Қордайлық қарашай атамыз
Қордайлық қарашай атамыз
Бұл қарияны ауданда өтіп жататын түрлі мәдени шаралардан жиі көруге болады. Егде тартқан жасына қарамай мерекелерде болсын, мектепте болсын төрден орын алып, көппен бірге жақсылыққа қуанып, жастарға ұлағатты сөзін айтудан жалықпайды-ақ. Әрі оны ұлттық үлгідегі киімі ерекшелендіріп, сонадайдан көз тарта жылы ұшырап тұрады.
Кешегі тар заманда бақытын қазақ жерінен тапқан ұлттардың өкілі ол. 1943 жылы қоңыр күзде кавказдықтар Қазақстанға күштеп қоныс аударылды. Олардың қатарында қарашай мен балкарлар да бір түнде пойызға тиеліп беймағлұм бағытқа жол тартты. Қолға іліккендерді ғана алып, туған үйін, дүние мүлкін қалдырып белгісіз жаққа қоныс аудару қайдан оңай болсын. Баратын жағындағы тілі де, дәстүрі де бөлек халық қалай қарсы алады деген дүдәмал ой мазалайды. Оның үстіне алда қаһарлы қыс келе жатыр. Ол кезде Иосиф тоғыз жасар бала. Бала да болса ұлтының басына төнген ауыртпалықты сезеді. Бұрынғыдай асыр салып ойнау жайына қалған. Олардың отбасында үлкен әжесі, әкесі, шешесі және үлкені он бес, кішісі екі жастағы алты бала болды. Әлі есінде, бір эшалон қоныс аударылғандарды Фрунзеден жан-жаққа бөлді. Көбі Қырғыз елінде қалды. Біразы ат арбалармен Қордай өңірінің Георгиевка, Успеновка, Благовещенка, Красногор, Қасық ауылдарына жеткізілді. Алғашқыда өте қиын болды. Айналадағының бәрі бөтен – табиғаты да, адамдары да жат. Бірақ, «Адам сөйлескенше, ат кісінескенше» демей ме, кавказдықтар да біртіндеп жаңа ортаға бой үйрете бастады. – Бүгінде жасым сексен бестен асты. Өткеннің бәрін ой елегінен өткізе келіп айтарым, сол қиын кездері қазақтай мейірбан халықтың кең құшағы болмағанда ұлт ретінде сақталып қалуымыз неғайбыл еді-ау. Қазақтар алыстан арып-ашып келген бізді үйлеріне паналатты, өз балаларының аузынан жырып ас-ауқатымен бөлісті, «переселендердің» жаңа жерге бой үйретіп, сіңісіп кетуіне барынша қолдау көрсетті. Соғыстан кейінгі жылдары қазақтардың өздеріне де оңай емес еді. Ер-азаматтарының көбі майданнан оралмай жатты, шаруаның бәрі қарттар мен әйелдердің, белі қайысқан жасөспірім балалардың иығына артылды. Біз де оларға қосылып өгіз соқа айдадық, аңыздан масақ тердік. Балалық шағымызға тұс келген аштық пен тапшылық бізді ерте есейтті. Қазақтар өздері қиналып жүріп те бір қиырдан тағдыр тауқыметімен жер ауып келгендерді қамқорлығына ала білді. Сол үшін қазақ халқына басымды иіп алғысымды айтамын, – дейді қария шын көңілден. Кейіннен кавказдықтардың біразы туған жерлеріне қайта қоныс аударды. Олардың қатарында оның анасы мен төрт бауыры Кисловодскіге қайтты. Иосиф әжесі мен әкесі жерленген киелі топырақты тастап кете алмады. Қарындасы Соня екеуі Қордайда қалып қойды. Қазақ жері олардың екінші отанына, қазақтар бауырына айналды. Иосиф осында қазақ балаларымен бірге мектеп бітіріп, Мария Михайловна деген орыс қызына үйленді. Елуінші жылдардың басында «Шу-Қарағанды» темір жолының құрылысына қатысты. Жүргізуші мамандығын меңгеріп, зейнетке шыққанша осы салада тер төкті. Қарындасы Алматыдағы сауда институтын бітіріп, кооперация саласында еңбек етті. Әйелі отыз жылдан аса балалар бақшасында тәрбиеші болды. Қазақ жерінде өмірге келген балалары ер жетіп отбасын құрады, енді немерелері мамандық игеруде. Иосиф Коркмазовтың айтуынша, Кавказға қайтқан туыстары ара-тұра қонаққа келгенде Қазақстанның бүгінгі өзгерген келбетіне таңдай қағып тамсанады екен. Оларға мұның барлығы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы екенін айтудан жалыққан емес. Шынында да солай, еліміздің бүгінгі жетістіктерінің барлығы көп ұлтты халқының ынтымағы мен бірлігінің арқасында болып жатыр. Елбасының пәрменімен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық игіліктердің ұйытқысы деуге болады. Тек қарашайлар емес, тағдырдың жазуымен әр кезеңде қазақ жерінен қоныс тапқан басқа ұлттар мен ұлыстардың өкілдері де мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқына зор құрметпен қарайды. «Аштықта жеген астың дәмі таңдайдан кетпес» демекші, сұрапыл соғыс жылдары ұлтының басына қиындық туған кезде қамқорлық құшағына алған, қуаныш-қайғылары ортақ, мерекелері де бір болған қазақ халқының мейірбандығын қалай ұмытсын?! Солардың арқасында ұлт ретінде сақталып қалғандарын айтудан жалыққан емес. – Қазақстандықтар қазір үлкен таңдау алдында. 9 маусымда президенттік сайлау өтпек. Оған мен де қатысатын боламын. Облыстың барша сайлаушылары дұрыс таңдау жасайды деп сенемін, – дейді Қордай ауданының Құрметті азаматы, қарашай ата Иосиф Коркмазов.
Құрманбек ӘЛІМЖАН, журналист.
Қордай ауданы.