Адам өмірін Жол-көлік оқиғаларынан сақтау аса жауапты міндет
Адам өмірін Жол-көлік оқиғаларынан сақтау аса жауапты міндет
Кеше облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың төрағалығымен өңірдегі жол қауіпсіздігі мәселелерін талқылау бойынша жиын өтті. Еркебұлан Әбілханұлы 20 сәуір күні Қордай ауданында орын алған ірі жол апатының салдарына тоқталып, облыс аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарға қарамастан, соңғы кездері «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобаны бойында жол-көлік оқиғаларының жиілеп бара жатқанына назар аудартты. Жиында күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков баяндама жасап, көрсеткіштерге тоқталды. Оның айтуынша, облыста ағымдағы жылдың 3 айында жалпы 265 жол көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 20 адам қаза тауып, 431 адам әртүрлі жарақаттар алған. Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда тіркелген жол-көлік оқиғалар саны 0,4 пайызға (266-дан 265-ке), онда қаза болғандар саны 13 пайызға (23-тен 20-ға) төмендеген. Алайда әртүрлі дене жарақатын алғандар саны 9,4 пайызға (394-тан 431-ге) жоғарылаған. Бұл бағыттағы сараптама қорытындысы жол-көлік оқиғаларының басты себептері автокөлік жүргізушілерінің жолда жүру ережелерін, әсіресе жылдамдық тәртібін сақтамауынан туындап отырғанын көрсетеді. Айталық, ағымдағы жылдың 3 айында автокөлік жүргізушілерінің жылдамдықты асыруы салдарынан 70 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, оның салдарынан 5 адам қаза тауып, 129 адам әртүрлі дене жарақатын алған. Ал, жүргізушілердің жолда жүру ережелерін бұзуынан 129 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде 5 адам қайтыс болып, 177 адам жарақаттанған. Сондай-ақ жүргізушілердің масаң күйде автокөлік басқаруы салдарынан 19 жол-көлік оқиғасы орын алып, оның зардабынан 9 адам ажал құшып, 33 адам әртүрлі деңгейде жарақаттанған. Өз кезегінде облыстық ПД-нің жергілікті полиция қызметі басқарма бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Мұрат Байсеркенов республикалық мәндегі автожолдарда ҚР ІІМ бекіткен тиістілік нормасына сәйкес, 37 бірлік жетіспейтінін, аудандық ПБ-де бұл көрсеткіш 36 бірлікті құрайтынын айтты. «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Дәурен Төлтаев республикалық мәндегі жолдардағы барлық жол белгілерінің тиісті талаптарға сай орнатылғанын тілге тиек етті. Жиын қорытындысы бойынша Еркебұлан Әбілханұлы жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Атап айтсақ, жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын аумақтарда қажеттілігіне қарай қосымша жол белгілерін, дыбыс шығаратын жолақтар, элекронды-ақпараттандыру билбордтарын орнату, Күйік асуындағы ескі жолға бұрылатын айналма жолдарда жол-көлік оқиғасының жиі орын алуына байланысты апатты тұйықтың, Байзақ ауданындағы «Алматы-Ташкент-Термез» автомобиль жолының 485, 489 шақырымдарында айналма жолдардың құрылысын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру, «Қауіпсіз жол» акциясын өткізу, аталмыш акция барысында автобустар мен жүк көліктерінің жүргізушілеріне жол ережелерін сақтауға, жолда сақ болуға шақыратын арнайы брошюралар тарату, масаң күйде көлік тізгіндеуге жол бермеу үшін рейдттік шараларды тұрақты түрде ұйымдастыруды қамтамасыз ету, Күйік асуының қауіпті аймақ екенін назарға ала отырып, онда патрульдік полиция экипажын бекіту, штаттық құрам бойынша нақты ұсыныс беруді жүктеді.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.