«ТаразТаунхаустың» алғашқы қарлығашы
«ТаразТаунхаустың» алғашқы қарлығашы
Тараз қаласындағы «Зербұлақ» көлінің іргесіндегі каллаур әкім көшесінің бойынан «Жаныс-строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары екі қабатты төрт пәтерлі ерекше үйдің құрылысын аяқтады. Қазір маңайын абаттандыру, көріктендіру жұмыстары жүргізілуде. – «Таунхаустар» аталатын мұндай шағын да жайлы әрі көрікті үйлер Астана мен Алматы қалаларында бар. Енді міне Тараздан да бой көтерді. Құрылысты бар-жоғы екі жарым айда сегіз құрылысшыдан жасақталған бір-ақ бригада аяқтады. Уақыттың тым аз болғанына қарамай біз бірінші сапасына, екінші сәніне ерекше көңіл бөлдік. Директорымыз да, өзім де күн ұзақ осындамыз. Төрт бөлмелі бір пәтердің өзі екі қабатта да болады. Әр пәтердің иесіне үш сотық жер де беріледі. Бағасы да қолжетімді. Облыс орталығынан 200 пәтерден асатын тағы да осындай отыздан аса үй салуды жоспарлап отырмыз. Алайда, ол үйлер қай жерден орын тебеді оны енді уақыт көрсетеді, – дейді серіктестік директорының орынбасары Абзал Оспанов. Бұған дейін Астана мен Алматы қалаларында осындай үй салып келген серіктестік құрылысшылары бұл өзгеше үйге де бар өнерлерін салыпты. Құрылыс материалдары канадалық үлгімен жасалғандықтан көздің жауын алады. Сәтін салса енді аз күнде бақытты төрт отбасы ерекше жобамен салынған көрікті үйде қоныс тойын тойлайды.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.