Бесінші микроауданда

97

Осылайша ұмтылады асуға,
Осылайша жабылады шашуға.
…Жез денеден майы шығып жігіттер,
Сексен үйге төсек-орын тасуда.

Машинаға қой-қозыша жамырап,
Барлығына барлығы ұнап, бәрі ұнап,
Кіріп жатыр төсек – шәйнек, кілем боп,
Құтты орынға сексен бірдей шаңырақ.

Әр жәшікте кітап та көп, көп шеге,
Күш түседі мойын, қолға, өкшеге.
Қабырғасы қайыспайды ешкімнің,
Жығылмайды шалынысып кетсе де.

Ас үйінде өз жарына жабысып,
Шаршап, күліп, шарабыңнан тағы ішіп,
Сүйектері қуаныштан буланып,
Буланғандар бір-бірімен танысып…

Елден келсең, енді үйіне келіп көр,
Қарсы алады жары күліп, күліп төр.
Ауылынан ала келген мінезбен
Айғайлайды ақ көңілден жігіттер.

Бір өзі енді билейді бар бөлмені,
Қарайды кеп қарағандай көрмені.
Қабырғасы ақ кірпіштен қаланған
Балконында текеметтің өрнегі.

Қос түзелді – көркейеді енді өмір,
Қара, қара, ең ғажайып көрме бұл.
…Аз ба, көп пе, сегіз жылдай тосып ем,
Пәтер тойын тойлар ма екем мен де бір?!

Жұматай ЖАҚЫПБАЕВ

Comments are closed.