Қоғам

құқығыңызды білесіз бе?

құқығыңызды білесіз бе?

Естеріңізде болса, Жамбыл жеріне Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Нұр-Сұлтандағы бағдарламалар офисі, ҚР Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының өкілдері келген еді. Осыған байланысты облыс әкімдігі «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» атты бірлескен оқыту семинар-тренингін ұйымдастырған болатын. Аталған іс-шараның жалғасы аудандар мен оқу орындарында өтетінін де жазған едік. Сәйкесінше аталған семинар М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мәжіліс залында жалғасын тапты. Іс-шараны оқу орнының ректоры, педагогика ғылымдарының профессоры Махметғали Сарыбеков алғысөзбен ашқан соң ҚР Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев жүргізді. Семинардың бірінші бөлімінде Ұлы Дала елінің Конституциясында көзделген құқықтық және құқықтық мәдениет, адамның және азаматтың негізгі құқықтары талқыланды. Тыңдаушылар еліміздің және адамзат атаулының құқықтарын қорғаудың әртүрлі жүйелері туралы көптеген деректі ақпараттар алды. Тренинг барысында аталмыш комиссияның сарапшысы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Азаматтық, еңбек және экология пәндері кафедрасының профессоры Светлана Жаркенова ҚР еңбек заңнамасы және ондағы өзгерістерге тоқталып, қатысушылар жаңа ақпараттардан құлағдар болды. Басқосуда комиссия мүшесі, «Medialife» қоғамдық қорының президенті Ольга Волкова адамның ақпарат алу құқықтарын қамтамасыз етудің халықаралық стандарттары жөнінде сөз қозғады. Онда Қазақстандағы азаматтардың ақпарат алу және беру құқықтары туралы жан-жақты сөз болды. Сондай-ақ «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» Заңының негізгі ережелерімен де таныстырды. «Aq jol-Aqparat».