Ортақ үйіміздің оты сөнбесін
Ортақ үйіміздің оты сөнбесін
Қазақ халқы «Үйіңді таспен қоршама, доспен қорша» депті. Ал өзбек халқы «Жолға шықсаң, қазақтан досың болсын» деген. Ғұмырдың ғибратты тұстарын қанатты сөзге айналдырып, ой маржандарынан құралған тілдік қорымыздың әдеби-мәдени «айналымына» қосып жіберуді даналыққа балаған бұл халықтар ешқашан қалт айтпаған. Ежелдегіні еске алмай-ақ, ел тәуелсіздігінің 27 жылында жасампаздық жолына қазақ халқымен бірге түскен достары көп. Әр қазақ отбасындағы дастархан басында орыс, неміс, өзбек, қырғыз, түрік, дүнген тағы басқа ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің епсектілігін, тәртіпке бағынатын талапшылдығын, еңбекқорлығын, шөлді гүлге орайтын диқандығы мен бағбандығын айтып, үлгі етіп отырады. Еуропа классиктерін былай қойғанда, грузиндердің Нодар Думбадзесін, аварлардың Расул Ғамзатовын, қырғыздардың Шыңғыс Айтматовын, башқұрттардың Мұстай Кәрімін, т.б. білмейтін қазақ жоқ. Қазақ халқы бұл ақындар мен жазушылардың шығармалары үшін Шығыс пен Батыс, Оңтүстік пен Солтүстік деген шекара сызығы жоқ екенін, олардың және жеке ұлт емес, жер жаһандағы барша адамзаттың рухани ортақ өкіліне айналып кеткенін біледі, мақтаныш тұтады. Қазақтың Абайы мен Жамбылы, Әуезові мен Мүсірепові, Олжасы мен Мұқағалиы да басқа халықтар үшін дәл осылай ұлықтауға тұратын ұлағатқа ие.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІІ сессиясы басталар алдында осындай ойлар қаузадым. Тараз қаласынан бір пойыздың бір вагонына жайғасып, алаңсыз күліп, жайбарақат әңгімелесіп келе жатқан түрік, әзірбайжан, күрд, шешен, грузин, ұйғыр, қарашай, дүнген, орыс, украин, өзбек туғандардың бақытты жүзіне қарап отырып, осылайша толғандым. Өзбектердің «Жолға шықсаң, қазақтан досың болсын» деген сөзінің дәл айтылған даналығына риза болдым. Купелерді басына көтере ән шырқап, ара-тұра әзілдесіп келе жатқан жамбылдық сессия делегаттары шынында өз бақыттарын қазақ елінен тапқандар еді. Менімен көрші купедегі түрік жігіті Махмуджан Өзбекстаннан 90-жылдары көшіп келіпті. Содан базарда сауда-саттық жасаған. Міне, ширек ғасырда бизнесін өрге бастырып, өзі Ассамблеяның белді де белсенді мүшесі болып отыр. Қасымда отырған әзірбайжанмен танысып едім, есімін Асабали деген ол қазақ еліне Грузиядан көшіп келгенін айтты. 27 жылдың ішінде ол да өзінің кафелері мен асханаларын көптеп ашып үлгеріпті. Орыс та, неміс те, украин да, грузин де, қайсыбірін айта берейін – бәрі-бәрі Қазақстан деген елмен бірге, оның халқы – қазақтардан дос, жолдас тапқанына, солардың ата-бабалары аманаттап кеткен бай жерден бизнес ашқанына, бала-шағасын ақылды етіп өсіріп, бақытты еткеніне қуанышты. Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың татулығын, берекесі мен бірлігін естен шығармай есті істерге еге болып жүретін Елбасымыз-ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа деген құрметтері де алабөтен ыстық. Екі сөзінің бірінде Елбасының үнемі татулыққа үндеп, бірлікке шақыратын, бизнеске баулып, кәсіпке ынталандыратын сөздері мен деректер мен дәйектер келтіреді. Әсіресе «Жұмыс жоқ деп жатпа, үйден шық, еңбектен, тырбан, қатарыңнан қалмай табыс тап» деген тұрғыдағы Елбасы сөздерін қайталаудан жалықпайды. Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақ елінде ғана бар. Оның авторы – ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев! Бүгінде бұл жобаның жасампаздығы мойындалып, Азиядан Еуропаға дейінгі басқа мемлекеттер де қолға алуды ойластыруда. Сондықтан Ассамблеяның 27-сессиясының тарихи маңызы өте зор. Әсіресе Президент ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы мәлімдемесінен кейін өзі құрған, өзі ақыл-кеңес берген Ассамблея мүшелерімен кездесу, пікірлесу Елбасы үшін көңіл толқытып, жүрек тебірендіретін ерекше оқиға болды. Әрине, жанарымызға жас үйірер қимастық сәттер де болды. Бірақ сайып келгенде, бір атаның баласындай болған ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ала қойды бөле қырықпайтын адалдығына деген алғыс пен ризашылдыққа келіп тіреледі. «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Ол жасампаздықтың, ынтымақтастықтың және өзара құрмет көрсетудің шынайы үлгісі. Заманауи Қазақстанды құрудың негізінде бірлік, жоғары руханилық, еліміздің болашағы үшін ортақ жауапкершілік құндылықтары жатыр. Бейбітшілік пен келісімнің дәл осы формуласы: бірлік пен жаңғыру біздің тәуелсіздігіміздің, халықтың ерік-жігерінің және Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөлінің арқасында жүзеге асырылды. Елбасы қазақстандықтардың мүддесін абыроймен қорғап, халықаралық қауымдастықпен қарым-қатынасты реттеді. Елдегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтап қалды. Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және Қазақстан халқы Ассамблеясының 27-сессиясына қатысушылар Нұрсұлтан Әбішұлының өлшеусіз еңбегіне, кемеңгерлігі мен дәйекті саясаты үшін шексіз алғыс білдіреміз. Еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтан – бұл егемен мемлекеттің дара Көшбасшысының жетекшілігімен жүзеге асырылған жасампаздықтың символы», – дейді Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева. Ел іргесі аман болсын, біздің ортақ жетістіктеріміз үшін кеудемізді мақтаныш кернесін, жүрегіміз алғысқа толы болсын! Ел азаматтарының әл-ауқаты артып, ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасы дамып, өркендей берсін!
Нұр-Сұлтан қаласы.
Көсемәлі Сәттібайұлы