Білгеніңмен бөліс
Білгеніңмен бөліс
Меркі ауданындағы «Меркі Радон» шипажайында «Ақпарат ағыны және біз» атты семинар-тренинг өтті
Ауданда осындай іс-шара биыл екінші рет өткізіліп отыр. Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы және өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған басқосуға облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктердің баспасөз хатшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және блогерлер қатысты. Оны ғажап табиғат аясында өткізудегі мақсат – осы салада қызмет атқарып жүрген мамандарымыздың біліктілігін арттырып, ақпарат таратудың заманауи жетістіктерін меңгеруге жағдай жасау. Жалпы, бұл күні ақпарат таратудағы сауаттылық, бүгінгі журналистиканың талаптары, ақпаратты тексеру, талдау сияқты тақырыптарда дәріс оқылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар бір-бірімен тәжірибе алмасты. Семинар-тренингті сөз сөйлеп ашқан облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Берік Бегалиев басқосудың мақсаты мен маңызына тоқталды. «Меркі – жер жәннаты аталған өңір. Бұл өңірден елімізге белгілі талай абыздар мен батырлар, ғалымдар және өнер адамдары шыққан. Бүгінгі жиын қаламгерлерді бір-бірімен кеңінен таныстырып, жақындастырумен қатар тәжірибе алмасу алаңына айналатынына нық сенімдімін», – деді ол. Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Сүлейменов былтыр осындай іс-шараға 50-ге жуық адам қатысса, биыл екі есеге артқанын айтты. Барша қатысушыларға жақсы тілегін арнап, қызметтеріне сәттілік тіледі. Медиатренер, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы жанындағы Жаңа медиа және дата журналистиканы зерттеу тобының жетекшісі, М.А.Communication, Poynter орталығындағы Халықаралық фактчекерлер орталығының бағалаушы-сарапшысы Асхат Еркімбай қатысушыларды алғырлық пен тапқырлыққа баулитын «Сізбен танысқым келеді» деген ойын ұйымдастырды. Одан кейін үлкен залда «Білгеніңмен бөліс» атты пікір-таласқа кезек берілді. Оны облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Берік Бегалиев жүргізді. Облыстық «Знамя труда» газетінің директор-бас редакторы Бекет Момынқұлов аталған тақырып аясында қызықты да тағылымды әңгіме қозғады. – Журналисте жүрек пен мінез болуы керек, – деп бастады әңгімесін ол. – Ақпарат құралдарының өкілдері халық пен биліктің адал қызметшісі болуы керек. Олар бұқаралық ақпарат құралдарында жұрттың өзекті мәселелерін көтеріп, оңтайлы шешілуіне ықпал етуі тиіс. Ол Жуалы ауданының Тоғызтарау ауылдық округінде ұзақ уақыт қордаланып келген түйінді мәселенің қалай шешілгені туралы әңгімеледі. Тоғызтарау – аудан орталығынан 150 шақырымға жуық қашық орналасқан елді мекен. Анықтама алу, басқа да қажеттіліктер үшін аудан орталығына бару керек. Ауылдан аудан орталығына автобус жүрмейді. Әсіресе аяғы ауыр әйелдер мен ауру кісілер қатты қиналады. Барған күнде діттеген шаруаң бір күнде бітпейді. Б.Момышұлы ауылында қонақ үй жоқ. Тоғызтараулықтардың мұң-зарын тыңдаған бас редактор бұл проблемамен өзі шұғылдануға бел байлайды. Аталған округтегі үш елді мекен бұрын Жамбыл ауданының аумағында болған. Округ тұрғындарымен әңгімелесіп, үлкен зерттеу мақала жариялайды. Аудан басшылары авторға қарсы шығып, дау-дамай басталады. Бұған облыс басшылары араласып, мәселе оңтайлы шешіледі. Әлбетте, бұл қазір айтқанға ғана оңай. Кейін ауыл тұрғындары авторға және басылымға алғысын айтады. Қатысушылар Асхат Еркімбайдың көкейде жүрген көп сауалдардың жауабын жете түсіндірген әңгімесін зейін қойып тыңдады. Олардың арасында ақпаратты дұрыс алу және тарату, сайлауалды науқаны кезінде мақалаларды беру тәртібі және интернетті қалай пайдалану тақырыптары да бар. Қазақстанда интернетті 18 миллион адамның 14 миллионға жуығы пайдаланады екен. Мұның өзі халықтың жаппай интернетке көшіп жатқанының айғағы. Кейінгі кезде қазақ тілді сайттардың азайып, орыс тілділерінің көбейіп бара жатқаны да әңгіме болды. Бұл сауалға да тұшымды жауап берілді. Семинар соңында қатысушылар табиғат аясында болып, түрлі мәдени іс-шараларды тамашалады.
Ақылжан Мамыт
Меркі ауданы.