Білім

Бірлігі мығым елді жау алмайды

Бірлігі мығым елді жау алмайды

Оксана ПИСЬМЕННАЯ, армрестлингтен әлем чемпионы.

Қазақстан – жүзден астам ұлттың басын қосып отырған ұлы шаңырақ. Біздің елді мекендеген барлық ұлт пен ұлыс тең жағдайда ғұмыр кешіп жатыр. Баршамыздың конституциялық құқығымыз бірдей. Бейбітшілік пен татулықты, достықты басты мұраты еткен елдің ырысы тасиды. Оны біздің еліміз әлемдік деңгейде әйгілеп, дәлелдеп келе жатқаны жұртшылыққа аян. Мен спортшы болған соң шетелдерге жиі шығып тұрамын. Әлем елдері біздің Отанымызды танып, біліп жатқан кезде жүректе мақтаныш сезімі ұялайтыны рас. Қай саланы алып қарасақ та, бірліктің, берекелі тірліктің арқасында дамудың даңғыл жолына түскеніміз айқын аңғарылып тұрады. Мұның бәрі көп ұлтты елімізде дұрыс саясат жүргізіліп жатқанынан хабар берсе керек-ті. Біздің мемлекетімізде спорт саласына баса назар аударылғаны белгілі. Нәтижесінде қазақстандық спортшылар тәуелсіздік алғалы бергі аралықта барлық Олимпиада ойындарынан алтын жүлдемен оралып жүр. Оған біз шын жүрегімізбен қуанамыз. Өйткені көк Туымыз көкте желбіреп, Гимніміз шырқалады. Ол кездегі сезімді сөзбен айтып жеткізудің өзі қиын. Әлем чемпионаттары мен халықаралық жарыстарда алтыннан алқа тағынған спортшылардың барлығы мұндай толқынысқа толы сәтті басынан өткергеніне таласым жоқ. Татулық, ұлттар достығы – біздің басты тірегіміз. Ал Отанымыз – жүрегіміз. Ендеше, бейбітшілік жолын ұстанған Қазақстан өркендей берсін! Білімді жастар еліміздің атын шығарсын!