Білім

«Жан серігім қоңыр домбыра мен қыл қобыз...»

«Жан серігім қоңыр домбыра мен қыл қобыз...»

дейді ақжаулықты өнер иесі Уәсилә Шыңқожақызы

« …Тереземнің түбінде, Бүршік жарды қара ағаш. Бір бұтағы кесілген, Бір бұтағы жалаңаш», – деген өлең жолдарын оқып ойға қалдым. Бұл өзім композитор атап жүрген Әсия Шыңқожақызының өлең дәптеріндегі «Жалғыздық» атты қара өлеңнің алғашқы жолдары еді. Бұрын ол кісінің ән шығарып жүргенін білетінмін, бірақ өлең жазатынын енді аңғардым. Жаңағы өлең жолдары оның бүгінгі халінен хабар беріп тұр ғой. Онысын бұрын неге сезбегенбіз? Мынау тіршілік дегенді қойсаңызшы, әпкеміздің желдей ескен жетпіс беске келіп, бірақ бір жылдан бері төсек жағалап қалғанын да жаңа көріп отырмын. Оның осы шарасыз хәлі жаралы жанына жылы ағыс іздеген аққуға ұқсайтын тәрізді. Ой шіркін жүйрік қой. Әсия әпкейдің (оны жұрт Василиса деп те атайды. Шамасы Құран Кәрімдегі Уәсилә болуы әбден мүмкін) болмысы бөлек. Ол «жазатайым беймезгіл жамбасын ауыртып, жатып қалғанға дейін бойында от-жалыны тасыған, жігерлі жан еді ғой» деген ой сап ете түскені сол еді, жарлысулық мүсінші Қамзақ Төлендиев пен ЮНЕСКО-ның Франс Кафка атындағы сыйлығын алған жазушы Немат Келімбетов көз алдыма келді. Ол екеуі тағдырдың талайымен төсек тартып жатса да, жаны жүдеп, жасымай, тауы шағылып, меселі қайтпай Тәңірінің сынағына болаттай берік болып, шыдап еді-ау. Уәсилә жеңгемнің де маңдайына түскен әжімі оның қиындыққа қыңбай жатқанын айғақтап тұр ма деймін. Сонымен, өнер қонған Шыңқожа әулетінен шыққан Уәсилә екеуміздің әңгімеміз жарасып жүре берді. Жалпақсазда тұрып жатқан Ботбай жұртының Қанай биінен тарайтын Ақмырза мен Сарымырза бақуатты, бай кісілер болса керек. Ақмырзаның Қалипа есімді қызы қазақтың біртуар ұлы Тұрар Рысқұловтың анасы, Сарымырзаның шөбересі. Ал Сармырзадан Уәсиләнің атасы Омар, одан Шыңқожа туған. Шыңқожа болса Тұрардың қабырға ағайынының қызын алып отыр. Демек, Шыңқожа Омаров Тұрар Рысқұловқа күйеу болса керек. – Әкем Шыңқожа мен шешем Оңласын екеуі де қолы қалт еткенде домбырасын алып, күй шертіп, кейде он екі қатарлы сырнайын алып ән салғанды қош көретін. Әкеміз осы Жалпақсаздағы ең алғашқы құрылған партияға жетекші болды. Мені шешем Шаянда (Шымкент облысында әкем партия басшысы болып жүргенде) дүниеге әкеліпті. Біздің әулет түгелдей дерлік өнерлі. Ағам Ерлік, бауырларым Мәлік, Әлік, әпкем Орынкүл шетінен күміс көмей әнші, биші. Мен де өзімді осы жолда тазалықтың төркінін іздеп шыққан жандай сезінемін. 1963 жылы Жамбыл мәдени-ағарту училищесінің қобыз сыныбын тәмамдап, облыстық драма театрда жұмыс істеп жүргенде жаңатұрмыстық Қуаныш Алмабаевпен тағдыр қосты. Ол да өнер адамы еді, дүниеден ерте өтті. Бірақ артында үш ұл, үш қызы қалды. 