Актер, режиссер, композитор...
Актер, режиссер, композитор...
Мәлік Ақүрпековтің шығармашылық кеші табысты өтті
Жігітке жеті өнердің аз болатынын Мәлік Ақүрпеков тағы бір мәрте дәлелдеп тастады. Жұрт оны жайшылықта белгілі театр актері, режиссер ретінде жақсы танитын. Енді ол өнерсүйер қауымға өзінің жаңа қырын көрсетті. Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияда композитор Мәлік Ақүрпековтің шығармашылығына арналған «Жамбылым – жыр әнім» атты ән кеші өтті. Кеш барысында елімізге және облысымызға танымал жезтаңдай әншілер Мәлік Ақүрпековтің жүрекке жылы тиетін шығармаларын шарықтата шырқады. Бұл күні Жанна Асанқұлова, Динара Диқанбаева, Бахром Муминов, Диас Әлібеков Сантөре Пірмановтың сөзіне жазылған «Жамбылым» әнін орындаса, Марғұлан Әлсейітов пен Сұлужан Әбенова және Фариза Досболова ақын Жұлдыз Бейсектің сөзіне жазылған «Әр қазақ менің бауырым», «Ғашық болып қалдым» секілді шығармаларды тыңдарман жүрегіне жеткізді. Композитордың бауыры, есімі елімізге белгілі әнші Гүлмира Ақүрпекова «Бауырларым» әнін шарықтата шырқаса, Қырғыз Республикасынан келген әнші Айпери Кульбаева бірнеше жаңа шығармаларды тарту етіп, жерлесімізге деген құрметін білдірді. Дүниеден өзі өтсе де өлеңі қалған ақын Есенқұл Жақыпбектің сөзіне жазылған «Қазақтың қасиетті шаңырағы» туындысын «Тараз» триосы өз деңгейінде орындап, елдің көңілін ауласа, Бақытжан Әліқұловтың сөзіне жазылған «Туған жер», Әкім Ысқақтың сөзіне жазылған «Оралшы», Балғынбек Имашевтің сөзіне жазылған «Бала достар» секілді әндерді Ғани Мәтебаев, Маралбек Бабақұлов, Индира Расылхан, Саят Медеуов шырқау шегіне жеткізе шырқап, залға жиналған жұртшылықты тебірентіп тастады. Әдемі әндермен әдіптелген кеш барысында Мәлік Ақүрпеков пен «Бозторғай» вокалдық тобы Қуаныш Қолқаевтың сөзіне жазылған «Әке, ана» әнін, концертке қатысқан барлық әншілер Жұлдыз Бейсектің сөзіне жазылған «Менің Отаным» шығармасын бірге шырқады. Кеш соңында мәдениет саласының ардагері Әлібек Әмзеев, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев, облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов композиторға жүрекжарды лебіздерін білдіріп, сый-сияпаттарын тапсырды. Әлібек Әмзеев Мәліктің кеудесіне «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін тақса, Дүйсенәлі Бықыбаев облыс әкімінің Құрмет грамотасын тапсырды. Соңыра сахнаға өңір басшысының ықылас гүлі қойылды. Осылайша жүрегі өнер деп соққан азаматтың кеші табысты түйінделді.
Табиғат Мұсылманқұл.
Тараз қаласы.
Суретті түсірген Алтынбек Қартабай.