Дауыс беру әділ өтеді
Дауыс беру әділ өтеді
Елімізде өтетін кезектен тыс Президенттік сайлауға дайындық жұмыстары басталып кетті. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы бұл бағытта қандай жұмыс жүргізуде? Комиссия төрағасы Серғали Айдапкеловтен осыны сұрадық. – Серғали Өмірзақұлы, саяси науқанға дайындық жұмыстары қалай жүргізілуде? – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сайлаудың заңды әрі әділ өтуін қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі. Осыған орай Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы барлық өңірлердегі комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру туралы 15 сәуірде арнайы қаулы қабылдады. Соған сәйкес облысымызда 3 кезеңнен тұратын семинар-кеңес ұйымдастырылды. Оқыту шараларының мақсаты – өңірімізде құрылған барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары мүшелерінің құқықтық сауаттылығын көтеру және саяси маңызы ерекше Президент сайлауына дайындығын қамтамасыз ету. Бірінші кезеңде курстағы барлық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен орынбасарлары 24 академиялық сағат оқыды. Тыңдаушыларға теориялық-лекциялық, тәжірибелік тапсырмалар беріліп, бақылау сынақтары алынды. Ал екінші кезеңде аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері үшін 1 күндік курста 8 академиялық сағаттан тұратын дәрістер ұйымдастырылды. Үшінші кезеңде барлық учаскелік сайлау комиссиялары қамтылғанын айта кеткеніміз жөн. Мұнда тағы бір ескеретін мәселе – облыста 484 учаскелік комиссия болса, оларда 968 төраға мен хатшы бар. Сондықтан бұл азаматтардың бәрін Тараз қаласына шақыртпай-ақ көшпелі семинар-кеңестер ұйымдастырып, жергілікті жерде, яғни аудандарда оқытылды. Осымен біз сайлау комиссияларының барлық деңгейдегі мүшелерін каскадтық тәсілмен кәсіби біліктіліктерін арттырамыз деген межемізге қол жеткізе алдық деп есептеймін. – Комиссиялар құрамы және сайлау учаскелерінің шекаралары нақтылана ма? – Назар аударатын негізгі 5 кезең бар. Қазір барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының құрамын нақтылап бекіту, сайлау учаскелерінің шекараларын белгілеу жұмыстары өз мәресіне жетті. Бұл – біріншісі. Ол жұмыс сәуір айының 19-24 аралығында жүргізілді. Қазір барлық комиссиялар құрамы нақтыланып, сайлау учаскелерінің шекаралары белгіленіп, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Екінші кезең – тіркелген кандидаттардың сенімді өкілдерін тіркеп, куәліктері мен қол қою парақшаларын тапсырып, олардың сәйкестігін тексеру. Бұл науқан енді басталды. Ал үшінші кезең – үгіт-насихат науқаны. Ол өте маңызды. Мұнда аумақтық сайлау комиссиялары құзырлы органдармен бірге бұл процестің заңға сәйкес өтуін қадағалайды. Науқан 11 мамыр мен 8 маусым аралығында өтетін болады. Төртіншіден, жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізімдерін жасақтап, оларды актімен тиісті аумақтық сайлау комиссияларына өткізеді. Аталған жұмыстар 20 мамырға дейін аяқталуы тиіс. Сайлау комиссиялары үшін ең жауапты бесінші кезең – бұл дауыс беру процесі. Осы күні сайлау комиссиялары бұқаралық ақпарат құралдары, халықаралық байқаушылар, сенімді өкілдер мен құзырлы орган өкілдерімен бірге үйлесімді жұмыс жүргізеді. Сайлау учаскесінің ашылуынан бастап, дауыс берілген бюллетеньдерді санау және қорытындысын шығаруды үйлестіру – осы комиссиялар төрағаларының міндеті. Өйткені ол өз комиссиясының мүшелері арасындағы функциялардың дұрыс бөлінуін, жұмыс режімінің және учаскедегі тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді. – Өңіріміздегі учаскелік сайлау комиссияларына тоқталып өтсеңіз. – Облыс бойынша 12 аумақтық және 484 учаскелік сайлау комиссиясы құрылған. Құрамында 3750 азамат бар. Биылдан бастап барлық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары тұрақты штаттық режімдегі жұмысқа көшірілді. Яғни осы уақытқа дейін төрағалар мен хатшылар тек сайлау тағайындалған уақыттан бастап оның аяқталған мерзіміне дейін қоғамдық негізде жұмыс атқаратын. 484 учаскелік сайлау комиссиясының ішінде 25-і – режімді нысан. Олардың 21-і Тараз қаласында, 2-еуі Жуалы ауданында, Қордай мен Т.Рысқұлов аудандарында бір-бірден орналасқан. Ал режімді нысандарға ауруханалар, әскери бөлімдер, сотқа дейінгі тергеп ұстау орындары және тағы басқалары жатады. Бұл учаскелерде сол мекемелердің тізіміне енгізілген, тіркелген азаматтар ғана дауыс беру құқығына ие болады. Бөгде адамдар мұнда дауыс бере алмайды. – Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Альмира ОМАРОВА.