41 жасында Марат пен Қанат есімді екі ұлымды бірдей ажал алды. Олардан алты немерем бар. Жеңісім Таразда, ал, Мельсім келінім Ақерке екеуі қолымда. Қыздарым София, Ғазиза, Алтынай да өмірден өз орындарын тапқан. Иә, «Орнында бар оңалар» деген, ауылдағы орта мектепте отыз екі жыл табан аудармай жұмыс істеп, 1997 жылы зейнетке шықтым. Содан бері жан серігім қобызым мен домбырам. Жамбылда ұстазым Шәкен Жұмановадан атақты қобызшы Бекет Жетпісов, Еңлік Азатова бәріміз білім алдық. Сол білімімді шәкірттеріме сарқып бердім. Қазір құлағымнан қобыз сарыны кетпейді. Менің бүкіл өмірім осы қыл қобыздың қоңыр үні мен әуеніне тұнып тұрғандай болып көрінеді, – дейді байырғы ұстаз тебірене сөйлеп. Уәсиләнің қобызының үні қазір бүкіл елімізді шарлап кеткен. Қобызшы шәкірті Нұрмат Тәшенов Меркіде жүрсе, Гүлжан Садықова жақында ғана Америка жұртын таңдай қақтырып, елге оралды. Ал, қызы Алтынай мен шәкірттері Ақерке Қырықбаева және Сандуғаш Нәрікбаева ұстаздық жолын қуып, тәлімгер болып жүр. Композитор қазір күйеуі Қуан көтерген шаңырақтың ошағын сөндірмей, бір керемет әуенге бой алдырып, ыңылдап отыр. Бірде қолына домбырасын, енді бірде қобызын алып, шерін тарқатып алды. Енді мен естімеген бір ән әуеде қалықтап тұрып алды. Әннің айтылуы да тұнық. Құлағы бардың құлақ құрышын қандырғандай әдемі. Уәсилә әпкей бір кезде күйсандығын жанына сүйей беріп: «Бұл «Әйелдің жасы он сегіз» деген әнім. Мұны ең алғаш ауылымыздың келіні Бақыт Бидайшиева орындаған. Кейін атақты әнші Татьяна Бурмистрова үлкен сахнаға шығарды», – деді. Әңгімеміз әнге ойысқанда оның жерлес ақындарымыз Қуандық Шолақ пен Кәріпжан Нүсіптің өлеңдеріне шығарған «Әке туралы жыр» және «Анама» атты шығармалары бар екенін білдік. Ал ақын Несіпбек Айтовтың он екі айға жазылған он екі циклды өлеңі Уәсилә әпкейдің ұстаздық еткен жылдарында оны Мәскеуге дейін апарды. 1993 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі»деген атаққа ие болуына септігін тигізді. Сол эстетикалық циклдағы пәндерді интеграциялаудағы еңбегі жоғары бағаланды. Қазіргі таңда ұстаздың Руслан Мамыт сынды шәкірті эстрада жұлдызы атанса, шәкірті Асхат Қылышбек айтыскер ақын ретінде танылып, есімі ел аузында жүр. Алматыда бишілер тобын биікке шығарып, өнерімен талайды тамсандырған шәкірті Нұржігіт Құлбарақовты да ел мақтайды. Біз оның үйіне атбасын бұрар алдында шаңырағына ауыл әкімі Нұрболат Жамалбеков келіп кетіпті. Бәлкім сондықтан болар, көңілі көтеріліп, шалқып отыр екен. Ол біз үйден шығып бара жатқанда да қолынан қобызын тастамай күй тартып қала берді. Жасы жетпістің бесеуіне келген композитордың көкірегін күй тербейді. Оның кеудесін кернеген қобыз сарыны енді бүкіл алқалы ауылды күйімен тербеп тұрғандай…

Сейсен ҚОЖЕКЕ.

Т.Рысқұлов ауданы.

Суретте: (ортада) ұлағатты ұстаз әрі композитор Әсия (Уәсилә) Шыңқожақызы Омарова.