Білім

Мемориалдық тақта орнатылды

Мемориалдық тақта орнатылды

Жеңіс күні қарсаңында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департаментінің аудандық бөлімінде полковник Оразалы Ниязбековтің құрметіне мемориалдық тақта орнатылды. Іс-шарада ҰҚК облыс бойынша департаменті бастығының орынбасары Талғат Қалғаев сөз сөйлеп, мемориалдық тақтаның ашылуы Жеңіс күнімен тұспа-тұс келуі бекер еместігін тілге тиек етті. Ол өз сөзінде О.Ниязбековтің тәлімін алған шәкірттері бүгінде елімізде түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарып жүргендерін жеткізді. Бұдан кейін сөз алған аудан әкімі Ж.Айтақов пен О.Ниязбековтің ұлы Мәлік Оразалыұлы ардагердің ел игілігі үшін атқарған ерліктерін еске алып, мемориалдық тақтаны салтанатты түрде ашты. Игі шараға жиналғандар батырға тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Айта кету керек, бар ғұмырын дәл осы қауіпсіздік комитетіне арнап, 16 жыл бойы басшылық қызметте жұмыс істеген О.Ниязбеков Екінші дүниежүзілік соғыста да үлкен ерлік көрсетіп, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені мен «Ерлігі үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Ол 1943 жылы ақпан айында Қызыл әскер қатарына шақырылып, Өзбекстанның Қатта-қорған қаласында уақытша орналасқан Гомель жаяу әскер училищесін бітірген 150 курсантпен бірге І Украин майданы, ІІІ Гвардиялық танк дивизиясы құрамының 70-ші механикаландырылған полкінде химиялық барлаудың нұсқаушысы болып қан майданға кірген. Сондай-ақ Еуропа елдерінің бірнеше қаласындағы жан алысып, жан беріскен сұрапыл соғыста ерлігімен көзге түсіп, 1945 жылы Ұлы Жеңіс күнін Прага қаласында қарсы алған. Міне, осылайша бүкіл саналы ғұмырын еліне қызмет етіп, оның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге арнаған ерге оның ұрпақтары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері құрмет көрсетіп, бүгінгі буынға үлгі ету мақсатында мемориалдық тақта орнатты.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.