Саясат

Халық қалаулыларының қалауы

Халық қалаулыларының қалауы

Облыс әкімінің орынбасары М.Жолдасбаев  Сенат депутаттығына үміткерлікке ұсынылды15Мемлекет басшысының Жарлығына сай, алдағы 1-қазанда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы өтетіні белгілі. Саяси науқан жақындаған сайын жұртшылық арасында «Біздің облысымыздан үміткерлікке кімдер ұсынылады?», «Облыстық мәслихат депутаттары кімдерге сенім артар екен?» деген сипаттағы сауалдар жиілей бастады.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңның 71 бабы 2 тармағына сәйкес, қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар да Парламент Сенатының депутаттығына үміткер ұсыну құқығына ие. Кеше депутат Асаубай Майлыбаевтың төрағалық етуімен облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХҮІІ сессиясы осы мәселені талқылады. Оның жұмысына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, облыс әкімінің орынбасарлары, Тараз қаласы мен аудандардың әкімдері, қалалық және аудандық мәслихаттардың хатшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі облысымыздан Қазақстан Республикасы Сенатының депутаттығына үміткер ұсыну туралы мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясы облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының атынан депутат, облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы Гүлсін Орынбаева хабарлама жасады. – Осы алқалы жиынға қатысып отырған әріптестердің ішінде сайлаушы болу, сайлану және сайлау науқанына атсалыспаған азамат кемде-кем. Бұл науқанның белсенді де қызу өтуі саясат үшін қалыпты жағдайлардың бірі екені даусыз. Осыған дейінгі Парламенттің қос палатасына көптеген жерлестеріміз жолдама алған болатын. Және олардың әрқайсысы еліміздің, оның ішінде аймақтың дамуына өзіндік сүбелі үлес қосқандар. Осы орайда «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясының атынан ел Парламентінің жоғарғы палатасы – Сенат депутаттығына үміткер ретінде есімі елге жақсы таныс, қызметінің басым бөлігін облысымыздың аграрлық саласына, әлеуметтік-экономикалық дамуға арнап келе жатқан облыс әкімінің орынбасары Мұратбай Сматайұлы Жолдасбаевтың кандидатурасын ұсынамын. Қолынан іс келетін қарапайым жұмысшыдан бүгінгі ел ағасына дейінгі жолдан өткен, аймақтың жай-күйін, әлеуметтік жағдайын, экономика мен нарықтың қыр-сырын, саяси жүйені жақсы меңгерген азамат ретінде қолдау көрсетуді сұраймын, – деді Г. Орынбаева. Одан кейін облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, Т.Рысқұлов және Меркі аудандарынан сайланған облыстық мәслихаттың депутаттары Халит Базаралиев пен Совет Қалманбетов үміткердің іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті, өмірлік мол тәжірибесі мен адами асыл қасиеттері туралы ойларын ортаға салды. Халық қалаулылары М.Жолдасбаевты Парламент Сенатының депутаттығына үміткер ретінде ұсынуға бірауыздан қолдау білдірді. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Мұратбай Сматайұлы көрсеткен сенімдері мен қолдаулары үшін облыстық мәслихаттың депутаттарына алғысын жеткізді.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».