Экономика

«7-20-25» Бағдарламасының талаптары және іске асырылу барысы туралы

«7-20-25» Бағдарламасының талаптары және іске асырылу барысы туралы

2018 жылдың шілде айында Қазақстанда «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарламасы (бұдан әрі-Бағдарлама) іске қосылды. Бағдарлама бірінші кезекте азаматтардың баспана мәселесін, оларға жеңілдетілген шарттар бойынша ипотекалық қарыз беру арқылы шешуге бағытталған. Азаматтарға қарыз беру шарттарын бағдарламаның атауының өзі айтып тұр: кредиттер 7% тарихи төмен мөлшерлеме бойынша, кредиттелетін тұрғын үй құнының 20% мөлшерінде бастапқы жарна, сондай-ақ кредит мерзімі 25 жылға дейін. Бағдарлама бойынша қарыз алуы үшін азаматтар бірнеше негізгі талаптарға сәйкес келуі тиіс. Біріншіден, еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен алынатын кірісінің болуы, екіншіден, ипотекалық қарызының болмауы, үшіншіден, Қазақстанда меншік құқығында баспанасы жоқ болуы тиіс. Бағдарлама шеңберінде ипотекалық қарыздар Қазақстан азаматтарына тек жаңа салынған және пайдалануға берілген тұрғын үйді алуға беріледі. Яғни сатып алынатын баспанаға меншік құқығы бірінші рет тіркелуі тиіс. Тұрғын үйді Қазақстан аумағынан ғана сатып алуға болады. Бағдарламаның талаптары бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент қалалары үшін сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары бағасы 25 млн. теңгені, ал басқа аймақтар, соның ішінде Жамбыл облысы үшін де 15 млн. теңгені құрайды. Сатып алынатын тұрғын үйдің тұрған жері бойынша, сондай-ақ қарыз алушының нақты тіркелген орны бойынша шектеулер белгіленбеген. Қарыз теңгемен берілетінін айта кеткен жөн, қарызды бергені және қызмет көрсеткені үшін комиссияларға тыйым салынған. Одан басқа бағдарлама бойынша ипотекалық қарызды мерзімінен бұрын өтеуге шектеулер қойылмаған және бұл жағдайда айыппұл салынбайды. Қазіргі кезде бағдарламаға 8 банк қатысады: «Банк ЦентрКредит» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Bank RBK» Банкі» АҚ, «Еуразиялық банкі» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «ForteBank» АҚ және «Ресей Жинақ банкі» АҚ ЕБ. Жамбыл облысында бағдарламаға «Bank RBK» Банкі» АҚ басқа барлық қатысушы банктер тартылған. Бағдарламаны іске асыру шеңберінде 2019 жылғы 11 сәуірдегі жағдай бойынша еліміз бойынша қарыз алуға 133,3 млрд. теңге сомасына 11 705 өтінім қабылданған. Оның ішінде 80,2 млрд. теңге сомасына қарыз беруге 6 905 өтінім мақұлданған. Жамбыл облысында банктер шамамен 1,3 млрд. теңге сомасына 176 өтінім қабылдаған, оның ішінде 677,5 млн. теңге сомасына 84 өтінім мақұлданған. Сонымен қатар бағдарламаның мерзімсіз екенін атап айту керек. Бағдарламаның талаптарына сәйкес келетін азаматтар бағдарлама шеңберінде қарыз алуға мүмкіншіліктері бар. Бағдарлама бойынша қарыз алу үшін қатысушы банкке жүгіну қажет. Бағдарлама бойынша толығырақ ақпаратты «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ ресми интернет-ресурсынан http://www.baspana72025.kz/ сілтемесі бойынша алуға болады.

Дәурен Төлепбергенов, ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының Қаржы ұйымдарын бақылау және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы.