Жауынгер жерлестердің жоқшысы Бекқұлы
Жауынгер жерлестердің жоқшысы Бекқұлы
Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы, «Парыз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бекқұлы Әліұлы Ұлы Отан соғысында сырт жерлерде қаза тапқан жамбылдық жауынгерлерді іздестіріп, осы бағытта табанды еңбек етіп келеді. Әсіресе Ресей Федерациясы мен Белоруссия мемлекеттерінен мыңдаған жерлес боздақтардың жерленгенін анықтады. Аталарының қабірі табылғанына қаншама ұрпақтары «өлгені тіріліп, өшкені жанғандай» қуанды десеңізші! Бекқұлы ақсақалдың мұнысы нағыз сауапты іс екені ақиқат.
2014 жылы Ресейдің Курск облысында өткен форумға қатысып, таластық жауынгер, Кеңес Одағының Батыры Амантай Дәулетбековтің қабірін іздеп табады. Келесі жылы Ресейдің Курск, Невель, Смоленск, Волоколамск және өзге де өңірлерінде сапармен болып, «Тағзым» атты деректі фильм түсірген. 2016 жылы Брест қамалы қорғауы мұражайының шақыруымен Брест қамалын қорғағандардың 10 ұрпағын бастап барып, Минск – Брест сапарында болған. Мұнда «Брест қорғаушылары» атты деректі фильмі түсірілді. Сауапты істі жалықпай жалғап жүрген Бекеңнің ендігі ойы – алдағы 18-30 маусым аралығында Ресейдің Санкт-Петербург, Тверь, Псков, Курск облыстарына «Майдангерлердің даңқты жолымен» атты отаншылдық сапарға шығу, жамбылдықтарды ұйымдастыру. Бұл сапар біздің өңірдің төрт ауданына тікелей қатысты. Атап айтқанда, Талас ауданы Ресейдің Курск облысындағы Поныри ауданымен өзара бауырластық байланыс орнатуы керек. Мұндағы бауырластар зиратына Кеңес Одағының Батыры, таластық жауынгер Амантай Дәулетбеков жерленген. Мұндай атақ сол жерге жерленген 650 жауынгердің ішінде Амантайда ғана бар екен. Амантай қандай ерлік жасаған дейсіз бе? Құрамында 10 адам бар артиллериясымен жаудың 30 танкісін бірнеше сағат Курск қаласына жібермеген. Жаудың 30 бронды машинасын, 20 зеңбірегін, 200 немісті жойып, батырлық көрсеткен. Тіпті соңғы минасы қалғанда оны өз қолымен жарып, бірнеше неміс жауынгерлерімен қоса өзі де мерт болған. Осындай батырға ескерткіш белгі орнату – таластықтардың парызы. Сондай-ақ Ресей жерінен топырақ бұйырған таластық 39 майдангер анықталып отыр. Солардың ұрпақтарын, туыстарын табу да аса өзекті мәселе. Бұл іске жергілікті ардагерлер кеңестері, ауылдық округ әкімдері сергек қараса деген тілегіміз бар. Сарысу ауданының азаматтары Тверь облысы, Зубцовский ауданымен достық-бауырластық байланыс орнатып, осында жерленген 16 сарысулық жауынгердің басына белгі қойса, Отан қорғаушылар алдындағы үлкен міндетті атқарған болып саналатыны анық. Олардың да үрім-бұтағын табу маңызды. Жамбыл ауданы Ресейдің Псков облысындағы Невель ауданымен (Невель атты қала да бар) бауырластық-ынтымақтастық байланыс орнатса деген тілек бар. Осындағы бауырластар зиратында жатқан Кеңес Одағының Батыры, сұрмерген Ыбырайым Сүлейменовтің қабіріне құлпытас орнату қажет-ақ. «Невельдің түбінде Қаратай деген көл бар екен. Сол көлдің жағасында орын алған жойқын шайқаста 1943 жылы 25 қазанда №100 алматылық атқыштар бригадасының 23 жауынгері ерлікпен қаза тапқан. Олардың арасында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова да болған. Осы ұрыста жамбылдық 6 жауынгер оққа ұшқан. Олар: Жамбыл ауданының азаматтары Ыбырайым Сүлейменов (Кеңес Одағының Батыры), Садық Белдікбаев, Әбдірахман Мұстафаев, Т.Рысқұлов ауданынан Жұмабай Нәметбаев, меркілік Секірбек Есжанов, таластық Беркімбай Әбдікәрімов. Осы азаматтардың да ұрпақтары, туыстары табылса, жерленген жеріне ескерткіш белгі орнатсақ қой. Мәншүк Мәметоваға ақтөбелік жерлестері «Максим» пулеметінің үлгілік нұсқасын ескерткіш ретінде қойыпты. Ал біздер Ыбырайым Сүлейменовке неге мерген мылтығы мен батырдың бейнесін қоймасқа?!», – дейді Бекқұлы Әлиев. Жаудың 289 жауынгерін жер жастандырған батыр рухына қандай құрмет көрсетсек те артық емес қой. Сөз арасында Бекқұлы ақсақал Т.Рысқұлов ауданы да Ресейдің бір ауданымен достық байланыс орнатып, сонда жерленген жауынгерлер рухына тағзым етсе деген тілегі бар екенін айтып қалды. Шаршамай, талмай сауапты істің соңында жүрген тарихшы, батырлардың жоқтаушысы, «Парыз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бекқұлы Әліұлын Сарысу және Талас ауданының әкімдері үлкен құрметпен қарсы алып, ұсыныс-тілегін тыңдап, бұл жұмысқа қолдау білдіретіндерін айтты. Әне-міне дегенше маусым да жетеді. Сондықтан осынау маңызды, сауапты жұмыста белсенділік танытсақ, туған жерге оралу мүмкіндігі бұйырмаған жерлестеріміздің ұрпақтары мен туыстарын табуға көп болып көмектессек, ізгі іске үлес қосқанымыз болатыны анық. Отан үшін от кешіп, топырағы өзге мемлекеттен бұйырған майдангерлерді талмай іздестіріп, зерттеп, атаусыз қалдырмай жүрген Бекқұлы Әліұлының бұл ісі адамшылдықтың, адалдықтың биік үлгісі дер едік.
Есет ДОСАЛЫ
Сарысу, Талас аудандары.