Тараздағы «GOOD LOOK»-тің ғажап өнімдері
Тараздағы «GOOD LOOK»-тің ғажап өнімдері
бүгінде Өзбекстан, Қырғыз, Иран, Ауғанстан, Әзірбайжан, Түрікменстан және Тәжікстан мемлекеттерінде үлкен сұранысқа ие
Тараз қаласындағы 2017 жылы іске қосылған «GOOD LOOK сауда үйі» ЖШС-ның құрама жем өндіретін автоматтандырылған кешені өңірімізді индустрияландырудың шоқтықты бір жемісі деуге әбден лайық. Бұл жоба бастапқыда жоспарлы экономика тұсында фермаларға, құс фабрикалары мен мал бордақылау цехтарына қызмет көрсету бағытында әзірленген-ді. Ал нарықтық экономика зауыт ісін алуан меншік иелерінің елеулі бөлігіне сәйкес бағдарлап, қайта құрылымдауды талап етті. Жалпы зауыт заманауи талаптарға сәйкес салынған десе де болады. Бүгінде өнімдері мал және құс шаруашылығы кешендері, шағын және жеке қосалқы шаруашылықтар, кәсіпкерлер арасында жоғары сұранысқа ие, сатып алушылары ең көп компанияға да айналып отыр. Кәсіпорын негізінен барлық ауыл шаруашылығы жануарларына, құстар мен балықтарға арналған құрама жем шығарумен айналысады. Өнімдері еркін сатылымға шығарылуда. Олардың құрамы ақуызға бай, құнарлы да жұғымды. Мал атаулы сүйсініп жейді. Бұл жерде шығарылатын қоспа жем түрлерімен азықтандырылған мал да тез ет алады. Жалпы зауыттың жобалық қуаттылығы тәулігіне 480 тонна өнім өндіруге есептелген. Мұнда сондай-ақ бір мезгілде 17469 текше метр өнімді сақтауға арналған элеватор жұмыс істейді. Өнімдерді тасымалдау үшін темір жол тұйығы салынған. Тиісінше қызмет көрсететін құрылымдары бар. Өзінің жеке элеваторы болуы зауыттың қажетті көлемде шикізат қорын жинақтай алуына және астық дақылдарын сақтау мен өңдеу бойынша коммерциялық қызметтер ұсынуына мүмкіндік беріп отыр. Ал темір жол тармағы іске қосылуының нәтижесінде кәсіпорын өңірлермен экономикалық байланысын бұрынғыдан да нығайта түсті. Айта кету керек, бүгінгі күні жемдік қоспалар нарығы елімізде мейлінше жедел қарқынмен даму үстінде. Сұраныстың ұлғаюына бір жағынан мал шаруашылығы өнімдерінің бағасы көтерілгені, екінші жағынан бұл салаға дотация және жеңілдікпен несиелер берілетіні себеп болып отыр. Осы ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі жем өндірісін 2020 жылға дейін дамыту жөнінде шеберлік жоспарын дайындап, ұсынғаны да белгілі. Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған және жаңадан салынған құрама жем зауыттарын жеңілдікпен қаржыландыру және инвестициялық субсидиялау түрінде қолдау жолымен жаңарту мәселесі жүйелі шешімін тауып келеді. Қоспа жем өндірісін қайта жаңғырту ісі ауылды дамыту мен мал шаруашылығы өнімдері көлемін ұлғайтуға да септесуде. Бүгінде елімізде 20 дербес құрама жем зауыттары жұмыс істейді. Олардың өндірістік қуаттылығы 1 миллион тонна өнім өндірілуіне әбден жетеді. Сондай-ақ мұндай іс жалпы қуаттылығы жылына 694 мың тоннаны құрайтын 114 цехта да (оның ішінде 98-і шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар үлесінде, қалғаны – шаруашылықаралық) табысты ұйымдастырылып отыр. Олардың өнім өндіру көлемі де жыл сайын ұлғайтылуда. – Толық құрамды қоспа жем өндіретін автоматтандырылған кешеніміздің жалпы аумағы 1,8 гектарды құрайды. «GOOD ZHEM» сауда маркасымен танымал өнімдеріміз бүгінде ішкі нарыққа ғана емес, Өзбекстан, Қырғыз, Иран, Ауғанстан, Әзірбайжан, Түрікменстан, Тәжікстан мемлекеттеріне де өткерілуде. Бұл, әрине, ауқымды жұмыс. Сондықтан да зауытта екі ауысым жағдайында 60 адам еңбек етеді, – дейді серіктестік директоры Румия Хашимова.
Баймаханбет АХМЕТ
Тараз қаласы.