Ауызбіршілікті нығайту – әлеуметтің тілегі
Ауызбіршілікті нығайту – әлеуметтің тілегі
Әр ұрпақтың дәстүрлі және уақыт өте қалыптасқан материалдық мәдениеті мен рухани-мәдени құндылықтары бар. Бұлай болмаған жағдайда біз бүгінгі қоғамды көз алдымызда мүлдем басқаша елестетер едік. Ұлттық құндылықтарды қадірлеу – барша адамзаттың биік мұраты. Бұл үрдіс тек бір халыққа ғана тән емес. Сол себепті әр этнос өз тарихын дәріптеп, дәстүр сабақтастығын сақтауға ұмтылады. Ұлы Даланы мекен еткен сан алуан этнос өкілдерін қуантатын да – осы. Өткеннің өшпейтінін біліп, салт-санасы ұмыт болмайтынына көз жеткізгеннен артық ұлт үшін қандай тілек болар дейсіз. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Конституцияда айқындалғандай, Қазақстан – өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырған ел. Мемлекетімізде барлық этнос өкілдерінің құқығы сақталған, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму жүйесі қалыптасқан.
Елбасы-Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында атап өткендей, біздің елімізде этностардың құқығын шектейтіндей бірде-бір заң жоқ. «Барлық азаматтардың теңдігі сақталған. Бұл туралы басты заңда тайға таңба басқандай жазылған», деді Тұңғыш Президент. Этносаралық саладағы біздің мемлекеттің саясаты – сан алуандықтың бірлігіне негізделген, сондықтан біздің ауызбіршілігі мығым еліміз үшін алынбайтын асу жоқ. Татулық – елдің мүддесі. Елдегі бірлік пен ішкі тұрақтылыққа негіз болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың жеке бастамасымен құрылған. Халықаралық сарапшылар бұл институттың мәдениетаралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт деп баға берген. Дүниежүзінде баламасы жоқ қоғамдық ұйым қоғамды ұйыстырушы әлеуетке ие болды. Халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналған Ассамблея – Елбасы төрағалық ететін конституциялық орган. Мемлекетіміздегі 130-дан аса этностың басын біріктіретін бірегей құрылым елдегі әлеуметтік бірліктің негізгі өзегіне айналып отыр. Сессияда Елбасымыз баса айтқан мәселе барша қазақстандықты ойландыруы тиіс. Әлем елдерінің тарихы этникалық қақтығыстар ең қуатты деген мемлекеттердің өзін құлдырауға алып келетінін көрсетіп отыр. «Бір кездері ұлттық, діни саясаттағы қателіктер ауыр тарихи драмаға себеп болады. Мемлекет бола алмаған елдердің өкінішті тәжірибесі кезінде сол жердегі адамдар бірлікті, келісімді және өзара түсіністікті сақтай алмағанын көрсетеді», – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы өз сөзінде. Алғаш құрылған жылдан бастап Ассамблея мемлекет пен халық алдындағы осы бір жауапкершілігін сезіне білді. Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасының өзі ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, әрбір қазақстандықтың өмір сапасын жақсарту арқылы әлеуметтік бірлікті қалыптастыруды көздейді. Біздің облыста осы тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттеріне және бекітілген жоспарларға сай ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өңірде қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау мен нығайтуға бағытталған 957 іс-шара өткізілуі, оған 57 мыңға жуық мақсатты аудитория қамтылуы – осы сөзіміздің дәлелі. Өткен жылы қоғамды біріктіру мен этносаралық жағдайды нығайтуға арналған тақырыптық 67 ірі іс-шара мен «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында 2 жоба жүзеге асырылған болатын. Оған 67 миллион 420 мың теңге қаражат қарастырылды. Биылдың өзінде осы бағытта 419 іс-шара ұйымдастырылып, оған 29 мыңға жуық азамат қатысты. Елбасының «Достық» үйлерін дамыту туралы тапсырмасына сәйкес, осы жылы «Айбын» әскери-патриоттық және «Қазақтану» жобасы аясында «Мәміле» клубтары, «Белсенді ұзақ жасау орталығы», қазақ қолөнер шеберлерінің «Ою қадамдары» курсы ашылып, жұмыс жүргізуде. Тәжікстан Республикасының Бас консулы Назир Баходур Тараздағы «Достық» үйіне келіп, «Жамбыл облыстық тәжік мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің, волонтерлер, үкіметтік емес ұйымдар мен «Мерикл» ассоциациясы өкілдерімен кездесті. Басқосуда миграция, құжаттарды рәсімдеу мен тіркеу және ауыстыру, азаматтық алу, сондай-ақ Тәжікстан жастарының қазақстандық жоғары оқу орындары мен колледждерінде білім алу мәселелері талқыланды. Ассамблеяның жұртты топтастыру бағытындағы жұмыстарының бірі – қайырымдылық ісі екені белгілі. Биыл