Аймағымыз алып құрылыс алаңына айналды
Аймағымыз алып құрылыс алаңына айналды
Кез-келген мемлекеттің әлеуеті мен даму деңгейі жүргізіп жатқан құрылыс ауқымынан айқын аңғарылады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауларында еліміздің алып құрылыс алаңына айналғаны туралы жиі айтып келеді. Оның экономикамызды алға сүйреуші қуатты күш екеніне қазақстандықтардың, оның ішінде жамбылдықтардың да көзі айқын жетуде. Кейінгі кезде мемлекет қазынасынан бұл салаға қыруар қаржы бөлініп, әлеуметтік және өндірістік нысандар салынуда. Заманауи үлгідегі ғимараттардың бой көтеруіне байланысты Тараз қаласының аумағы ұлғайып, жаңа келбетке ие болды. Ауылдық елді мекендер де дамудың даңғыл жолына түсті. Мұның өзі халықтың әл-ауқаты мен тұрмысын жақсартуға игі ықпалын тигізуде. Бүгінде қабылданған мемлекеттік бағдарламалар аясында халыққа аса қажетті әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеруде. Әсіресе, халықты баспанамен қамтамасыз етуде орасан жұмыс қолға алынуда. Облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев осы салада қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы әңгімелейді.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Құрылыс – экономика локомотиві» деп текке айтпаса керек. Еліміз инвестиция тарту, осы саланы дамыту нәтижесінде әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарынан көрінуге ұмтылуда. Кейінгі он жылда құрылыс салу қайта қарқын алды. Мәселен, облыста осы салаға біздің басқарма арқылы 2010 жылы 18 миллиард теңге қарастырылса, үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш 35,6 миллиард теңгені құрады. Ағымдағы жылдың алты айының қорытындысында оның 19,3 миллиард теңгесі игеріліп, белгіленген тапсырма 97,2 пайызға орындалды. Бұрынғы жылдары бұл көрсеткіш 92-95 пайыздан артпайтын. Биыл облыста білім саласы бойынша 30 нысанның құрылысын жүргізуге республикалық және жергілікті бюджет есебінен 9,75 миллиард теңге қарастырылған. Осы мерзімде оның 99,3 пайызы игерілді. Осы мерзімде Қордай ауданының Кенен ауылында, Шу ауданының Бәйдібек ауылында және Жамбыл ауданының Жаңаөткел ауылында үш мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Жамбыл ауданының Түрксіб ауылында және Меркі ауданының Андас батыр ауылында екі балабақша тапсырылды. Он нысан жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі. Қалған 15 нысанның құрылысы келесі жылы бітеді. Денсаулық сақтау саласына биыл да қомақты қаржы бөлінді. Республикалық және жергілікті бюджет есебінен 31 нысанның құрылысына бөлінген 5,9 миллиард теңгенің осы мерзімде 4 миллиард теңгесі игеріліп, белгіленген тапсырма 94,4 пайызға орындалды. Осы мерзімде Байзақ ауданының Көктал ауылында 25 келушіге арналған медпункт, Меркі ауданы Қостоған, Қордай ауданының Сарыбұлақ ауылдарында, Талас және Сарысу аудандарындағы орталық емхана және ауруханалардың қазандығы іске қосылды. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айына дейін 21 дәрігерлік амбулатория және дәрігерлік пункттер пайдалануға беріледі. Қалған 5 нысанның құрылысы келесі жылы аяқталмақ. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша үстіміздегі жылы үш нысанға 34,8 миллион теңге бөлініп, алты айдың қорытындысында 34,6 миллион теңге игерілді. Белгіленген тапсырма 99,4 пайызға орындалды. Байзақ ауданының Көктал ауылында – 25, Қордай ауданының Сарыбұлақ ауылында – 30 және Меркі ауданының Қостоған ауылында 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория келушілерге есігін айқара ашты. – Өңіріміздегі ең өзекті мәселенің бірі – баспана. Оны шешу жолында қолға алынып жатқан шаралар туралы кеңінен әңгімелесеңіз... – Бүгінгі таңда мемлекет және облыс басшылығы осы мәселеге ерекше көңіл бөлуде. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын жүзеге асыруда көптеген игілікті істер қолға алынуда. Бағдарлама аясында 2014 жылға 8 нысанның құрылысына 2,4 миллиард теңге бөлініп, осы мерзімде оның 1,1 миллиард теңгесі игерілді. Соның нәтижесінде кезекте тұрған азаматтар қоныс тойын тойлап, үлкен қуанышқа бөленуде. Үстіміздегі жылдың жарты жылының қорытындысында Қаратау қаласындағы 5,7 мың шаршы метрді құрайтын 120 пәтерлі тұрғын үй, Тараз қаласында «Бәйтерек» шағын ауданында 5,1 мың шаршы метр бес қабатты 75 пәтерлі, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жүйесі арқылы бес қабатты 65 пәтерлі бір тұрғын үй пайдалануға тапсырылды. Тағы да үш нысан жыл соңына дейін, қалған екі нысан келесі жылы ел игілігіне беріледі. Биыл жалпы облыс аумағында 255,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру көзделуде. Қазірге дейін 105,9 мың шаршы метрі тапсырылды. Бұл бағытта өткен жылмен салыстырғанда 5 пайыздық өсіммен алда келеміз. Біз бұған жобалық-сметалық құжаттарды уақтылы жасау, құрылысты уақытында бастау және мердігер ұйымдардың өз істерінде мол тәжірибе жинақтауы нәтижесінде қол жеткізудеміз. Тараздағы «Агроспецстрой» және «Комстроймонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тұрғын үй салуда үлкен тәжірибе жинақтады. Келесі жылы құрылысшылардың алдына 400 мың шаршы метр тұрғын үй тапсыру міндеті қойылып отыр. Бұған біздің мердігер компаниялардың әлеуеті толық жетеді. Бірқатар мердігерлер жаңа технологияларды кеңінен қолданып, құрылысты индустриялық-инновациялық әдіспен жүргізуде. Индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында «Бином Grouр» Тұрғын үй комбинаты жобасын іске қосты. Бұл жоба бойынша ірі қабырғалық панельдер шығарылады. Ғимараттарды осындай материалдармен тұрғызудың артықшылығы көп. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға осы компания көп үлесін қосатын болады. Бағдарлама аясында Тараздағы Сабалақов көшесінің бойындағы 362 гектар алқапта көпқабатты және жеке тұрғын үйлер бой көтереді. Бұл – шаһардағы он бесінші шағын аудан болады. Қазір оның жобалық-сметалық құжаттарын жасау қолға алынуда. Келесі жылы мұнда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізіледі. Автобекеттің шығыс жағындағы 100 гектар аумақта да тұрғын үйлер салынады. 2015-2016 жылдары осы аумақта инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу басталады. Келесі жылы осында Онкологиялық орталықтың құрылысын жүргізу көзделуде. «Бәйтерек» шағын ауданындағы нысандарды салу келесі жылдың соңына қарай толық аяқталады. «Арай» және Құмшағал алқаптарында инфрақұрылым жүргізіліп бітуге таяу. Қолға алынып жатқан шаралардың барлығы баспана мәселесін оңды шешуге игі ықпалын тигізері сөзсіз. – Басқа салаларға да қыруар қаржы қарастырылып жатқаны қуантады... – Үстіміздегі жылы облыста 3 ауданда спорт кешені салынуда, Шу өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілуде. Ауылшаруашылығында, қоршаған ортаны қорғау салаларында маңызды нысандар бой көтеруде. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы, әлеуметтік қамтамасыз ету салалары бойынша 2014 жылға 39 нысанның құрылысын жүргізуге 7,5 миллиард теңге қарастырылған. Қазірге дейін жоспардағы 3,8 миллиард орнына, 3,5 миллиард теңге игерілген. Осы мерзімде 14 нысан пайдалануға берілген. Қалған 25-і келесі жылы іске қосылмақ. – Облыс аумағындағы автомобиль жолдарының осыдан он бес жыл бұрынғы алаңдатарлық жағдайын көп адам ұмыта қойған жоқ. Оның қазіргі жағдайын тілге тиек етсеңіз? – Елбасының тікелей қолдауымен, еліміз, оның ішінде облысымызда жол жөндеуге қомақты қаржы бөлінуде. Соның нәтижесінде аймақтағы әбден тозып, жарамсыз болып қалған жолдың дені қалпына келтірілді. Үстіміздегі жылы бұл мақсатқа 7,507 миллиард теңге қарастырылды. Оның 1,683 миллиард теңгесі – республикалық, 4,991 миллиард теңгесі – облыстық және 833 миллион теңгесі аудандық бюджеттерден. Облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қарасты жалпы ұзындығы 2241 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар автожолдарды жөндеу мен күтіп ұстауға 2,6 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат есебінен биыл 19 шақырым жол күрделі, 334 шақырым автожол және 4 жасанды ғимарат орташа жөндеуден өткізілуде. – Кез-келген салынатын нысанның бағасы қолжетімді және сапалы болуы құрылыс материалдарына тікелей байланысты. Бұрын олардың шеттен тасылуынан мердігер компаниялар үлкен қиындықтарды бастан кешіріп келді. Қазіргі жағдай қалай? – Көзі қарақты, көкірегі ояу азаматтар базбір мердігер ұйымдардың ғимарат соғу үшін құрылыс материалдарын шетелдерден тасығанын жақсы біледі. Әлбетте, бұл ең әуелі нысанның құны қымбат болуына әкеліп соғады. Екіншіден, жергілікті өндірушілердің өнімдері өтпейді. Соңғы