Экономика

Жаңа спорт кешені

Жаңа спорт кешені

Б. Момышұлы ауылында бой көтеруде

Аудан орталығы – Б. Момышұлы ауылында жаңа үлгідегі спорт кешені соғылуда. Оның құрылысына облыстық бюджеттен 254 миллион теңге бөлінген. Бүгінде бұл қаржының 150 миллион теңгесі игерілген. Нысанның құрылысын «Ынсап» ЖШС жүргізуде. Үш қабатты кешеннің ұзындығы – 50,5, ені 24 метрді құрайды. 

Құрылыс басында 60 адам еңбек етіп жүр. Оның 50 пайызын жергілікті жердің азаматтары құрайды. Қазіргі таңда жұмыс қызу жүруде. Ғимараттың әкімшілік бөлігіне бетон құйылып, спорт кешенінің сыртына жазғы шағын футбол және баскетбол алаңын салу жұмыстары қатар жүргізілуде. Учаске бастығы Отжан Сексенбаевты сөзге тартқанымызда, ол: – Жұмыстың басталғанына төрт ай болды. Материал жеткілікті. Техника да тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Нұралхан Испанов, Қуаныш Жанпейісов және Жеңіс Боранбаев басқаратын бетон құюшы, темір дәнекерлеуші және тас қалаушы бригадалары тынымсыз еңбек етіп жатыр. Құрылысты 31 желтоқсанда аяқтау жоспарланған. Біз қыркүйекке дейін нысанды тұрғызып, одан әрі ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізетін боламыз. Алдағы аптада кешеннің айналасын абаттандыруды қолға алмақпыз.

Марат Құлибаев, журналист.

Жуалы ауданы.