрге жүгіру мен эстафетадан алғашқы болып, бильярд пен асық атудан да бірінші орынды қанжығаға байлап, жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленді. Волейболдан финалдық ойындарда Шудың әйелдер құрамасы қордайлықтарды жеңіп, өз құрамасының үздік үштіктің қатарынан табылуына үлестерін қосты. Тоғызқұмалақтан ерлер арасында сарысулық Ғани Қазыбеков пен қыздардан байзақтық Алтынай Мұратбаеваның бағы жанды. Ал үстел теннисінен әйелдер арасында қордайлық Юлия Ряполованың өзгелерден мықты болғандығын атап өткен жөн. Асық атудан ерлер арасында Біріккен комитеттің өкілі Алмас Құрбанов пен Қанат Арқабаев үздік шықты. Гір тасын көтеруден 90 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде Т.Рысқұлов ауданынан келген Нұрғали Ақжолов, ал 90 килограмнан жоғары салмақта Біріккен комитеттен келген Ерік Мамадияров жақсы нәтижелер көрсетіп, чемпион атанды.
Спорт сайыстарының қорытындысы бойынша «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққан командалар мен жекелей қатысушыларға Алғыс хат және бағалы сыйлықтар табыс етілді. «Үздік спорттық киім» аталымымен марапатталған қордайлық құрама команда да сыйлықсыз қалмады. Ұйымдастыру комитеті үздік төрешілік жасаған Әуез Төлегенов пен Жандос Жолдасбековті, үздік ойыншы атанған құландық Бекназар Алпамышев пен ТарМУ-дың оқытушысы Гүлмира Ахатованы да Алғыс хатпен марапаттап, сыйлықтар тарту етті.
Осылайша екі күнге созылған дәстүрлі сайыс алдағы уақытта да өз жалғасын таба береді. Өйткені спартакиаданың алғашқы ойыны «Денсаулық жылы» аясында 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдығына орай ұйымдастырылған болатын.

Бейбіт БЕКНАЗАРОВ,
журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support