Саясат

ТАРИХИ ТАҢДАУ ЖАСАймыз

ТАРИХИ ТАҢДАУ ЖАСАймыз

Бір қуанарлығы, біздің ортамызда қазіргі Қазақстанның тарихын жасауға атсалысып жатқан жалынды жастар баршылық. Олардың арасында жас ғалымдар, актерлер, спортшылар, әншілер, ауыл шаруашылығының мамандары, жеке кәсіпкерлер бар. Әрқайсысы өз кәсібін терең меңгеріп, адал еңбек етуде. Сол талпыныстарына қарай, өз салалары бойынша мол табысқа кенеліп, жетістіктерге жетіп жатқандары да көп. Кез келген мемлекетте адамның өмір сүруі мен дамуына мүмкіндік беретін үш алып күш бар. Олар – білім, жұмыс және баспана екені сөзсіз. Бұл факторлар, әсіресе жастар үшін аса маңызды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы дәл осыған ерекше назар аударып, ірі қалаларда жұмыс істейтін, білім алатын жастарды баспанамен қамтуды тапсырып, жастар бизнесіне қолдау көрсетудің жолын айқындап бергені белгілі. Жастар стартаптарын қолдау Қорын құру, студент-волонтерлардың шәкіртақысын көтеру, жас ғалымдардың жобаларын қаржыландыру, студенттік құрылыс қозғалыстарын дамыту, сонымен қатар жас отбасыларға қолдау көрсету мәселелері – биылғы Жастар жылында шешімін тауып, одан кейінгі жылдары да тиімді шаралар қабылданады деген сенім мол. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында бүгінде Отанымыз әлемдік аренадан өзіндік орын алып, дамыған елдермен иық теңестіріп келеді. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», демекші елімізде ең алдымен өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, саналы азамат болуына барлық жағдай қарастырылған. Соның бір көрінісі – биылғы Жастар жылы. Бұл жастардың ертеңге деген сенімін қалыптастырып, өмір сапасын арттыру үшін қоғамда белсенді болуға итермелейтіні анық. 9 маусым күні өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы – әрбір қазақстандықтар үшін тарихи күн болары анық. Барша қазақстандықтар осынау маңызды қадамның мәнін терең түсініп, ел келешегін айқындайтын сәтте немқұрайдылық танытпайды деп сенемін. Мемлекет басшысын таңдау дегеніміз, бұл елдің болашағын таңдау деген сөз. Сондықтан да барша азаматтарды сайлауға белсенді қатысуға шақырамын. Ел Президентін бірге таңдайық!

Расул БЕДЕЛБАЕВ, «Жастар ресурстық орталығының» директоры.

Қордай ауданы.