Саясат

Партия жобалары халықтың әл-ауқатын арт тыруға бағыт талған

Партия жобалары халықтың әл-ауқатын арт тыруға бағыт талған

Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінде «Nur Otan» партиясының облыстық филиалының кезектен тыс ХХV конференциясы өтті. Күн тәртібіне сәйкес, алқалы жиында партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті XVIIІ съезінде берген тапсырмаларының орындалу барысы талқыланып, партияның кезектен тыс XIX съезіне делегаттар сайланды. Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов аталған жобалардың өңірдегі әлеуметтік ахуалды жақсартуға тигізер ықпалына тоқталды. – «Бақытты отбасы» партиялық жобасы бойынша еліміздегі тұрмысы төмен отбасылар мен тұрғын үйге аса мұқтаж жандардың қатарын азайту көзделуде. Сәйкесінше, көпбалалы отбасыларға әлеуметтік жеңілдіктер жасау жолдары қарастырылады. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасының басты мақсаты елді мекен тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға арналған. Ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамыту, оған жастарды белсенді түрде тарту көзделген. Осы жоба бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, алдағы үш жылда 18-ден 35 жас аралығындағы 2 мың жас өндірістік сынақтан өтеді. Жалпы жобада өз ісін ашамын деген жастар арасында бизнес-ортаны қалыптастыру үшін кәсіпкерлікке оқыту мен бизнес жобаларын қорғау жолдары қарастырылып отыр. Бұған облыс бойынша республикалық бюджеттен бөлінетін 2 769 311,0 мың теңгеге барлығы 104 жоба жүзеге асырылатын болады, – деді Ерқанат Нұрбапаұлы. Қазірдің өзінде өңірде Nur Otan партиясының XVIII съезінде қабылданған «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы шеңберінде «Халыққа көмек» жобасы бойынша жұмыстар басталып кетіпті. Бүгінгі күнге дейін тұрғындардан 550 өтініш түсіп, олардың 183-і оң шешімін тапқан. Қалғандарына заңнамалық талаптарға сәйкес түсіктеме берілген екен. «Құтты мекен» жобасы шеңберінде азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мен халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі көтерілгені белгілі. Сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау нысандарының қолжетімділігі, инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық саласын жетілдіруге басымдықтар берілген. Таза экологиялық ахуалды сақтау мәселелері де басты назарда. Мысалы «Нұрлы жол» мен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын жүргізуге «Құтты мекен» жобасы бойынша 2019 жылға республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңге қаралып отыр. Бұл жобаның түпкі нәтижесінде сапалы нысандар мен инфрақұрылым жүйелері халық игілігіне ұсынылатын болады. Бақуатты қоғам құруды көздейтін алдағы онжылдықта атқарылатын он мақсатты жүзеге асыру – барша қазақстандықтардың ортақ міндеті. Жиында Ерқанат Манжуов «Nur Otan» партиясы ұсынып отырған ауқымды жобаларды іске асыру – бір адамның, болмаса бір ұйымның мәселесі емес, барша қоғам болып атқаратын аса жауапты іс екенін алға тартты. Партияның XVIIІ съезінде елдің әл-ауқатын арттыру, өңірлерді дамытуға бағытталған нақты жұмыстар мен жоспарлар айқындалып, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев барша қоғам алдына ауқымды міндеттер қойып, партияның «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» және «Халыққа көмек» жобаларын ұсынған болатын. Бұл – «Nur Otan» партиясына, атқарушы билікке берілген тапсырма. Жиында осыны баса айтқан облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Асқар Мырзахметов алдағы онжылдықтың он мақсатын іске асыруға байланысты өңірімізде қолға алынған жұмыстарға кеңірек тоқталды. – Әр өңірдің өзінің ерекшелігі бар екені белгілі. Соған сай біз республикалық заңнамаларға қоса, облыстық деңгейде тиісті іс-шаралар мен арнайы жоспарлар бекіттік. Үкімет пен облыс әкімдіктері, «Nur Otan» партиясы мен басқа да мемлекеттік құрылымдар бұл жұмыстарды белсенді түрде іске асыруға кірісіп кетті. Айталық «Бақытты отбасы» аясында бұрынғы әдістеме бойынша аз қамтылған 15 мыңдай отбасы ғана атаулы көмек алып келсе, жаңарған ережеге сәйкес оның саны 30 мыңға жетіп отыр. Одан бөлек, тұрмысы төмен отбасыларды қамтитын 3 жылдық бағдарлама жасалды, – дей келе, әр жобаға қадау-қадау мысалдар келтіріп, алдағы атқарылар жұмыстардың барысын таныстырып өтті. Бүгінге дейін жобаны іске асыру мақсатында облыс бойынша көптеген түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы кездесулер өткізілген. Осыған байланысты «Бақытты отбасы» партиялық жобасын іске асыруға арналған кешенді «Жол картасы» әзірленіпті. Онда әрбір маңызды шараның іске асырылу мерзімі нақтыланып, жауапты органдар белгіленген. Асқар Исабекұлы қазір облыста 44 мың 100-ден аса көпбалалы және 14 мың 800-ден аса аз қамтамасыз етілген отбасы бар екенін айтты. Ал еліміздегі күн көрістің ең төменгі деңгейі 70 пайызға көтеріліп, 20 мың 800 теңгеге жетіп отыр. Соған байланысты өңірде әлеуметтік көмек алушылардың саны да арта түскен. – Бүгінде аймақта тұрмысы төмен 29 мың 650 отбасының әлеуметтік картасы қайта жасалды. Тұрғын үйге аса мұқтаж азаматтар үшін облыс бойынша 10 жатақхана үлгісінде үй салу мәселесі қолға алынды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта әрі қарай өз жалғасын таба бермек. Жалпы осындай мақсатты жұмыстарды табысты аяқтау нәтижесінде еліміздегі тұрмысы төмен отбасылар мен тұрғын үйге аса мұқтаж жандардың қатарын азайту көзделуде, – деді өңір басшысы. Облыс әкімі партияның «Ауыл – ел бесігі», «Халыққа көмек», «Құтты мекен» жобалары аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы да тілге тиек етті. Бұл жобалар тұрғын үй құрылысы, автомобиль жолдары мен транспорттық инфрақұрылым, электр, газ және сумен қамтамасыз ету сияқты әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын қарастыратыны белгілі. Сол себепті Асқар Исабекұлы аталған жобаларды тиянақты іске асыру үшін жамбылдықтарды біркісідей жұмыла атсалысуға шақырды. Сонда ғана өзге облыстарға да үлгі бола алатындығымызды баса айтты. 23 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласында партияның кезектен тыс ХІХ съезі өтеді. Соған байланысты «Nur Otan» партиясы өз кандидаттарын ұсынуы тиіс. Жиында филиал төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат 30 делегатты таныстырып өтті. Оның 8-і –партияның саяси кеңесінің мүшелері және Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары.

Альмира Омарова

Тараз қаласы.