Саясат

Қазіргі жағдайда өсіп-өркендеу үшін халықтың бірлігі бекем болуы керек

Қазіргі жағдайда өсіп-өркендеу үшін халықтың бірлігі бекем болуы керек

Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезі өтті. Кезектен тыс өткен ХІХ съездің күн тәртібіне сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті сайлауына «Nur Otan» партиясының атынан үміткер ұсыну жөніндегі мәселе қаралды.Партияластарының алдында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауыр дағдарыс жағдайында басталған тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру жолы оңай болмағанын еске салды. – Экономиканың жаппай күйреуі халықтың басым көпшілігін күйзеліске ұшыратты. Көптеген сарапшылар этносаралық шиеленістер мен қақтығыстар болады деп болжам жасады. Бірақ біз өзіміздің егемен елімізде бейбітшілік пен келісім жағдайында өмір сүруге лайықты екенімізді бүкіл әлемге дәлелдедік. Менің «алдымен экономика, сосын саясат» деген негізгі қағидатым дұрыстығын дәлелдеді, – деді «Nur Otan» партиясының Төрағасы. Қазақстанның Тұңғыш Президенті дұрыс жүргізілген саясаттың арқасында еліміздің посткеңестік кеңістіктегі қарқынды дамып келе жатқан мемлекетке айналғанын айтты. «Nur Otan» партиясының Төрағасы жолдардың құрылысы мен қайта жөнделуінің зор нәтижелерін атап өтіп, Тәуелсіздік жылдарындағы қазақстандықтардың табысының өсіміне тоқталды. – Біз үшін ең қиын болған жылдарда мен мыңдаған жас қазақстандықтарды әлемнің үздік университеттеріне жібердім. Бүгінде озық білім беру жүйесін Қазақстанда қалыптастырамыз. Оның өзегі Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев университеті болмақ, – деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық сақтау ісі мен мәдениет саласындағы жетістіктерге де тоқталды. – Маған өз халқыммен бірге тәуелсіз Қазақстанды құру мәртебесі бұйырғанын мақтан тұтамын. Қиын заманға қарамастан халқым менің бастамаларыма әрдайым қолдау көрсетті. Соның арқасында біз барлық нәтижелерге қол жеткіздік. Мен еліміздің халқына ризашылығымды білдіремін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Сонымен қатар «Nur Otan» партиясының Төрағасы Қазақстанның одан әрі табысты дамуын біздің бағдарымыздың сабақтастығы ғана қамтамасыз ететінін айтты. – Төртінші өнеркәсіптік революция талаптарына сәйкес елімізді технологиялық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамытудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Цифрландыру және инновацияны енгізу есебінен еңбек өнімділігі мен экономиканың бәсекеге қабілеттілігі артты. Осы ауқымды жұмыстардың бәрі бүкіл қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған, – деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев Конституция бойынша өзіне бекітілген өкілеттіліктерге сәйкес Отанымызды өркендету үшін жұмыс істей беретінін айтты. – Мен төраға болып қала беретін Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында атқаратын жұмыс көп. Қоғамдық келісім мен ұлтымыздың бірлігін нығайту үшін ісімізді жалғастыра береміз. Қауіпсіздік Кеңесін басқара отырып, мен өзімнің көпжылдық тәжірибемді ішкі және сыртқы саясатты анықтай отырып, елімізді дамытудың бірқатар негізгі мәселелерін шешуге бағыттаймын. Мен бұрынғысынша ең ірі «Nur Otan» саяси партиясының Төрағасы болып қала беремін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев таңдап алған саяси және экономикалық бағдар сабақтастығының сақталуына партия кепіл болуға және белгіленген міндеттердің бәрін жүзеге асыруға тиіс екенін айтты. – Жаңғырудың тиімділігін, соның ішінде партияның «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Ауыл – Ел бесігі» және «Халыққа көмек» жобаларын жүзеге асыру аясында әрбір қазақстандықтың сезінуіне қол жеткізуіміз керек, – деді «Nur Otan» партиясының Төрағасы. Қазақстанның Тұңғыш Президенті қазақстандықтардан өз атына көптеген хат келіп жатқанын айтып, қазақстандықтардың достығы мен құқықтарының теңдігі өзгермейтініне сенім білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты еліміздегі жоғары лауазымға лайықты үміткер екенін айтып, оның Отан алдындағы сіңірген еңбегі мен жеткен жетістіктеріне тоқталды. – Қасым-Жомарт Тоқаев менімен бірге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қызметтің түрлі саласында жұмыс істеді. Ол – ұзақ жылдар Сыртқы істер министрлігіне жетекшілік етіп, Қазақстанның сыртқы саясатын бірге қалыптастыруға атсалысқандардың бірі. Оның дипломатиялық дәрежесі шетелде жоғары бағаланады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болғанын және тәжірибелі мемлекет саясаткері екенін жақсы білесіздер, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Сондай-ақ Елбасы республикалық қоғамдық сайлау штабының жұмысын үйлестіруді тапсырып, азаматтардың барлық санатымен жұмыс жүргізудің қажеттілігіне назар аударды. Соңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті қазіргі жағдайда тұрақты дамып, өсіп-өркендеу үшін халықтың бірлігі бекем болуы және барша қазақстандықтардың бірлесе күш-жұмылдыруы қажет екенін атап өтті. – Біз бұл кезеңді еш қиындықсыз еңсеретінімізге сенімдімін. Біздің мақсатымыз – халқымыздың әл-ауқатын арттыру және елімізді одан әрі ілгерілету. Мемлекетке құрмет көрсету, азаматтардың бір-бірін сыйлауы – тұрақтылықтың белгісі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Съезде «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 9 маусымына белгіленген Қазақстан Республикасының Президентін кезектен тыс сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынып, ол қолдау тапты. Қасым-Жомарт Тоқаев зор сенім артқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа және партияластарына алғыс айта отырып, еліміздің одан әрі қарқынды дамуы жолында Тұңғыш Президент – Елбасының стратегиялық бағдарын жалғастырып, сабақтастықты қамтамасыз етуді өзінің ең басты міндеті деп санайтынын жеткізді. – Ең алдымен, бүгін маған зор сенім артып, «Nur Otan» партиясы атынан Қазақстан Президенттігіне үміткер етіп ұсынған Елбасыға шын жүректен алғыс айтамын! Мемлекетіміздің негізін қалаған ұлы тұлғаның маған артқан жауапкершілік жүгін бүкіл болмысыммен сезінемін! Сондықтан сенімге серт беріп, үлкен үміттің үдесінен шығу үшін бар қажыр-қайратымды жұмсаймын! Партия төрағасы, Елбасы 19 наурыз күні өзінің тарихи Үндеуінде: «Тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, мәңгілік елімізді сақтай біліңдер» деді! Әрбір қазақстандықтың жүрегіне жол тапқан бұл сөздер менің де бойтұмардай бұлжымас ұстанымым болады. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда құбыламыздан жаңылмау үшін біздің бағытымыз айқын! Байтақ елімізді бекемдеп, болашағымыздың бағдарын бекітіп берген Елбасы аманаты бізді биік белестерге жетелейді. Кешегіні ұмытпай, келешекті ұлықтау – киелі Тәуелсіздік алдындағы басты парызымыз! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың іргесі берік, өзегі мықты, қуатты мемлекет құрғанын айтып, еліміз осы бақты бағалай білгенде ғана асқар асуларды бағындыра алатынын жеткізді. – Кеңес Одағының құрсауынан шыққан Қазақстан күллі әлем мойындаған беделді елге және бейбітшілік белдеуіне айналды. Тұрақтылықтың, татулықтың, тұтастықтың арқасында тәуелсіздігіміз тұғырлы болды! Елінің ертеңін ойлаған Елбасы Есілдің бойына жаңа Елордамызды орнатты. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы дүние жүзі өкілдерінің басын қосып, ауқымды мәселелерді талқыға салатын жаһандық орталықтардың бірі ретінде қалыптасты. Рухани бай мұраларымыз зерделі ұрпақтың зейінін ашып, көне тарихты қайта жаңғыртты. Осының бәрі теңдессіз тұлғаның тегеурінді істері арқылы жүзеге асқанын дана халқымыз жақсы біледі! – деген Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президентіміздің жеңісті, жемісті жолын жалғастыруды аса мәртебелі міндеті әрі қасиетті парызы санайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ Елбасы айқындаған стратегиялық бағыт әрқашан айнымас бағдарымыз, адастырмас темірқазығымыз болатынын атап өтті. – Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан Елбасының көреген басшылығының арқасында кедейлік пен аласапыранды еңсеріп, тұрақтылық пен гүлденуге қарай бұрын-соңды тарихта болмаған теңдессіз қадам жасады. Тұңғыш Президент, Партиямыздың көшбасшысы бейбітшілік пен тыныштықтың, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімнің мызғымас негізін қалады. Елбасының айрықша күш-жігері мен көшбасшылығының арқасында біз жаңа мемлекет құрып, еліміздің бас қаласының негізін қалаушысы әрі бас сәулетшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталуға лайықты жаңа елордамызды салдық. Ең бастысы, Тұңғыш Президентіміз тұтас мемлекеттің жаңғыруы жолында табысқа ұмтылған сапалық тұрғыдан жаңа ұлттың негізін қалыптастырды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан Президенті сөзінің соңында тарихтың жаңа тарауын бастаған Егемен еліміз тағы бір маңызды кезеңнің алдында тұрғанын, Елбасының парасатты пайымы ел жылнамасында жасампаздықтың жарқын парағын ашқанын айта келе, «Осындай аса жауапты сәтте Елбасының сенімі, партияның қолдауы маған ерекше күш-қуат береді! Мен дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, игілік және әділет жолын ту етіп, қарқынды дамуды жалғастыруға бар күшімді саламын!» деді.