Мамандар марапатталды
Мамандар марапатталды
Мыңдаған шаршы метр тұрғын үй, әлеуметтік нысандар салып, жол құрылысына қатысқан өз ісінің үздік мамандары «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында бас қосты. «Құрылысшы күні» кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған марапаттау рәсіміне партия төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат, облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев қатысты. Жиынды құттықтау сөз сөйлеп ашқан Ш. Тілеумұрат:
– «Қай елде құрылыс жүріп жатса, сол елдің экономикасы қуатты» деген. Ол сөздің жаны бар. Сонау тоқсаныншы жылдары біз құрылыс жүргізбек тұрмақ, үйдің шатырын ауыстыруға шамамыз келмейтін. Ал, бүгінде әлемге танылған Астанамыз бой түзеп, қыруар құрылыс нысандарын салдық. Облысымызда да жаңа шағынаудандар, мыңдаған шаршы метр тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Солардың барлығының басында жүрген өздеріңіз, яғни, құрылысшылар. Сіздер арқылы бізді әлем таныды деп айтсам артық емес. Сондықтан өздеріңізді төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, мықты денсаулық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деді де, он шақты құрылысшы азаматты «Нұр Отан» партиясының Құрмет грамотасымен марапаттады. Бұдан кейін талай нысанда қолтаңбасы бар құрылысшыларды Р. Байтелиев құттықтады. Ол өз сөзінде: – Құрылысшылар жер бетіндегі бейбіт, жасампаз мамандықтың иесі деп білемін. Елбасымыз «Құрылыс – экономика локомотиві» деп атап көрсеткен болатын. Бұл – құрылысшыларымыздың еңбегіне берілген зор баға. Өйткені, сала мамандары әр өңірдің экономикасына сүбелі үлес қосып келеді. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын іске асырудағы құрылысшылардың қолтаңбасын ерекше айтуға болады. Мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасын ел игілігіне айналдыруда құрылыс саласы мамандарының еңбегі өлшеусіз. Жалпы, барлық дерлік бастама құрылысшылар көмегінсіз іске асуы екіталай, – деді де, еңбегі елеулі бірқатар құрылысшыға облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Ал, мереке иелері өздеріне құрмет көрсеткен ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».