Саясат

Елбасы Түрікменстан Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасарымен екіжақты ынтымақтастық бағыттарын талқылады

Елбасы Түрікменстан Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасарымен екіжақты ынтымақтастық бағыттарын талқылады

Президент Н.Ә.Назарбаев Түрікменстан Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары - сыртқы істер министрі Рашид Мередовті қабылдады. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру барысы, сондай-ақ халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері талқыланды. Қазақстан Президенті Түрікменстанның біздің елге жақын әрі бауырлас мемлекет екенін атап өтті. «Біз әрдайым саяси-экономикалық жақсы қарым-қатынаста болдық және оны әрі қарай жалғастыруға дайынбыз. Қазір маңызды жоба - Қазақстаннан Түрікменстан мен Иран арқылы Парсы шығанағына шығатын теміржол құрылысын аяқтау күтіліп отыр. Ол аяқталысымен бүкіл өңірдегі сауда қатынастары мүлде жаңа деңгейге көтеріледі», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Өз кезегінде Р.Мередов Президент Гүрбангулы Бердымухамедовтың жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржолы құрылысының барысы туралы әңгімелеп, оны іске қосудың әуелгі мерзімі жөнінде хабардар етті. Сонымен қатар Р.Мередов сауда-экономикалық, көлік-коммуникациялық, отын-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты іс-қимылдардың дамуын атап өтті.

Ақпарат көзі: www.kazinform.kz