Ардагерлер аламаны
Ардагерлер аламаны
Ұлы Отан соғысының 74 жылдығына және облысымыздың 80 жылдығына орай ардагерлер арасында дәстүрлі спартакиада өткізілді. Доданың салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков саламатты өмір салтын ұстанған қарияларға алғысын айтып, сәттілік тіледі. Кейіннен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз сөйлеп, жарысқа келген ардагерлерге ризашылығын жеткізді. Мұнан соң қариялар арасындағы спартакиада басталып кетті. Ардагерлер спорттың тоғыз түрі бойынша бақ сынасты. Додада бақ сынағандардың ең жасы зейнет жасына енді жеткен болса, ең үлкені сексенді алқымдаған ақсақалдар екен. Жарыс қоры-тындысында волейболдан бірінші орынды Тараз қаласы иеленсе, екінші орын таластықтарға, үшінші орын құландықтарға бұйырды. Дойбышылар аламанында байзақтық Е.Мұстафаев, шулық Ә.Сәлімов, құландық Т.Тастанбеков, әйелдер бәсекесінде қордайлық А.Қоқымбаева, таластық Ф.Оразбекова, байзақтық В.Гайкова жүлделі орындарды өзара бөлісті. Шахматтан өткен жарыста таластық Ж.Нәшібаев, меркілік Т.Кембаев, тараздық Ә.Райымбаев үздік үштіктен көрінді. Сондай-ақ өзге спорт түрлерінен де топ жарғандар анықталды. Жалпыкомандалық есепте тараздықтар топ жарса, жүлделі екінші, үшінші орындарды Байзақ, Т.Рысқұлов аудандарынан келген ұжымдар иеленді. Спартакиада соңында қатарынан оза шауып жүлде алған барлық спортшылар марапатталды.
Табиғат АБАИЛДАЕВ.