Саясат

Фермерлер сайлауға біркісідей қатысатын болады

Фермерлер сайлауға біркісідей қатысатын болады

«Қазақстан Фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының ұйымдастыруымен облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәжіліс залында өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен жиын өтті. Күн тәртібіне қойылған мәселе – 9 маусымға белгіленген Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына қолдау білдіру. Осылайша жамбылдық фермерлер Мемлекет басшысының елде президент сайлауын өткізу жөніндегі Үндеуіне бірауыздан үн қосты. Жиынды «Қазақстан Фермерлер одағы» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Жигули Дайрабаев ашып, сайлаудың саяси және экономикалық-әлеуметтік маңызына тоқтала отырып, ауқымды баяндама жасады. Бұдан кейін өрбіген жарыссөзде бірінші болып Жамбыл аудандық фермерлер одағының төрағасы, «Амангелді» өндірістік кооперативінің басшысы Қасымхан Қанаев пікірін жеткізді. «Президентіміз белгілеген сайлауға облыс тұрғындары үлкен жауапкершілікпен қарайды деген сенімдемін. Өйткені Елбасы Н.Назарбаев өзінің отыз жылға жуық жоғары билікте болған кезінде Қазақстанды әлемге танытты. Сыртқы және ішкі саясатты қалыптастырды. Елімізді дамушы ел ретінде әлем мойындады. Қазір экономикалық-әлеуметтік салада үлкен ілгерілеушілік бар. Енді біз ел дамуының жаңа кезеңіне белсене араласып, келесі Президентті дұрыс таңдау үшін сайлауға біркісідей атсалысуымыз керек», – деді ол. Келесі кезекте Меркі аудандық фермерлер одағының төрағасы, «Совет» шаруа қожалығының жетекшісі Совет Қалманбетов «Менің ойымша, әлемдегі халықаралық саяси жағдайдың тұрақсыз болып тұрған кезеңінде, елдегі қауіпсіздікке тікелей қатысы бар әлеуметтік-саяси келісімді, тұрақты прогресті қамтамасыз ету, әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін шешу үшін президенттік сайлауды өткізу дұрыс шешім» деген ойымен бөлісті. Ал Байзақ аудандық фермерлер одағының төрағасы, «Орынбай ата» шаруа қожалығының жетекшісі Шахайхан Асанов «Мемлекет басшысының Президент сайлауын өткізу туралы Үндеуі өте өзекті, уақыт талабынан туындаған мәселе деп есептеймін. Облыс шаруалары Президенттің шешімін толықтай қолдайды. Елдегі ең маңызды сайлауды алдын ала өткізіп алған соң, қазақстандықтар бар күш-жігерін әлеуметтік-экономикалық саладағы түйінді мәселелерді шешуге жұмсайды деген сенімдемін», – деп түйді ойын. Сондай-ақ «Байназар» шаруа қожалығының жетекшісі Хамидулла Байназаров сайлауға қолдау білдіре отырып, елімізде кенжелеп қалған ауыл шаруашылығы саласын көтеруге көңіл бөлінсе екен деген ұсынысын жеткізді. «Елің бар жерде биіксің, елің жоқ жерде киіксің» демекші, өңір шаруалары осылай Президент Үндеуіне жедел үн қосып, алдағы сайлауға біркісідей қатысуға уағда жасасты.

Тараз қаласы.

Марат Құлибаев