Білім

Cүйектен сүңгі, Жантақтан ине, жаңқадан түйме жасаған

Cүйектен сүңгі, Жантақтан ине, жаңқадан түйме жасаған

Он бармағынан өнер тамған шеберлер өңірімізде аз емес. Олар ешқашан ерінбейді, «Ел жатса да, елекем жатпайды» дегендей, түнде де тыным таппайды. Жатса да, тұрса да әлдебір жаңалықты іздеп жүретіні бар. Ойланады, толғанады. Тұңғиық ой өз жемісін берген кезде шабыттана іске кірісіп, жаңа жобасын бастап кетеді. Жантақтан – ине, жаңқадан түйме жасайтын қолөнер шеберлерінің ерекшелігі де сонда болса керек-ті. Жалпылама айтқанда олардың еңбегі мен төккен тері көпшіліктің көзіне көріне бермейтіні сөзсіз. Алайда қолөнершілердің еңбегі қашанда бағалауға тұрарлық. Біздің бүгінгі айтпағымыз суретші, мүсінші, ұста Жанар Керімбеков жайында өрбімек. Ол бейнелеу өнерімен айналысуды шынашақтай кезінен, анығырақ айтсақ, алты жасында бастаған екен. Әлбетте, көп балақайлар бұл жаста ойыннан қолы тимейтіні жасырын емес. Жанардың талғамы да, таңдауы да басқа болып шықты. Әкесі Сембек сүт-айран тасып, еңбектің бел ортасында жүрген болса, анасы Жәмила Керімбекова қалалық кеңестің депутаты ретінде билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір қызметін атқарыпты. Халық қалаулысы жұрттың жүрегіне жол табуға тырысқан. Оның ата-анасы он ұл-қызды өсірген, қанаттыға қақтырмай тәрбиелеген. Жанар – үйінің үлкені. Сондықтан да ол 16 жасында суретшінің көмекшісі ретінде еңбекке ертерек араласады. Ата-анасына болысып, бауырларын тарықтырмау үшін тер төгеді. Суретші әрі ұста ретінде бірнеше мемлекетте болып, олардың мәдениетімен, тарихымен жақынырақ танысады. Түрлі болмыс пен мінезді, ұлттық ерекшеліктерді аңғарады. Сабақтастық іздейтіні тағы бар. Түркия, Финляндия, Швеция, Латвия, Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғыз елдеріне атбасын бұрған. Біздің кейіпкеріміз – полиглот. Адамдармен тоғыз тілде еркін тілдесе алады. Жанар Сембекұлы ағаштан да, сүйектен де түрлі бұйымдар жасай береді. Сәмбі талды көлеңкеде кептіріп, өңдейді. Оның жасаған бұйымы кейде ирелеңдеген жыланға да ұқсайды. Ал бір бөлігі айдаһарға келеді. Екеуін үйлестірсең, айдаһар жыланды жеп жатқан көріністі көруге болады. Осы еңбегі үшін Мәскеуде өткен халықаралық қолөнершілер байқауының бірінші орын иегері атанды. Сүйектен жасаған бұйымдары да бір шоғыр. Ағаштан келсап, алма салғыш жасаған. Сүйектен де бірнеше бұйымды ретке келтіріпті. Бір бұйымының өзі бірнеше мағына береді. Ол білезік, сақина, бойтұмарларды да сәнді етіп әрлеп шығарады. Кейіпкеріміз өн бойына өнер атаулыны жиып қана қоймай, спортқа да аңсары ауған екен. Жеңіл атлетиканы жанындай жақсы көреді. Сондықтан да Жанар – марафоншы. Алыс қашықтықта бақ сынауға ынтық. Бірнеше жыл бұрын Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген марафонға қатысып, жүлдегерлердің қатарынан көрінгенін біреу білсе, біреу білмес. Жұртшылық оның қолынан шыққан бұйымдарды жоғары бағалайды. Ризашылықтарын жеткізіп жататындар да аз емес. Біздің Жанардың қолынан шыққан суреттер Орта Азия елдері арасында өткен байқауларда жүлдеге ілігіпті. «Менің жоспарларым өте көп. Қолөнер шебері ретінде жастарды осы кәсіпке үйретсем деймін. Бір суретке бірнеше мағына беруге күш саламын. Үйренгенімді өзгеге үйретуден жалыққан емеспін», – дейді суретші, мүсінші Жанар Керімбеков.

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.