Әуесқойлар жарысы басталды
Әуесқойлар жарысы басталды
Миллиондардың ойыны аталған футбол десе ішкен асын жерге қоятындар көп-ақ. Ала допқа аңсары ауғандар осы ойынды жанына серік ететіні де рас. Сол тұрғыдан келгенде әуесқойлар арасындағы облыс чемпионатының жұртшылыққа берері мол екені сөзсіз. Оның үстіне бұл жарыста аудандардың командалары өзара тәжірибе алмасатыны да анық. Сондықтан да әуесқой футболшылар арасындағы облыс чемпионаты – құптауға тұрарлық іс. Өңіріміздің он ауданы мен Тараз қаласының командалары бақ сынайтын әуесқой футболшылар арасындағы облыс чемпионаты басталды. Бұқаралық сипат алған аламанның ашылу салтанатына облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өзі арнайы келіп, біріншілікті салтанатты жағдайда ашып беруі – теңбіл доп тепкен құрамалар үшін зор абырой. «Өздеріңіз білесіздер, жастарды барынша спортқа баулу, талантты жастарды анықтау үшін жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл ретте футболдың да алар орны ерекше екені ақиқат. Мақсатымыз анық. Облысымызда жүрген талантты жас футболшыларды анықтау – мұратымыз. Сол арқылы оларға қолдау көрсетуіміз керек. Жалпы Жамбыл футболының мерейін арттыруға күш салғанымыз абзал. Облыс чемпионатында бақ сынауға келген барлық ұжымдарға тек қана сәттілік тілеймін. Өңіріміздің тек қана футболда емес, спорттың барлық түріндегі көрсеткіші арта берсін!», – деді Асқар Исабекұлы жылы лебізін білдіріп. Бұдан соң қазақ футболының аңызы Сейілда Байшақов сөз алды. «Мұндай жарыстарда ел намысын қорғайтын таланттар табылуы да ықтимал. Бір ғана Байзақ ауданынан төрт бірдей мықты футболшы шыққаны баршаңызға аян. Сондықтан облыс чемпионатынан зор үміт күтуге болатын сияқты», – деп өз ойымен бөлісті ол. Біріншілікте бақ сынайтын командалар үш топқа бөлінген. Мамыр айында басталған дода қыркүйек-қазан айларында мәресіне жетеді. Үздік шыққан ұжымдарға қомақты сыйлықтар қарастырылған. Бірінші айналымды Сарысу ауданы мен Талас ауданының командалары орталық стадионда ресми түрде ашып берді. Қалған ұжымдар қаладағы өзге алаңдарда бақ сынады. Тараз қаласы.
Табиғат Абаилдаев