кезде бұл мәселе де жолға қойылып келеді. Бұрын құрылысқа қажетті материалдың 70 пайызы сырттан тасылса, қазір ол осы мөлшерде жергілікті жерде өндіріледі. Сондай-ақ, қазақстандық үлес мәселесі де дұрыс жолға қойылып келеді. Көптеген компаниялар қажетті материалды еліміздің аумағынан сатып алады. Облысымыздың аумағы инертті материалдарға бай. Сондықтан да құм мен тас толық өзімізде өндіріледі. Индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында Мойынқұм ауданында іске қосылған «Мыңарал тас компания» ЖШС мердігерлерді цементпен қамтамасыз етеді. «Арайстроймаркет» ЖШС Индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында таяуда жылу батареяларын шығаратын цехты іске қосады. Қуатты кәсіпорындардың жұмыс істеуі нәтижесінде облысымыз аралық жабынды плиталармен 90 пайызға қамтылған. Жер-жерде есік-терезе жасайтын цехтар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап келеді. Тауарлық бетон 100 пайыз өзімізде әзірленеді. Гипс және полимер материалдарынан да тапшылық жоқ. Кірпішті көп өндіруге деген ұмтылыс та қуантады. Байзақ ауданындағы «Базасервис» кәсіпорны соңғы үлгідегі сапалы кіріпіш шығарады. Тараздағы «Кірпішші» зауыты өзінің жабдықтарын толық жаңартты. Мұның өзі оларға өнім өндіруді арттыруға және сапасын жақсартуға оң ықпал етуде. Біз бүгінде негізінен әйнек және әрлеу жұмыстарына қажет плиталарды сырттан тасымалдаудамыз. Келешекте олар да өз облысымыздың аумағында шығарылатын болады. – Жолаушылар тасымалдау көлігінде не жаңалық? – Тұрғындар жүргізушілердің қызмет көрсету сапасына ұдайы реніш білдіріп жатады. Осы келеңсіздікті жою жолында бүгінде барлық автобустарға навигациялық жүйе орнатылуда. Оның өзі оларды қадағалауда елеулі нәтижеге қол жеткізуде. Осы қондырғы арқылы бағыттан ауытқыған, оған шықпай қалған яки кешіккен автобустарды шұғыл анықтау мүмкіндігіне ие болудамыз. – Бұрын облыс басшылары жобалық-сметалық құжаттар уақтылы әзірленбейтінін, дер кезінде сараптамадан өткізілмейтінін жиі сынға алатын. Соның салдарынан құрылыс кеш басталып, пайдалануға беру мерзімі созылып кететін. Мұның өзі оның сапасына да кері әсерін тигізетін. Қазіргі жағдай қалай? – Соңғы екі жылдан бері бұл мәселе дұрыс жолға қойылды. Құрылысы қолға алынатын нысандардың жобалық-сметалық құжаттары былтыр әзірленіп, үстіміздегі жылдың қаңтар айына дейін сараптамадан өткізілді. Соның нәтижесінде мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізуде іркіліске жол берілген жоқ. Үстіміздегі жылдың 14 қаңтарында «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында енді мемлекеттік сатып алу конкурстары үшін құжаттар электрондық нұсқада қабылданады. – Жұмыс ауқымының ұлғаюына байланысты мердігерлерден тапшылық сезіліп жатқан жоқ па? – Өз істерінде мол тәжірибе жинақтаған мердігер компаниялар қатары көбейіп келеді. Биыл 176 мердігер құрылыс саласына тартылды. Оның 155-і жергілікті кәсіпорын. Жалпы, басқа да құрылыс салып жатқан жеке кәсіпорындарды қосқанда облыста бұл салада 20 мыңға жуық адам еңбек етуде. 500-ге жуық нысанда құрылыс жүргізілуде. Олардың арасында «Тараз құрылыс дизайн», «Құлагер», «Тараз көлік жолы», «Армстрой» және «Арайстроймаркет» сияқты серіктестіктер нысандарды жылдам әрі сапалы салуымен ерекшеленуде. – Барлық жұмыс сапасымен бағаланады. Бұл бағытта қандай шаруалар қолға алынуда? – Бұрын техникалық қадағалаушыларға 2-3 нысан бекітілетін. Қазір әр нысанда бір осындай маман қадағалаумен шұғылданады. Біз оларды басқармада айына бір рет жинап алып, атқарылған жұмысына талдау жасаймыз. Міндетін дұрыс атқармағандарға ескерту жасалады. Облыста білікті техникалық қадағалаушылар жетіспейді. Біз оларды оқытып, даярлауға күш салудамыз. Сапаны жақсарту үшін бізге арнайы мамандандырылған тәуелсіз зертханалар керек. Құрылыс жүргізетін компания штатына «Сапа инженері» деген маман енгізу керек. Кемшіліктердің жолын кесуде олар маңызды рөл атқарады. Біз бұл ұсыныстарымызды республикадағы құзырлы мекемелерге жібердік. Бұл ұсыныстар оңынан шешілсе, нұр үстіне нұр. Сөзімнің соңында облыстағы барша құрылысшылар қауымын кәсіби, төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларына амандық, зор денсаулық, еңбекте мол табыс және игілік тілеймін.
Ақылжан Мамыт, «Ақ жол».