Саясат

Бірлігі бар ел озады

Бірлігі бар ел озады

Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 9 маусымда өткізу туралы шешімі ел Конституциясына сай қабылданып отыр. Оның үлкен саяси маңызы бар. Ел өміріндегі саяси мәні де зор болмақ. Себебі еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сақтап қалу үшін билік ауысымы үдерісін барынша тезірек аяқтау қажет. Бұндай қадамды біз ішкі тұрақтылығымызды берік ете түсу үшін де жасауымыз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үндеуін тыңдай отырып, ел болашағы үшін қабылданған оң шешім екенін түсіндім. Бұл – Қазақстан халқы және оның келешегі үшін жасалған маңызды қадам. Ширек ғасырдан астам уақыт ішкі ауызбіршілігін нығайтып, ортақ мақсат төңірегінде топтасқан қазақстандықтар алдағы бағыт-бағдарын айқындап алуы үшін тарихи таңдау жасауға міндетті. Бұл шешімнің маңыздылығы да осында. ТМД мемлекеттерінің ішінде Қазақстан оқ бойы озық шығып, Азия аумағындағы көшбасшы мемлекеттердің біріне айналды. Елбасы Н.Назарбаевтың еліміздегі жасаған сарабдал саясатының арқасында әлемнің алпауыт елдерімен иық тіресіп, бәсекеге қабілетті ел болдық. Біз тыныш, бейбітшілік заманда өмір сүріп келеміз. Іргесі мығым еліміздің тыныштығы сіз бен біздің қолымызда. Дана халқымызда «Бірлігі бар ел озар» деген сөз бар. Ынтымақта, бірлікте, ұйымшылдықпен жұмыс атқарып, елімізде орын алып жатқан өзгерістерге оң ықпалымызды тигізсек, нұр үстіне нұр болмақ. Сондықтан алдағы 9 маусымда өтетін Президент сайлауына біркісідей атсалысып, дауыс берейік. Елдігімізді, ерлігімізді көрсету әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы деп білемін.

Жанат ЖҰМАДІЛДАЕВ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Сарысу ауданы.