Мәдениет

Балғын Өнерпаздар бақ сынады

Балғын Өнерпаздар бақ сынады

Жастар жылына орай «Үздік.kz» орталығының ұйымдастыруымен Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық Мәдениет үйінде тұңғыш рет өнерлі оқушылар арасында «Talеnts of Kazakhstan» атты өнер байқауы өтті. Байқауда «Бүлдіршін топ» 4-5 жас, «Кіші топ» 6-10 жас, «орта топ» 11-13 жас, «Үлкен топ» 14-16 жас, «Білімгерлер тобы» 16-25, «Ересек топ» болып бөлінген өнерпаздар «Аспапта орындаушылық», «Дәстүрлі ән», «Вокал», «Хореография», «Көркемсөз», «Театр» аталымдары бойынша бақтарын сынады. Кіші топта Алима Назарбекова фортепиано аспабымен К.Дебюссидің «Маленький негритенок» шығармасын орындаса, Айбол Қырықбайұлы домбырамен халық күйі «Жастар биін» көпшілік назарына ұсынды. Ерболат Хамиди скрипка, Гарик Гуланян флейта аспабында өнер көрсетті. Орта топта меркілік Еркебұлан Нәрікбай Құрманғазының «Сарыарқа» күйін, тараздық Гилани Ким Е.Доганың «Сонетін», байзақтық Нұрбақыт Әлібай халық күйі «Арынғазыны» орындап, жұрттың көңілінен шықты. Үлкен топта байзақтық Гүлжанат Айтаханова Димитрескудің «Шаруа биі», сарысулық Гүлнұр Шайқыстанова М.Маңғытаевтың «Қорқытты еске алғанда», қаратаулық Асылбек Қырықбаев Иса Байзақовтың «Желдірме», шулық Жантөре Қайролла Құлшардың «Кербез керік» шығармаларын жоғары шеберлікпен орындады. «Білімгерлер» тобында Алматы облысынан келген Жанел Нұратдинова Құрманғазының «Саранжап» күйін, талдықорғандық Қаракөз Халиева Ықыластың «Қазан» күйін шеберлікпен жеткізді. Өзге де облыстардан өнерпаздар қатысты. Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталып, оларға диплом және бағалы сыйлықтар берілді. «Біз бұл байқауды биыл алғаш ұйымдастырып отырмыз. Істі бастау қиын. Сайысқа қатысуға ниет білдірген барлық талапкерлерге рахмет. Келесі жылы сырт облыстан келушілер қатары көбейе түседі деп ойлаймын», – деді байқауды ұйымдастырушы, «Үздік.kz» орталығының басшысы Жанар Қорғанбекова.

 

Есет ДОСАЛЫ