Білім

Өзге ұлтты тең көретін озық мәдениетіміз бар

Өзге ұлтты тең көретін озық мәдениетіміз бар

Еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасында талай асуды бағындырған қазақ елінің әр жетістігі көз алдымызда. Қазақстан татулық пен ынтымақты, әр ұлт өкілдері арасындағы достықты ту етіп ұстап, бірліктің әнін шырқап отыр. Жүз мыңнан аса тұрғыны бар біздің Шу – көп ұлтты аудан. Мұнда әсіресе түрік ұлтының өкілдері өте көп. Соның басым бөлігі мен басқарып отырған «Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігінің құрамында. Жергілікті ұлт өкілдерімен сыйластығымыз жоғары, бәрімен таза қазақша сөйлесеміз. Бұл – біздің мемлекеттік тілге деген құрметіміз. Біздің түрік ұлтының балалары да қазақша оқып, қазақ елінің тарихын жаттап есейіп келеді. Бірлік пен татулық тәлімінің қазіргі көп ұлтты Қазақстан жағдайында маңызы ерекше. Мемлекет құраушы, елдің, жердің иесі ретінде қазақ халқы өзге ұлттар мен ұлыстарға оның үздік үлгісін көрсетіп келеді десек артық емес. Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Қазақстан көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айнала білді. 1995 жылы құрылған «Ахысқа» түрік этномәдени орталығы аудандағы барлық іс-шараларға қатысып, Елбасы саясатын жүзеге асыруда және аймақтағы этносаралық келісімді нығайтуда өз үлесін қосып келеді. Жиырма жылдан аса тарихы бар этномәдени орталық аудандық, облыстық, республикалық жиындардан шет қалмай, өз деңгейінде белсенділік танытып жүр. Орталық жанынан құрылған «Ахысқа дант» фольклорлық этнографиялық ансамблі де аудандағы көптеген мерекелік шаралардың көркін қыздыруға атсалысуда. Бұдан өзге аудандағы бірқатар игі шаралардың жеңімпазы да атандық. Біз көп ұлтты Қазақстанның мәдени жағынан дамуына үлесімізді қосып келеміз. Тарихымызға үңілсек, қазақ ұлты қиын-қыстау кезеңге тап болған өзге ұлт өкілдеріне қашанда қамқор болып, мейірімін аямаған. Халқымыз Елбасымыз көрсеткен дамудың даңғыл жолына түсіп, бүгінгі Мемлекет басшысымен бірге алдыңғы қатарлы ел болуға ұмтылуда. Ендеше сол жолда татулық пен тұрақтылықты ту етіп биік шыңдарға бірге жетуіміз керек. Ол үшін осы елді мекендейтін әр ұлттың өкілі Отанға деген құрметін ақ адал еңбегі арқылы көрсетуі тиіс.

Бинали ТАГИРОВ, «Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы.

Шу ауданы.