Жер жырт, егін ек, бақша өсір
Жер жырт, егін ек, бақша өсір
Бүгінде жер жердегі көктемгі егіс-дала жұмыстарының нағыз қызған шағы. Аудан диқандары да соқа-сайманын сайлап, алқап басында уақытпен санаспай еңбектену үстінде. Өңірдегі суландыру жүйелері қалпына келтіріліп, тоғандар арнасының тазалануы олардың еңбегіне серпін беріп, ертеңгі күнге деген сенімдерін да арттырып отыр. Жалпы ауданда 5 мың гектардан сәл ғана асатын суармалы егістік жер бар. Биыл арпа оның – 1000, жүгері – 1000, тары – 300 гектарына егіліп, өсірілуі жоспарланған. Одан бөлек күнбағыс – 96, картоп – 112, көкөніс – 207, бақша дақылдары – 331 гектар алқапқа орналастыру көзделуде. Бүгінде 2444 гектар жерге егілген мал азығы көпжылдық шөп те құлақтанып, жайқала өсіп келеді. Қазіргі уақытта диқандар арпа егу жұмыстарын аяқтап, алқапқа «дала аруы» дәнін себуді бастап кетті. Көктемгі егіс жұмыстары Биназар ауылдық округінде де қызу жүргізілуде. Округ аумағында биыл 573 суармалы жер алғаш рет айналымға енгізіліп отыр екен. Оның 150 гектарына жүгері себілу үстінде. Егіс басында жүрген биназарлық диқан Қамбар Атаевтан жұмыс барысын сұрап білдік. – Жылдағы кәсібіміз ғой. Биыл да ерте бастан қамданып, ерінбей жерімізді өңдедік. Енді дән себуге шығып отырмыз. Көктемнің әрбір қолайлы сәтін ұтымды пайдалануға күш салудамыз. Өзімнің иелігімде 40 гектар суармалы егістік жер бар. Оны тұтастай игеріп, жүгері сеуіп жатырмын. Бұрындары ағын су болмағандықтан, шаруалардың көбі егістіктерін тастап кетуге мәжбүр болған еді. Ендігі жерде тоғандар тазартылғанын, каналдарға су да түсетінін естіп, олар да өздеріне тиесілі алқаптар басына қайта оралуда. Су – тіршілік нәрі. Онсыз өнім қайдан болсын? Биыл еккен егінім бітік шығып, төккен терімізді ақтайды деген үміттемін, – дейді ол. Себік жұмыстары Күшаман, Бірлік ауылдарында да қызу жүріп жатыр екен. Бірліктіктер биыл дәндік жүгеріні 350 гектар жерге екпек ниетте. «Құрдастар» шаруа қожалығының жетекшісі Еркебұлан Жұбаев аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының ақыл-кеңесімен Алматы қаласындағы тұқым зертханасынан жүгерінің «Будан» тұқымын әкеліп сеуіп жатқанын айтты. Жалпы ауданда себік ісі бір-екі аптаның ішінде мәреге жетеді деп межеленіп отыр.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Мойынқұм ауданы.