Экономика

Өзімізде өндірілген өнімнің алуан түрлері тұр

Өзімізде өндірілген өнімнің алуан түрлері тұр

Көктем айын халқымыз «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы» деп бейнелеп айтады. Шынында бұл – қорадағы мал азып, ұрадағы қысқа сақтаған азық-түліктің түгесілер сәті. Осындайда базардағы азық-түлік бағасының да шарықтап шыға келетіні белгілі. Жылыжайда өсірілген қияр, қызанақ, басқа да көкөніс түрлері көпшілік үшін қолжетімді емес. Ал ауылдағы диқан қоймасында сақталған ауыл шаруашылығы өнімдерін қазір өткермесе өніп, бүлініп кетуі әбден мүмкін. Сатушыға да, алушыға да тиімді жол – біреу. Ол – ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін жиі ұйымдастыру арқылы біріншіден, шаруалардың өндірген өнімін өткеруге мүмкіндік жасау, екіншіден, халықты арзан, әрі табиғи азық-түлікпен қамтамасыз ету екені баршаға мәлім. Осы орайда аптаның әрбір сенбі-жексенбі күндерінде қалалық коммуналдық базар аумағында облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан жәрмеңкеге келушілердің ұтпаса, ұтылмайтыны анық. Өткен аптаның демалыс күндерінде де тараздықтар осындай шараның игілігін көрді. Кестеге сәйкес бұл жолы тұтынушыларына Тараз қаласы және Байзақ, Қордай, Талас, Жуалы аудандарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен тұрақтандыру қоры азық-түлік өнімдерін ұсынды. Олар осы күні бір күнде екі жерде – қалалық коммуналдық базарда және әскери қалашықта жәрмеңкелер өткізіп, халықтың сұранысын өтеуге күш салды.

Жәрмеңке барысында жалпы құны 8,7 миллион теңгені құрайтын 35,7 тонна ауыл шаруашылығы тауары сатылымға шығарылды. Азық-түлік өнімдері қатарында атап айтқанда, 4 тонна жылқы, сиыр, қой және тауық еті бар. Сондай-ақ 1,4 тонна сүт, 1 тонна шұжық, 1,3 тонна балық, 0,3 тонна бал, 0,5 тонна кондитерлік, 1 тонна макарон, 23,5 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері саудаланды. Арнайы жүк көлігімен жеткізілген Жуалының тәтті картобы да базардың кіреберісінен орын алыпты. Байзақ ауданының «Гәкку Әулие-Ата құс» фабрикасының бір өзі 1 тоннаға жуық тауық еті мен 2 мың дана жұмыртқа алып келіпті. Күн жауынды-шашынды болса да базарға келушілердің қатары көп-ақ. Жәрмеңкенің тұрақты тұтынушысы Жанат Ұзақбаева 1,5 кило тауық етін, сары май, айран сатып алыпты. «Жәрмеңкенің осылай жиі ұйымдастырылып тұрғаны қандай жақсы. Бұрын Т.Рысқұлов ауданында тұрғанмын. Қалаға көшіп келгеніме он жылдан асты. Қалада тұрсақ та ауылдың, қолдың майын, айранын сағынамыз. Өткен базарда Ақтоғанның жоғары сұрыпты бір қап ұнын, 1300 теңгеден сиыр етін,125 теңгеден макарон өнімдерін қажетімізше сатып алдық. Әрбір жәрмеңке ұйымдастырылған сайын картоп, сәбіз, әсіресе сүт өнімдерін көбірек алып қалуға тырысамыз. Өйткені мұнда өнімдер базардағы нарыққа қарағанда арзан әрі біз сияқты зейнеткерлер үшін қолжетімді» – дейді ол. «Сабыр» шаруа қожалығының сатушысы Рәткүл Бүркітбаева жәрмеңкеге 30 кило ірімшік, 75 литр сүт, айран мен қаймақ, 20 қадақ сарымай әкеліпті. Ол жәрмеңке басталғалы бері оған тұрақты түрде келіп, қатысып, өнімдерін нарықтағыдан 10-15 теңгеге арзан бағамен өткеретінін айтты. Ал Қордай ауданындағы «Мөлдір» шаруа қожалығының сатушысы Шынар Шәңгереева сүт өнімдерінің ондаған түрін әкеліпті. Арасында тары мен талқан да бар. Бір сағаттың көлемінде 40 литр сүт сатыпты. Басқа сауда нүктелерінде де тауарлар тез өтіп кетіп жатты. Алайда бұл жолы сиыр мен жылқы еті тез таусылып қалды. Картоп пен сәбізге де сұраныстың молдығы байқалды. Тауарлардың тез әрі түгел өткені – тұтынушыларына ұнағандығынан да болар. Кестеге сәйкес келесі аптада тұтынушыларға Тараз қаласы мен Жамбыл, Сарысу, Т.Рысқұлов, Шу аудандарының тауар өндірушілері мен әлеуметтік тұрақтандыру қорының азық-түлік өнімдері ұсынылатын болады.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.