Жантүршігерлік жол апаты
Жантүршігерлік жол апаты
11 адам қаза тауып, 31 адамға медициналық көмек көрсетілді
Өткен сенбі күні облыс аумағындағы «Алматы-Ташкент» автожолының бойында ірі жол апаты болды деген суыт хабар бұқаралық ақпарат құралдарынан бастап, барлық желіні шарлап кетті. Жол-көлік апаты 20 сәуір күні таңғы сағат 04:15-те Қордай аумағында орын алды. Аталған автожолдың 181-шақырымында «Toyotа Camri» жеңіл автокөлігі осы бағытта жүріп бара жатқан Mersedes-Bens 814 жүк көлігінің артына соғылған. Апат салдарынан жеңіл көлікте отырған әйел оқиға орнында көз жұмады. Сол сәтте Шымкент қаласынан Алматы қаласына бағыт алған «Van Hool» автобусы апатқа ұшыраған көлікті айналып өтпек болып, аударылып кетіп, 8 жолаушысы оқиға орнында қаза болады. Көлік ішінде болған 46 азаматтың 44-і Өзбекстан азаматы. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков, облыс прокуроры Ж.Құсайынов, облыстық полиция, төтенше жағдайлар департаменттерінің және қорғаныс істері басқармасының басшылары оқиға орнына дереу аттанды. Зардап шеккендерге жедел көмек көрсетуге облыстық денсаулық басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов бастаған 3 оташы-дәрігер тікұшақпен аудан орталығына жеткізілген. Өкініштісі, бүгінде жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқандардың саны 11 болды. 31 адамға әртүрлі деңгейдегі медициналық көмек көрсетілді. Құзырлы органдардың мәліметі бойынша, қазіргі уақытта ауруханадағы тоғыз адамның үшеуі жансақтау бөлімінде. Дәрігерлер олардың жағдайларын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалап отыр. Жансақтау бөліміндегі үш адамның бірі – Өзбекстан азаматы. Аурухананың әртүрлі бөлімінде ем қабылдап жатқан өзге алты адамның екеуі Өзбекстанның, қалғаны еліміздің азаматтары. Зардап шеккендердің ішінде балалар жоқ. Апатқа қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
«Aq jol-Aqparat».