өңірімізде «Сарқыт», «Сыбаға» және «Шашу» қайырымдылық акциялары аясында 31 595 адамға 95 302 300 теңгеге көмек көрсетілді. Шу ауданында «Үміт үйі» қоғамдық бірлестігі мен аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері «Үйден-үйге» атты қайырымдылық шарасын өткізіп, 60 отбасына 930 мың теңгеге, сондай-ақ «Zhas Projeсt» жастар корпусын дамыту жобасы аясында аз қамтылған 62 отбасына 1 376 400 теңгеге қайырымдылық жасалды. Ассамблея Төрағасы сессияда сөйлеген сөзінде әлеуметтік бірлікті нығайту үшін медиация институтын толыққанды пайдалану қажет екенін ескертті. Елімізде Ассамблея қамқорлығымен 800-ден астам қоғамдық медиатор жұмыс істейтіні белгілі. Олардың белсенді араласуының арқасында тек өткен жылдың өзінде ғана 20 мыңға жуық медиациялық келісім жасалса, облыста медиаторлар 735 даулы жағдайды шешті. Шешілген мәселелер, негізінен – еңбек, отбасылық-тұрмыстық, азаматтық және қылмыстық даулар. Биылдың өзінде медиация кабинеттеріне 232 азамат жүгініп, 192 жанжал мен даулы жағдайлар шешімін тауып отыр. Оның 15-і – еңбек, 123-і – азаматтық, 22-сі – отбасылық, 32-сі – қылмыстық даулар. Медиация институтын ілгерілету бойынша 4 іс-шара және 7 консультативтік-әдістемелік кездесу өткізілді, медиа-жоспар әзірленіп, спикерлер жасақталды. Елбасы Ассамблея отырысында жергілікті жерлерде және орталықта билік органдары жанынан құрылған барлық қоғамдық кеңестердің қызметін нақты регламенттелуі керектігін айтты. Олардың сапалық құрамдарын күшейтіп, жауапкершілігін айқындап, толыққанды жұмыс істеуіне жағдай жасауды тапсырып отыр. Биыл өңірдегі Қоғамдық келісім кеңестері Қазақстан халқы Ассамблеясының «Кедергіге жол жоқ» әлеуметтік жобасы шеңберінде жұмысты жандандырмақшы. Жоба бойынша арнайы құрылған топтар 251 мекемеде мониторинг жүргізіп, анықталған кемшіліктер бойынша қалалық және аудандық еңбекпен қамту әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне ұсыныстар жолдады. Ал «Жаңғырған ауыл» жобасы бойынша кеңес мүшелері Меркі ауданындағы кәсіптік және Т.Рысқұлов ауданындағы агроөнеркәсіптік колледждерде кездесулер өткізіп, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері мен білімгерлерден құрылған аграрлық клуб ашып отыр. 10 ауданда «Бизнесті заңсыз әкімшілік қысым мен қылмыстық қудалау қатерінен қорғау», «Фелдьшерлік-акушерлік пункттердің тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуі» және «7-20-25» бағдарламасын түсіндіру бойынша отырыстар өткізді. Сондай-ақ Қордай ауданы Масаншы ауылында облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің көшпелі отырысында аудандық жергілікті атқарушы органдары мен құқық қорғау органдары басшыларының есептері тыңдалып, көтерілген мәселелерге қарай 11 нақты тапсырма берілді. Дүнген этносы тығыз шоғырланған ауылдардағы кездесулерде жастардың мемлекеттік тілді еркін меңгеруі, қыз балалардың ерте тұрмысқа шығуы, қоғамдық тәртіп, тағы да басқа түйткілдер қозғалды. Жалпы жастар тәрбиесіне қатысты мәселелерге облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының аналар кеңесі де белсенді араласуда. Олар биылдың өзінде 42 кездесу ұйымдастырып, 2580 адамға ақпараттық кеңестер берді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады. Бүгінде Жамбыл жері 80-нен аса этнос өкілінің құтты мекеніне айналған. Оның ішінде этностық құрамы жағынан үлкен 12 этнос бар. Қазақтар, орыстар, дүнгендер, түріктер, өзбектер, күрділер, әзірбайжандар, қырғыздар, корейлер, татарлар, немістер, украиндардың үлес салмағы облыс тұрғындарының 98,9 пайызын құрайды. Сондықтан біздің өңірімізде этносаралық қарым-қатынасты нығайту жұмыстары тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ, яғни, 1992 жылы қолға алынған. Сол жылдары облыста грек, өзбек, түрік, шешен-ингуш, кәріс, ұйғыр, неміс, украин және орыс, жалпы 9 этномәдени бірлестіктің өкілдіктері жұмыс атқарса, қазір өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясы шаңырағының астында біріккен ұлттар мен ұлыстар саны көбейе түскен. Қазіргі кезде олардың жұмысы ұлттардың мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтау және насихаттаумен шектелмейді. Сан алуан ұлттың өкілі бір мақсат төңірегінде топтасып, қоғамдық-саяси маңызы бар жұмыстарда қозғаушы күшке айналып, игі істердің бастамашысы болып отыр.
Маржан ҚОЖАЕВА, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі.