- Advertisement -

Ілгерілеу орнына, кері кетуде

63

- Advertisement -

Ауылшаруашылығын дамытуға жылма-жыл бөлінетін қаржы көлемі ұлғаймаса, азайған емес. Алайда, олар жергілікті жерлерде қалай жұмсалуда? Жоспарланған мәселелер дер кезінде, мақсатты игерілуде ме? Ең маңыздысы – осы.

Мәселен, биыл облысымыздағы ауылшаруашылығы саласын қолдауға барлығы 6412,2 миллион теңге бөлініпті. Бірінші жартыжылдыққа жоспарланған қаржының 99,8 пайызы игерілген. Ағымдағы жылы 44,7 мың гектар жерге картоп пен көкөніс-бақша, 92,7 мың гектарға майлы дақылдар, 15,8 мың гектар жерге жүгері, 180,8 мың гектарға мал азықтық дақылдары өсірілуде.
Қазіргі таңда облыста масақты дәнді дақылдарды жинау жұмыстары жүруде. Негізгі жиналатын егіс көлемі 241 мың 765 гектар болса, бүгінде оның 198 мың 927 гектары орылып, 155 мың 806 тонна астық алынған.
Өткен жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара, жылқы, түйе, қой мен ешкі саны біршама артқан. Тек шошқа мен құс саны кеміген. Ауылшаруашылығы өнімдерінің өндірісі де ұлғайыпты. Өткен 6 ай ішінде 44,1 мың тонна ет өндіріліп, өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 8,9 пайызға артқан. Сүт өндіру де кемімеген. Тек жұмыртқа саны былтырғымен салыстырғанда 4 пайызға азайған.
Ауыл тұрмысын жандандырып, өркендету үшін оған мамандар тарту – аса маңызды. Соның негізінде түзілген «Дипломмен ауылға» жобасы аясында биыл жарты жыл ішінде ауылдық елді мекендерге барған 234 маманның әрбіріне 129 мың 640 теңгеден жәрдемақы берілген. Ауылға барған 45 маманның әрқайсысы 2,778 миллион теңге көлемінде несие алып, тұрғын үймен қамтылған. Бұл жөнінде облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиев журналистермен өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, облыста «Сыбаға» бағдарламасы аясында биыл 3300 аналық бас сатып алу жоспарланса, оның әзірге 984-і ғана алынып, жоспар 29,8 пайызға жүзеге асқан. 3000 басқа арналған жоспарлы бордақылау алаңдарының да небәрі 38 пайызы орындалып отыр. Асыл тұқымды мал репродукторларын құру мақсатында 1100 аналық бас әкелу межеленгенімен, бірінші жартыжылдықта 222 аналық бас қана жеткізілген.
Облыста көкөніс тапшылығын болдырмау мақсатында салынған 407 жылыжай бар. Бірақ, бұл ішкі қажеттіліктің бар-жоғы 32 пайызын ғана құрайды. Бұл межені де келесі жылға дейін жүз пайызға жеткізуге тиіспіз. Осылайша жарты жыл ішінде жүз пайыздық жоспардың тым болмаса жартысы орындалмай отыр. Атқарылған істер аз емес, әрине. Алда әлі алты ай бар. Дегенмен, жыл соңына дейін жоспарды жүз пайызға жеткізу үшін басқарма басшысынан бастап, барлық қызметкерлері әлі біраз тер төгулері қажет-ақ.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support