Ел экономикасына қажет қадам
Ел экономикасына қажет қадам
Кез-келген елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру, сыртқы және ішкі саяси жағдайын реттеу, қорғаныс қабілетін нығайту, жұртшылықтың әл-ауқатын жақсарту сияқты өмірлік мәні бар өзекті мәселелерінің шешімін табуы мемлекеттік басқару жүйесін ұдайы жетілдіріп отыруын қажет етеді. Тәуелсіздігінің жиырма жылдан астам уақыты аралығында жас мемлекетіміз де билік тармақтарының тиімділігін арттыру мақсатымен заң шығарушы, атқарушы және сот билігі салаларында бірнеше рет кешенді реформаларды жүзеге асырғандығы белгілі. Ағымдағы жылғы тамыз айының 6 күні Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысында жария еткен, еліміздегі мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуды және оның тиімділігін арттыруды, мемлекеттік аппаратты оңтайландыруды көздейтін «Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару жүйесінің реформасы туралы» және «Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлықтары сол үдерістің сабақтас бір көрінісі болып табылады. Республика Президентінің Жарлығына сәйкес жаңадан құрылған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне таратылған бұрынғы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Қаржы полициясының құзырындағы мемлекеттік қызмет саласындағы біртұтас мемлекеттік саясатты іске асыру, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау, сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу жөніндегі функциялары мен өкілеттіктерінің берілуі мемлекеттік қызметшілердің сапалық деңгейін көтеруге, олардың мемлекет және қоғам алдындағы жауапкершіліктерін арттыруға және қоғамды жайлай бастаған сыбайлас жемқорлық дертімен күресті барынша нәтижелі жүргізуге мүмкіндік беретін болады. Мемлекет басшысының қазіргідей халықаралық қауымдастықта саяси шиеленістер күшейіп, экономикалық дағдарыстың жаңа толқынының сызаты сезіле бастаған шақта уақыт талабына сай ел Үкіметін реформалауы алдағы кезеңде күткендегідей жемісін берері даусыз. Жұмысымызға серпін береді Зейнел-Нәби СҰЛТАНБАЕВ, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялды-инновациалық дамыту басқармасы басшысының орынбасары. Елбасымыз күні кеше ағымдағы жартыжылдықтың жұмысын қорытындылап, экономика өсімін төмендетпеудің жолдарын қарастырған тағы бір алқалы жиын өткізді. Үкіметті қайта жасақтап, жемқорлық, жекешелендіру, көлеңкелі экономика, салықтық рақымшылық сынды кеңейтілген отырыста талқыға түскен мәселелердің барлығы да өзекті. Соның ішінде Индустрия және жаңа технологиялар, Көлік және коммуникация министрліктері мен бірқатар агенттіктер жаңа ведомство – Инвестициялар және даму министрлігінің құзіретіне берілетіні белгілі болды. Бұл жаңалыққа біз тек қана қуанамыз. Өйткені, жаңа министрлік құрамында біздің жұмысымыз да жанданып, ісімізге тың серпін береді деп сенеміз. Біздің саламызға қатысты тағы бір мәселе – кәсіпкерлерге салықтық рақымшылық жариялау туралы шешім. Ал, бұл өз кезегінде мемлекетте кәсіпкерліктің өсіп-өркендеуіне ғана емес, экономикамыздың нығая түсуіне жол ашатыны аян. Жалпы, бүгінде кәсіпкерлерге жасалып жатқан қолдау мен көмек аз емес, әрине. Бұған дейін де ел кәсіпкерлеріне өткен жылдың қаңтарынан осы жылдың қаңтар айына дейін салық органдарында есепте тұрған айыппұлдар бойынша кешірім жасалатыны туралы хабарланған болатын. Енді міне, Нұрсұлтан Әбішұлы «Үкімет осы жылдың бірінші желтоқсанына дейін бизнесті қолдауды дамытудың бірыңғай бағдарламасын қабылдауы қажет. Үкіметке шағын және орта бизнес субъектілеріне 2014 жылдың 1 қазанына дейін жиналған айыппұлдар мен өсімдер бойынша салықтық рақымшылықты іске асыруды тапсырамын», – деп тағы да төбемізді көкке жеткізгендей болды. Енді бизнес саласында жүргендер осы мүмкіндіктерді пайдаланып, аянбай еңбек етуі тиіс. Жаңа өзгеріс жаңа міндеттер жүктейді Нұрхат Серікбаев, облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» директорының міндетін атқарушы. Мәдениет, спорт және дін саласы – еліміздің үш тұғыры іспетті ұғым. Қазіргі жаһанданудың кері әсеріне жақындап бара жатқан қоғамда салауатты өмір салтын сақтап, шатақ діндердің шырмауына түспей, мәдени мұраларымызды, ұлттық құндылықтарымызды барынша табиғи қалпында сақтап қалуға тиіспіз. «Қазақстандық мәдениет еліміздің барлық азаматтары үшін патриоттықтың өзегі болуы қажет», – деп Президентіміз атап көрсеткен болатын. Сондықтан, алдағы уақытта дін, спорт саласына Мәдениет және спорт министрлігі бас-көз болатынынан хабардар болдық. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының бірқатар министрліктерді біріктіру туралы шешімін қуаттаймыз. Бұл – тиімді басқарудың алғы шарты. Тетігі. Жалпы, елімізде болып жатқан мұндай біріктіру саясатында мақсатты, тыңғылықты істер атқарылатыны белгілі және оған еліміздің әрбір азаматы өз үлесін қосқаны абзал. Бұл саясаттың елімізге тиімділігі жағы да бар екені даусыз. Бүгінгі таңда комитеттер мен агенттіктердің саны тым көп болып кеткені рас. Олар бір министрлікке қараса, одан ешкім ұтылмайды. Қайта жауапкершілік жүгі арта түседі. Қоғам өмірінің ең маңызы саналатын дін мен мәдениеттің байланыстылығы бар екені анық. Дінсіз қоғам болмайтындықтан, дінсіз мәдениет те болмайды. Өйткені, мәдениет пен дін егіз ұғым. Ал спорт саласы еліміздің азаматтарының салауаттылығын арттыруға ерекше серпін беруге тиісті екені және сол бағытта жұмыс жасап келе жатқаны айқын. Солай бола берері де сөзсіз. Біздің қоғамда қазір ең керекті болып отырғаны – осы салаларды ғылыми тұрғыда зерттеумен шұғылдану. Ол болашақтың бедеріндегі атқарылар шаруа екені анық. Бір сөзбен айтқанда Мемлекет басшысының бұл саясатын қолдаймыз. Әрі қарай жұмысты жаңаша түрлендіруге атсалысамыз.